Жаңалықтар

Қаламгер Өмір Кәріпұлы – 85 жаста

Сурет автордан

Қаламгер Өмір аға Кәріпұлының биылғы 85 жасқа толуы қарсаңында оқырмандардың осынау даңғайыр суреткердің осы уақытқа дейін қаламынан туған шығармаларын еске алып, өзінше ой түйетіні анық. Жазушылық жолын өлеңмен бастаған оның «Сарыбел сазы», «Ескі табан», «Атаның баласы», «Серілер мен перілер», «Белес» сияқты кітаптарындағы қыруар әңгіме, хикаяттар, «Бұрқақ», «Тайталас» романдары, басқа да жанрда жазылған дүниелері – бәрі де оны сарабдал суреткер деңгейіне көтерді…

Сөз жоқ, сексеннің бел ортасына ентікпей, еңселі күйінде жеткен қаламгердің оқырман қауымымен жүздес­пекші болуы әлдебір сый-сияпат, марапат дәметуі емес, ағынан жарылып, халқымен сырласуы, оған есеп беруі деп қабылдадық. Жасырмайық, біз құрапылардың көбі кезінде әйгілі классиктердің, олардан кейін шыққан серпімді топ өкілдерінің дүниелерін іздеп жүріп оқыдық, алайда бір өзі қазақтың рухани шүйгіндігінен нәр алып, содан қанаттанып, ұлт рухының жоқшысы боп жүрген еңбекқор қаламгер Өмір Кәріпұлының шығармаларын оқуды сәл кештеу бастаппыз. Оның үстіне жазушы әдеби орта қалыптасқан Алматыда немесе қалалардың бірінде емес, ауылда ғұмыр кешіп келеді, біздің кештеу қозғауымызға ол да себеп болған сияқты. Ертеректе Алматыдағы бір ықшам басқосуда Сер-аға (С.Қиратаев), Н.Ғабдуллин, Б.Соқпақбаев, т.б. ғалымдар мен жазушылар ортасында болғаным бар. Сонда Бердібек Соқпақбаев өз романында айтқандай, «Ауылда тұрғым келді, әйгілі жазушылар Түргенев, Толс­той, бертіндегі Шолоховтар ауылда тұрды ғой, бірақ мен олардай бола алмадым, әдеби ортада болу үшін Алматыға келдім, шынымды айтсам, ауылды әлі де сағынамын», – деп отырды. Ауыл біздің Өмекең үшін өзінің ақ пейілі мен тазалығындай, күнәдан пәк, періштеден таза, табиғаттай бұла, бәріміздің қанаттанған киелі ұямыз ғой,…міне, жазушы сол ауылдан ұзаған жоқ, өзіне абырой, даңқ әкелген өлмес туындыларын дүниеге әкелді. Ол үшін ауыл тек киелі атамекен ғана емес, адамтану ілімін меңгеруге алғышарттар жасаған ұлы даланың өркениеті мен мәдениетін аңғартқан кеңістік еді. Біздің пайымдауымызша, Ақселеу Сейдімбек ұлы дала мәдениетін ғылыми тұрғыдан саралап дәйектесе, Өмір Кәріпұлы құдіретті сөз өнерімен кескіндей алды. Ол дүние жүзін аралап, елес қуған жоқ, қиял-ғажайыпқа толы оқиға, құбылыс іздеген жоқ. Өнерге, әдебиетке қатысты түрлі дау-дамай, текетірестерге барған жоқ. «Мен ұлымын, атақтымын» деп кеудесін керген жоқ. Өзін тірісі бар, бақилық боп кеткені бар, ешқандай классикпен қатар тұрмын деп те есептеген жоқ. Ол қаймағы бұзылмаған күні кешегі қазақ қоғамының толық болмаса да, жұқанасын сақтап қалған ауылдан өз кейіпкерлерін тапты, солармен бірге жүріп, бірге тұрды, солар жұтқан ауамен тыныстады. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс иірімдерін біздің мына беймаза, аласұрған, арпалысқан, күнәкар (тоталитарлық тәртіп бодандық қамытын кигізген) дәуірімізге астарлап алып келіп, қалың оқырманымның санасына ишаратпен, …«Осы біз кімбіз? Не үшін өмір сүріп жатырмыз? Біздің өмір сүрудегі мақсат, мұратымыз, өміріміздің мәні мен мазмұны неде?» деген сауалдарды сіңірді. Соның нәтижесінде әңгіме, хикаяттарындағы Нияз, Бейіс, Дүрбек, Қадір, Сарыауыз, Шырын, Дастан, Әбіләш, Ораз, Ақбөпіш, Әбілмансұр, Абылай, «Тайталас» романындағы Есей, Таңғалды, «Бұрқақ» романындағы Ақтан, Алсулар дүниеге келді. Түрлі мінез иелері. Осылардың көркем бейнесін сомдаймын деп жазушы әдебиет қаншалықты жерден уақыттық мәнге ие десек те, сол өзі суреттеген кезеңнің заман ығына жығыла кетер жылпос, жылмақайына айнала алмады. Оған кедергі келтіріп, ондай қадамға барғызбаған да сол қазақтың тектілік мінезі еді… Бір ой келіп отыр. Егер ақ-қараны қапысыз айыратын, қара қылды қақ жаратын әрі әділ, әрі қатал сарапшы (оппонент) табылып, күні кешегі дәуірде қазір өзіміз мансұқтау жатқан уақытқа қалтқысыз қызмет еткендерді анықтап, бірін ақтап, бірін кінәлап «үкім» шығарса, (әрине, халқымның көсегесін көгертеді деп сенген, алайда, үміттері ақталмайтынын кеш ұққан тұлғаларды жаппай кінәлау ессіздік), біздің қаламгер ағамыз Өмекеңнің шашына шаң жұқтырмай, еңселене түсетініне бәс тіге аламыз. Зерделей қараған жан Өмір Кәріпұлының стихиясы тоталитаризм идеясын емес, ұлтының мына жұмыр жердің бетінде ғұмыр кешіп жатқан ұлт пен ұлыстың көбінен бәсі биік, рухы асқақ еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқаятын әрі дарқан, әрі мәрт қазақ елі, оның ғаламат бай тарихы, болмыс-бітімі, рухани дүниелерінің пәктігі, шұрайлы да шүйгінді екендігін аңсап, сағына отырып, кіршіксіз ақ қағазға түсіру еді. Осы міндетті абыроймен орындауға тырысқан суреткер киелі өнерде ешкімге ұқсамас өз сүрлеу, соқпағын салды, ешкімге еліктеп, тамсанып, таңқалып, солықтаған жоқ. Бір ғажабы, «стиль-адам» (Бюффон) тұрғысына ден қойсақ, қаламгер енген қазақ әлемі оны биіктетіп, көкке көтергенін, содан да болар, оның болмысындағы тектілікті, асқақтықты, дегдарлық пен қарапайымдылықты, қысқасы, азаматтық ажарының айқындығын, кісілік келбетінің кемелдігін бажайлай қараған жан бірден аңғарар еді. Ол өзін қоршаған ортаға, адамдарға жазушылық көзбен үңіліп, сол арқылы кез келген қаламгердің өмірдегі орнын анықтауға ұмтылды. Жан әлемі таза, жарамсақтану табиғатына жат осынау азаматтың, кісінің көлгір мінезіне, аласалығына күйініп, шалт мінез танытса, ол да киелі өнердің ықпалынан шыға алмаған кіділік еді дегеніміз орынды.

Ол сомдаған кейіпкерлер әр қазаққа етене жақын. Кәдімгі өзімізді өзіміз тағы да біліп, танып, өз жүрегімізге өзіміз үңіліп, тәубемізге келіп тұрғандаймыз. Егер теориядағы жанрдың тарихи категория екендігіне ден қойсақ, бірер жайтқа назар аударғанымыз абзал: ол – саңылақ суреткердің дүниеге келтірген образдарының, олардың іс-әрекет, пиғыл, мінезінен туындаған алуан түрлі үлкенді-кішілі оқиға, құбылыстардың қатаң түрде бір арнада, бір жүйеге бағынуы. Мейлі, кешегі өмір немесе бертіндегі, тіпті, мына бүгінгі уақыт тұтаса келіп, жылын байқата қоймай қазақ атты ұлттың өзіне тән құндылықтарынан бастау алып, өмір атты ұлы керуен-көшті сұңғылалықпен суреттей өтуі Өмекеңе жоқшы деген атқа лайықтығын айғақ дер едік.

Осынау бір тұтастықтың, аса берік жүйенің үйлесіле табуы адам атты ең күшті, ең құдіретті жаратындыны шама-шарқынша зерделеу дейік, оны екінің бірі жүзеге асыра алмайды, Жаратушы ие әр пендесіне ырзық, несібе үлестіргенде, Өмір Кәріпұлына талант, дарынды да еншіге берген сияқты дейік, алайда суреткерді рухтандырып, қанаттындыратын жайтты қаламгер өзі тауып алған-ау деген пайымға келдік. Ол жайт, яғни, қаламгер талантына рух берген мыналар екен. Жазушы еркін, азат, ешкімге соқтықпаған, ешкімге бас имеген, әлемдік деңгейдегі жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына өлшеусіз үлес қосқан халқын, оның сонау замандардағы үміті мен күдігін, жасампаз рухын, ешкімді жатсынбайтын гуманизмін пір тұтып, соларға табынған екен. Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құба түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған, сөз бастаған жампоздар көп болған. Содан да болар, осылар қаламгерге өзгеше бір идеалға айналған да, автор солардың «тұтқынынан» босай алмай қалыпты, осы бертінге дейін менің пұшайман болған кезімнің куәсі болған деп, сырды жасыру үшін Абылай сұлтан Оразды өлтіріпті деген әрі ауызша, әрі жазбаша (тарихи романда бар) дүниелерде кездесетін әңгімені жоққа шығарып, тарихи дерекке бұлтартпайтын айғақтар тапқан екен. Мына ғаламатты қараңыз, өзі тұңғиығынан шыға алмай қалған әлемнен оның кейіпкерлері де «шыға алмай» қалған, ал бұның өзі суреткерге адам – уақыт – қоғам – тарих төрттабанына өз уақытының биігінен үңілуге мүмкіндік берген сияқты. Кешегі уақыт аясындағы кейіпкерлер белгілі бір дәрежеде бүгінгі кейіпкерлерге аз да болса, өз әсер-ықпалын тигізген ыңғайлы, сөйтіп, оның бүкіл шығармаларына тарихи сипаттарды дарытып тұрғандай… Дәстүр жалғастығы, сабақтастығы іспеттес…Ал, бұл сабақтастық қаламгерге ата-баба естелігінің үзік-үзік болмауына күш алғызғандай, ал Өмір аға адамзат зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандардың қатарына жататындықтан, тарихтың әлгі үзік-үзік жыртықтарын (біз тұтас тарихымыздан, тіл мен діл, діннен айырылуға шақ қалған ұлтпыз) аз шығармаларымен жамап, жасқауға ұмтылған. Қашан да дүйім халқының қуанышы мен қайғысын шығармашылығына терең арқау еткендер ғана халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқан биігіне көтерген болса, танымал деген атқа ие бола алады. Өмір Кәріпұлы қазаққа тән өзіндік ұлттық болмыстың күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра алды дегіміз келеді. Кешегі уақыт аясындағы қазақтың тектілікке негізделген, айрықша дараланып, шоқтығы биіктеп тұрған ұлттық болмыс-бітімі Өмекең бойындағы дала табиғатының мінезіндей стилі арқылы кескінделген, жазушының даланың еркін, қайсар мінезді перзенттерін іздеген сартап сағынышына ұласқан. Оның әңгіме, хикаяттары мен романдарындағы, публицистік еңбектеріндегі ұлттық бояудың шымқай айқындығына тәнті боласың, нәзік лиризм, тіл орамдылығы терең философия, ұтымды психологизм элементтері тұтаса келіп, тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да, өзінің тура пікірін тайсалмай айтатын қаламгерлердің қатарына Өмір Кәріпұлы сияқты қарымды қаламгерді де қосты дегенді баса айтқымыз келеді… Асылы, әдебиет – киелі өнер, оған эксперимент жасау күнәға жатады. Талантты жазушының өз идеалы, ұстанымы, шыңғырған шындыққа негізделген негізгі ой, идеясы болады. Өмекеңнің шырылдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұйқыны да, күлкіні де ұмытып, атай салып жүргені, жанын жегідей жеп жүрген жайт «қазақтың мойнынан қамыт түсті, яғни бодандықтан, тәубе, құтылдық, ал санадан ше?» деген сауалға жауап іздеуі еді… Қытымыр заман (бодандық дәуірі) артта қалды, сол замандағы қатал жүйенің аяз, ызғарын жеңетін адам жанының мейірімге толы, іңкәрлікке ұйыған, адалдық пен әділетке жүгінген жылуы болатыны анық. Ол – әдебиет. Өнер. Бұрын болған, бүгінгі уақытта да бар, ертең де бола береді. Оның өміршеңдігі де, мәңгілік ғұмыр кеше беретіндігі де өнерді жасаушыға байланысты.

Ал, адам баласы айта алмаған ақиқат, тылсым күш, киелі деп есептелетін жайттарды тек сол өнер туындысы ғана айта алады. Демек, бұрын да, бүгін де, ертең де ұлттық идеологияның қайнар көзі өнер болған, яғни, әдебиет. Өмір Кәріпұлы, міне, сол киелі өнерді жасаушы. Саф таза, періштедей бейкүнә өнерді. Осыдан біраз жыл бұрын, қаламгердің мерейтойына қатысты қаламызда өткен бір басқосуда Р.Қошқарбаевтың Б.Момышұлына қатыс­ты «…халық Баукең екеумізді батыр дейді, бірақ батырлық белгілерің қайда деп сұрамайды» дегенін келтіріп, сөз сөйлеп ек, соны тағы да қайталады деп есептесе екен жұртшылық… Өмір аға Кәріпұлы үшін ең өшпес белгі, жоғары мәртебе мен марапат ормандай оқырманының ықылас, пейілі, махаббаты мен сүйіспеншілігі дер едік…

Сарабдал қаламгер Өмір Кәріпұлы туралы көп айтуға болады. Біз мейлінше ықшамдап айтуға тырыстық. Сөз соңында өмірде де, өнерде де абыз ақсақал деңгейіне көтерілген Өмір аға Кәріпұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілегіміз келеді.

Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Басқа материалдар

Back to top button