Облыстық архивке Қазақстанның Құрметті журналисі Сұлтан Кемелбаевтың жеке құжаттары тапсырылды
Облыстық мемлекеттік архивіне Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Сұлтан Кемелбаевтың жеке құжаттары тапсырылды. Салтанатты іс-шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы және марқұмның үзеңгілес достары, ардагер журналистер қатысты. Сонымен қатар, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков пен облыстық «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Станислав Песнев те құрметті меймандардың қатарында.

Соңынан өшпес із қалдырған қаламгердің жеке мұрағатындағы құжаттарды облыстық мемлекеттік архивіне отбасы тапсырыпты. Жалпы 30-ға жуық құжат. Қызы Сәуле Кемелбаева «осы қадам әкеміздің ел үшін жасаған еңбегін ел жадында сақталуы үшін аса маңызды» деді.
– Әкеміздің жеке құжаттарын түгел тапсырдық. Өмірбаяны, шығармашылық жолы, әкімшілік жұмыстағы құжаттары, барлығы дерлік архивке табысталды. Әкем өзінің саналы ғұмырын, күш-қайратын облыстың өркендеуіне арнады. Журналистика саласында тер төкті. Өңірдің барлық жетістігін, күнделікті өмірін қаламына арқау етті. Облыстық «Индустриальная Караганда» газеті де маңызды құжаттарын табыс етті. Мақалалар, очерктер енді жас ұрпақтың еншісіне, – деді Сәуле Кемелбаева.
Сұлтан Кемелбаев облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде 13 жыл бас редактор болды. 1946 жылы 6 қыркүйекте Балқаш қаласында туған. Өзінің еңбек жолын Балқаштағы кен орындарының бірінде электрик болып бастаған. Лениниградтағы мемлекеттік университеттің журналистика кафедрасын тәмамдаған талантты һәм білімді журналист «Индустриальная Караганда» газетіне 1974 жылы корреспондент болып қызметке орналасқан. Алматыдғы жоғары партиялық мектептің де түлегі. «Труд», «Рабочая трибуна», «На гора» газеттерінде де қызмет атқарған. «Вечерняя Караганда» газетінің бас редакторы да болған. 1993-2006 жылдар аралығында «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымын басқарды. 2006 жылы «Шахтерская неделя» газетін де тізгіндеді.
Ардагер журналист, Сұлтан Кемелбаевтың қаламдасы, үзеңгілес досы Аман Жанғожин архивке тапсырылған құжаттар студенттердің дипломдық жұмысына арқау болатынын айтты.
– Сұлтан Кемелбаев – өте білімді, биік тұлғалы еңбекқор азамат еді. Кез келген тақырыпқа бара алатын өрелі журналист. Мұндай тұлғаның мұралары келешекте зерттелуі тиіс. Әсіресе, болашақ журналистер оның еңбектерін дипломдық жұмыстарына арқау етіп, үлгі алуы маңызды, – деді Аман Жанғожин.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы салтанатты іс-шараға келіп, құттықтау сөзін айтты.
– Бұл іс-шара тек бір ғана адамның ғұмырын ұлықтау емес, сол тұлғаның қаламына арқау болған тұтас өңірдің тарихына тағзым болып табылады. Өткенді ұлықтап, келешекке ізгілікпен қадам басу – жақсылықтың нышаны. Сұлтан Кемелбаевтың өмірлік жолы – мамандығына адалдық пен кәсібиліктің озық үлгісі. Ол журналистикадағы еңбегімен, елге деген махаббатымен жас ұрпақтың жадында сақталмақ, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»



