Қаламгерге – құрмет
Сөз – ойдың, бейненің және дыбыстың үйлестігі. Яғни, материяның бар екенінің көрінісі. Сөзді белгілі бір формаға енгізу арқылы кез келген құбылысты көзге көрінетіндей етеміз. Содан да болар, ең бірінші «сөз» пайда болды делінеді. Хакім Абай айтқан «өлмейтін сөз» де – осының бір көрінісі. Ал, сол сөз арқылы ел тарихын қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етіп қалдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, ҚарЛаг туралы алғаш қалам тербеген жазушы Екатерина КУЗНЕЦОВА осы қатарда. «Сіздің очерктеріңіз арқылы Қарағанды қаласының тарихын өткен жылдар көзімен көруге мүмкіндік алдым!». Бұл – облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қаламгерді 80 жасқа толуына орай арнайы қабылдау кезінде айтқан сөзі болды.
Екатерина Борисовна Кузнецова (Колоколова) 1938 жылдың 2 мамырында Қытай Республикасының Далянь қаласында, аудармашының отбасында дүниеге келген. 1954 жылы отбасымен КСРО төңірегіне көшіп келіп, 1956 жылы Қарағанды қаласында орта мектепті аяқтаған. Ал, 1961 жылы Алматы қаласындағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдап, содан бері мамандығына адалдығын танытып, алғаш «Қарағанды комсомолы» газетінде, кейіннен облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде табан аудармастан еңбек етті. Облыс әкімі сыйлығының «Мамандыққа адалдық» аталымының алғаш үміткері атануы да еңбегінің жемісі.
Біз Екатерина Борисовнаны ҚарЛаг тақырыбында алғаш зерттеу жүргізген журналист ретінде білеміз. Облыстық, республикалық қана емес, шетелдік баспа құралдарында ҚарЛаг тұтқындары туралы материалдарын жариялаған журналист 25 жыл қатарынан тұтқындардың хаттары мен естеліктерін жинап келеді.
Е.Кузнецованы құттықтауға «Лингва» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н.Бөкетова, облыстық мұрағат директоры Ж.Тұрсынова, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Төреғожин, журналистика ардагері А.Жанғожин, «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары С.Песнев те келді.
Кездесуге келгендер Екатерина Борисовна туралы ойларымен бөлісті. Уақыт өткінші, ал, адам психологиясы он жеті жасқа дейін қалыптасатынын айтып, журналиске өлең жолдарын арнаған Н.Бөкетова өзінің құрметін білдірді. Ж.Тұрсынова мерейтой иесін құттықтап, мұрағатта журналистің жазған мақалалары, журналист туралы мақалалар қатарының әлі де болса толығу үстінде екенін және болашақта бұл материалдардың қажеттілікке жарайтынын айтты. Ал, жастық кезеңдері бірге өткен О.Төреғожин болса, Е.Кузнецованың зерттеулері мен жарияланымдары ең жоғары мақтауға ие үлкен еңбек екенін атап, Қарағанды халқының атынан алғысын білдірді.
Екатерина Кузнецова болса, өзін «арманы жоқ, реалист адаммын» дейді. Біраз уақыттан бері өзі туралы естелік жазуға талпынса да, қолы бармай жүр екен. Себебі, өзің туралы жазғаннан өзгенің өмірін жазу оңайырақ дейді. Қанша жыл өтсе де саяси репрессия құрбандарына айналғандардың ұрпақтары әлі күнге дейін қоңырау шалып, көмек сұрағандарға қолынан келгенше көмектесуден жалықпаған.
– Қасіретті тарихи жылдарды ұмытуға болмайды. Өскелең ұрпақ тарихты ұмытар болса, оны қайта бастан өткеру қаупі бар. Өткенді естен шығаруға болмайды. Ендігі ұрпақ мұндай зұлматқа жол бермейді деген үміттемін, – дейді Е.Кузнецова.
Салтанат Ильяшова