Қаламгер өнегесі
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Қасым Орынбетовпен кездесу өтті. Тағылымды шараны журналистика кафедрасы ұйымдастырды. Кеудесі қазынаға толы ақсақалдың өнегелі әңгімесін Қарағандының зиялылары мен студенттер тыңдады. Сонымен қатар, қарияның туған қызы Мақпал Орынбетованың «Әкем айтады…» деп аталатын кітабы таныстырылды.
Автордан бөлек оқырманның және әдебиеттанушылардың пікірінше, мұндай кітап Қазақстанда жоқтың қасы. Себебі, кітапқа Қасым ақсақалдың өнегелі һәм қазақы қоңыр әңгімелері енген. Мақпал Орынбетова әкесінің дастархан басында айтатын әңгімелерін қағазға түсірген.
– Әкемнің денсаулығы сыр берді. Отбасымызбен алаңдап қалдық. Өмір мен өлімнің арасында тұрды десек те болады. Сонда менің күйеуім «Шіркін-ай, адамның миындағы құнды ақпараттарды алып қалатын технология болса ғой!» деп армандағаны есімде. Әкем дастархан үстінде қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты, басқа да тарихи деректерге қатысты әңгімелерін айтып отыратын. Соның бәрі – құнды. Әкемнің сырсандығынан шыққан сөздерді қағазға түсіруге бел будым. Сөйтіп, «Әкем айтады…» деген кітаптың басы басталды. Сол әңгімелерді әлеуметтік желіге дүркін-дүркін жариялай бастадым. Оқырманның көңілінен шықты. Қызу талқылана бастады. Тарапымызға жылы лебіздер жетіп жатты, – деді Мақпал Орынбетова.
Қасым Орынбетов кешегі өткен Алаш алыптарының көзін көрген, солардан тәлім алған. Көзкөрген. Ұстазы – әдебиет зерттеушісі, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин. Атақты Нарманбет Орманбетұлының немересі. Осы дарын тегінен, ана сүтінің уызынан дарығаны сөзсіз.
Мәлік Ғабдуллиннен басқа Қасым ақсақал тәлім алған Алаш алыптарының тізімі ұзақ. Міне, осындай қарияның әңгімесін студенттер ұйып тыңдады. Сауалдарын қойды. Сұхбат құрған ақын, белгілі ғалым Қойлыбай Асанов та Қасым Орынбетов хақында толғана сөйлеп, өмірі мен шығармашылық жолына тоқтады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.кz