Бас тақырып

Ғаламмен тілдескен, жаһанмен үндескен

1961 жылы 12 сәуірде Қазақс­танның Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кораблі ғарышқа аттанды. Бұл – адамзат тарихындағы ұлы бетбұрыстың, арман мен ақиқат тоғысқан сәтінің нышанды күні. Осы күн – жер орбитасына алғаш рет адам табаны тиген, ғарышқа жол ашылған ерекше уақыт. Тек ғарышкерлер үшін емес, айтулы дата – ғылымға жанын арнаған жандардың да мерекесі. Себебі, 1961 жылдың дәл осы тәулігінде ғылым саласы да жаңа дәуірге қадам басты. Әлемнің ой-санасында алтын әріппен жазылған тарихи оқиғалардың бірі де дәл осы – адамзат баласының ғарышты алғаш бағындырған сиқыр­лы сәті.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Осы жолдың көшбасында халқымыздың маңдайына біткен дара тұлға тұр. Ол – Тоқтар Әубәкіров. 1991 жылдың 2 қазанында Алаштың Тоқтары адамзат тарихындағы, әсіресе, Тәуелсіздігін енді ғана жариялаған қазақ елінің ғарышқа аттанған тұңғыш өкілі болды. Бұл оқиға – тек ғылыми жетістік қана емес, егемендік алған елдің рухын көтерген тарихи бетбұрыс еді. Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» кемесімен көкке самғап, бір апта бойы маңызды ғылыми эксперименттер жүргізді. Оның ғарыштан жасаған бақылаулары – металлургия мен биотехнологиядан бастап, экология мен медицинаға дейінгі ауқымды салаларды қамтыды. Арал теңізі маңындағы экологиялық апат аймағына қатысты жинаған нақты деректері тұзды шаң мен улы аэрозол­дардың таралуын дәл көрсетті. Бұл зерттеулер – табиғатты қорғау ісіндегі бетбұрыс ғана емес, туған жерге деген терең жанашырлықтың да айғағы. Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары – ғылым мен отансүйгіштікті ұштастырған, тарихта алтын әріппен жазылған теңдессіз ерлік. Тоқтар Әубәкіров – жаңа дәуірдегі қазақтың көкке ұмтылған арманының асқақ ақиқатқа айналған символы.

Ал, Талғат Мұсабаев – қазақтың екінші ғарышкері – ғарышта үш рет болып, ел тарихында елеулі із қалдырды. 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен алғаш ұшып, 126 күн ғарышта болған. 1998 жылы екінші мәрте ғалам төріне самғап, 208 күн бойы көкте еңбек етті. Сол сапарында бес мәрте ашық ғарыш кеңістігіне шығып, 30 сағат 8 минут аспан төсінде қалқыды. Осы ерлігімен ол Гиннестің рекордтар кітабына да енді. 2001 жылы үшінші мәрте ғарышқа ұшып, сол жолы 8 күн көкте болды. Жалпы алғанда, Талғат Мұсабаев ғарышта 341 күн 9 сағат 48 минут өткізді – бұл шын мәнінде, таңғажайып тарихи оқиға.

2015 жылы 2 қыркүйекте қазақ ғарышкерлерінің қатарын Айдын Айымбетов толықтырды.

Ақзер әлемде 180-нен астам мемлекет бар. Алайда, солардың ішінде ғарышқа өз перзентін ұшырған елдердің саны саусақпен санарлық қана. Ғарыш төрінен табылу – кез келген ұлт үшін үлкен мәртебе, теңдессіз жетістік. Себебі, ғаламға жол – ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерін, үлкен дайындық пен терең білімді талап ететін күрделі сала. Ал, бір ұлттан үш немесе одан да көп ғарышкер шыққан мемлекеттер – бар-жоғы тоғыз ел ғана. Сол аздаған алпауыттардың қатарында – қазақ елі де бар.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button