Руханият

Қаламен бірге қанаттанған

Көмірлі қаламызда биыл өзінің 90 жылдығын тойлап жатқан Қарағандымен тағдырын тығыз байлаған, сол қаламен бірге қанаттанған азаматтардың бірі, осында туып-өскен, осында мектеп, одан соң жоғары оқу орнын бітіріп, осында әр түрлі абыройлы қызмет атқарған, бүгінде 75 жасқа келіп отырған Қабдығали Нұрғалиұлы Оспанов.

Сурет: автордан

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы болатын. Қарағанды қаласы Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып Қабдығали Оспанов сайланды. Әдетте орынбасары болған адам бастығы кеткен соң оның орнын басушы еді. Бірақ ауданда бірінші хатшы қазақ болса, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы міндетті түрде басқа ұлттың өкілі болуы жазылмаған заң еді. Одан соң 1992 жылы атқару комитеті мен Кеңестер екіге бөлінгенде, атқару комитетінде Вера Михайловна Андреева қалып, Қабдығалиды халық депутаттары Киров аудандық Кеңесі Президиумының төрағасы етіп сайлады. Нағыз қиындық осы кезден басталды. (Ол қиындық 1995 жылы Киров ауданы әкімшілігінің басшысы болып сайланған соң да жалғасты).

Қабдығали Нұрғалиұлын жақсы білетін біздер оның қолынан қандай істер келетіндігін, ұйымдастырушылық қабілетінің молдығын сол кезде көрдік. Ең қиын болғаны – ақша жоқ. Бұл Кеңес Одағының тарап, өз ақшамыз әлі шықпай, күніміз Ресейге қарап қалған шақ болатын. Қыз­меткерлер айлық табысын, зейнеткерлер зейнетақысын ала алмай жүрді. Алса, екі-үш айда ғана қолына зорға тиеді. Жалақының орнына заттай тауарлар беріле бастады. Сол кезде аудан басшысы тыңғылықты іс атқарып, жағдайдан қалай шығудың жолын тапты. Аудандық дәрежеде қызмет атқарып жүргендігіне қарамастан, облыстың барлық басшыларын жақсы білді, олармен жақсы араласты, сыйлас болды. Соның көп көмегі тиді. Керек кезде олардан көмек сұрауға арланған жоқ. Әрине, оларға мәселені тоқ еткізіп, айта салмай, қалай жеткізуді, кіммен қалай сөйлесуді білді. «Қалауын тапсаң – қар жанады» деп дана халқымыз тегін айтқан жоқ қой.

Ол екі жылдан соң Киров ауданы әкімінің аппараты болып құрылып, ол енді әкім атанды. Бәрібір істеген кісіге жұмыс табылады. Қандай жұмыс болмасын бойлай кірісіп, бел шеше қызмет атқарды. Өзінің істеп жүрген міндетті қызметімен қоса облыстық және қалалық басшылықтан түсіп жатқан нұсқаулар мен тапсырмаларды да тап-тұйнақтай етіп орындап отырды. Енді бұл кезде газдың жоқтығынан, бұрынғы істеп тұрған газ қондырғыларының барлығы иесіздіктің салдарынан істен шықты. Оған бірнеше күнге созылатын электр қуатының болмай қалуы келіп қосылды. Қыстың көзі қырау­да аудан тұрғындарының барлығы от жағып, тамақтарын далаға пісіруге кірісті. Ол аздай жылудың өзі болмай қалатын кездер кезікті. Пришахтинскідегі басты көше – Зелинский көшесіне халық шығып, жолды жауып тастаған уақыт та болды. Халықпен кездесуге қаймықпай барды. Сөйлесіп, жағдайдың қиындығын түсіндіріп жатқанда қаланың әкімі Шәймерден Оразалиновтың өзі келді. Шәкең қашанғы сабырлы қалпымен, өзінің қарлығыңқы дауысымен сөз бастап, бұлай істеудің қиындықты одан сайын күрделендіре түсетіндігін айтты. Жағдайды қиындатпауға шақырды. Онсыз да жұмыс істеліп жатқандығын, жағдайдың көп ұзамай жолға қойылатындығын айтып, жиналған жұртшылықтың тар­ауын өтінді. Халық түсінді, сол жерде үйлеріне тарап кетті.

Бұл кез бүкіл қаланың көптеген үйлерінің суы қатып қалып, батареялары жарылып жатқан уақыт болатын. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, онсыз да жылуға жарымай тұратын Пришахтинскі, әйтеуір, аман қалды. Киров ауданы бойынша бірде-бір үйдің батареясы жарылған жоқ. Өйткені, 21, 22, 23 ықшам аудандар мен Новостройка елдімекенін және маңайындағы жер үйлерді жылумен қамтамасыз ететін Пришахтинскінің өз қазандығы болды. Сол қазандық қалт-құлт етіп жұмыс істеп тұрды. Оған аудан әкімінің мұқият қадағалауы игі ықпалын тигізді. Аудан әкімі Қабдығали Нұрғалиұлы жарғақ құлағы жастыққа тимей, тұрғындардың қамын ойлап, күніне екі-үш сағат қана көз шырымын алып, үнемі ат үстінде жүргенін өзіміз көрген болатынбыз. Одан соң Киров ауданына Теміржол ауданын қосып, аудан аумағы ұлғайған сайын, жұмыс көлемі тіпті арта түсті. Енді бір жылдан соң Киров ауданын Октябрь ауданына апарып қосқанын қайтерсің. Аудан көлемі үш есеге артқан кезде де Қабдығали Нұрғалиұлы әкім болып қала берді. Бұрынғы Киров ауданы әкімшілігінің қызметкерлері қысқарып, бір­азы Октябрь ауданына ауысты. Қаланың өзекті мәселесі ешқашан таусылып көрген емес, біреуін дұрыс жолға қойғаны сол екен, тағы бірі шығып жатады. Әйтеуір таусылмайды. Қаланың қайнаған өмірі тірі ағза сияқты әрқашан дами береді, дамыған сайын оның жұмысы да арта түседі. Жаңа нысандарды іске қосу, ескі жер үйлерді бұзып, орнына жаңа көпқабатты үйлер тұрғызу, ондағы тұрғындарды отбасының санына қарай пәтерлерге қоныстандыру. Оған қоса коммуналдық жұмыстар өмірі бітпейді. Бұрын астында шахта болған жерлер төмендеп, отырады. Соған орай жер қозғалғандықтан, ондағы су құбырлары жарылып кетеді де, су атқылайды. Сол жерлерді жөндейді, ескі құбырларды ауыс­тырады. Бір сөзбен айтқанда – таусылмайтын жұмыс. Сондайда өзінің Қариполла Мұқатов сияқты орынбасарлары тиянақтылық танытып, бір жағынан қолдау көрсетіп жатады. Бүгінгі күні Қабекең осындай қолдаушылары болғанына зор ризашылығын білдіреді.

– Мен үш жасымнан бастап тоғызға келгенше атам Оспанның қолында өстім, – деп еске алады Қабекең. – Ол кісі жасында ескіше оқыпты, кейіннен жаңаша сауат ашқан. Сол шамалы білімімен талай қызмет атқарған. Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарыпты. Шахта бастығы болыпты. Әжеміз Күлшат Бұқар жырау ауданындағы Алабас ауылының тумасы, руы Қаржас болатын. Кейіннен, зейнеткерлікке шыққан соң жазда үш ай бойы сол ауылға келіп, атам екеуі киіз үй тіктіріп алып, қымыз ішіп жататын. Үлкен атам Егеубайдан Оспан атам мен Төлеу туады. Төлеуден тұяқ қалмаған. Оспан атамның үш баласы болыпты. Үлкені – Қайныкен соғыста қаза тапқан. Одан соң Күлшен әпкем. Ол кісі Тиішбек Ахановтың жары болды. Одан соң менің әкем Нұрғали. Әкем қисық, мінезі шатақ, қияңқы адам болды. Әкемді бөлек шығарған. Атам Ескі қаладағы Загородный көшесінде, Костенко шахтасының маңында тұрды. Қазір өзі сол жердегі зиратта жатыр. Шахтаның жанында №7 мектеп болатын. Кейіннен оған Жамбыл атын берді. Сол мектептің бірінші қазақ класына бардым. Бірақ алғашқыда оқуға зейін қойғаным жоқ. Содан мені алды да келесі жылы №68 орыс мектебіне берді. Сол жерде екі класс бітірген соң Ескі Тихоновкаға көштік. Кейін Пришахтинскіде Коммуна көшесінде тұрдық. Мұнда Методическая көшесіндегі №51 мектепте оқыдым. Оныншыны Новостройкадағы №33 орта мектепте бітірдім.

Атам өзінің Қаракесек екенін, оның ішінде, Шаншар тармағынан тарайтынын айтып отыратын. Бірақ ол кісінің қалың шаншарлар мекен еткен Қарқаралы жағына, оның Егіндібұлақ аймағына барғанын өмірі көрген емеспін. Кейін есейген соң әкемнен сұраған едім, ол кісі неге бұлай болғанын білмейтінін айтты. Қазір ол жақта ешқандай туысымыз жоқ…

Сөйтіп, орта мектептен соң Қарағанды политехникалық институтына түсіп, оның өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс факультетін ойдағыдай бітірген жас жігіт Қабдығалиды «Карагандапромстрой» тресінің темір-бетон бұйымдары зауытына жолдама береді. Мұнда ол әуелде шебер болып бастап, бригадир, цех бастығы қызметтерін абыроймен атқарады. Одан соң №2 құрылыс басқармасында прораб, аға прораб, «Қарағандыкөмір» ӨБ-нің Күрделі құрылыс басқармасының бастығы қызметтерінде болады. Әрбір адам өзінің азаматтық көзқарасын өндіріс­те анықтайды, болашағына жол ашады. Бұдан соң сол кездегі билік басындағылар кеңес органдарында қызмет атқаруды ұсынды. Сөйтіп, өмірінің жиырмашақты жылы Киров, Октябрь аудандарында (қазір Әлихан Бөкейхан ауданы) басшылықта өтті. Одан соң Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болды.

Бұдан кейінгі он жыл бойы («Карагандаликвидшахт» РМҚК директоры, «Кар-метан» ЖШС бас инженері) мемлекеттік кәсіпорындарда басшылық қызмет атқарды. Өзінің қызметін атқара жүргенде Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, ІІІ, ІV, V шақыр­ылымда мәслихаттың хатшылығы қызметін атқарды. Сол кезде ол қала депутаттар корпусын басқара отырып, халық қалаулысы ретінде сайлаушылар арасында талай игілікті жұмыстарды жүзеге асырды. Тұрақты комиссиялар тоқсандық жоспарлар жасайды. Сол жоспарлар бойынша жергілікті жерлерге шығу тәжірибеге айналды. Көбіне денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, еңбекпен қамту салалары ешқашан назардан тыс қалып көрген емес. Ол жерлердегі жағдайлармен танысады, егер кемшіліктер анықталған болса, оларды түзетуге арналған ұсыныстар жасайды. Бұл депутаттардың атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаратындығын көрсетеді. Сол сияқты коммуналдық саланы, электр желісін, сумен қамтамасыз етудің инженерлік желілерін жаңғырту, еңбекпен қамту бағдарламалары лайықты дәрежеде жүзеге асырылды.
Осындай лайықты еңбегі үшін Қабдығали Оспанов «Құрмет» орденімен, «Шахтер даңқы» белгісінің үш бірдей дәрежесімен, тағы басқа да көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды, «Белсенді қызметі үшін», «Көмір өнеркәсібінің Құрметті қызметкері», «Құрметті құрылысшы» төсбелгілеріне ие болды.

Қабдығали Нұрғалиұлымен әңгімелескенде ол өзінің мұндай жетістіктерге ие болуына алдында үлгі болған ағаларының, қаламызға белгілі азаматтардың қосқан үлесінің зор екендігін жасырмайды. Солардың ішінен «Қарағандыкөмір» бірлестігінде Әлеуметтік сала жөніндегі директор Нариман Оспанұлы Төлеповті ерекше айтар еді. Ол кісінің салмақтылығына, мәселені ешкімге жалтақтамай, өз бетімен шешіп тастайтын батылдығына тәнті болады. Сол сияқты Қарағанды халқы ғана емес, бүкіл Қазақстан білетін (Парламент Мәжілісінің депутаты болған) Шәймерден Оразалиновты аузынан тастамайды. Аудан әкімінің жұмысы кешкі сағат онсыз өмірі бітпейді. Бірде жұмысынан ертерек келіп, тамағын ішіп жатса, үйдегі телефон шылдырайды. Ол кезде қазіргідей сотка жоқ. Көтерсе, қала басшысы Шәкең екен. Ұрысатын шығар деп ойлаған. Бірақ ол кісі: «Сенің анау 15-ші орамыңда жарықтың жоқтығына екі сағат болды. Разберись», – дейді байыппен ғана. Қабекең Николай Александрович Дриждті де қатты құрметтейді. Ол кісі өмір бойы «жас жігіт» (молодой человек) деп атап, әрқашан ақылын айтып отыратындығын еске алады. Бір жолы ауруханада бір бөлмеде жатады. Сонда өзі ауырып жүрсе де, кітаптардан конспект жасаудан бір танбаған екен. Бірлестікте Серғазы Баймұхамбетовтің де ағалық ақылы өте пайдалы болыпты. Ол кісі көп сөйлегенді ұнатпайды екен. Нақты тапсырма береді де, нақты жауап күтеді. Шахта директорлары болған Жомарт Аманбаевтың да, Жолымбет Мұхамеджановтың да үлгі етерлік істері көп болған. Сол кезде білімді, еңбек тәжірибесі мол, ұлағатты істері ауыз толтырып айтарлықтай адамдардың көп болғандығын, солардан үлгі алғандығын мағмұрлана айтып отырады.

Қабекең әкесі Нұрғалидың ең үлкені. Нұрекең кезінде тұрғын үй-коммуналдық бөлімде қарапайым шебер болған. Құрылыспен айналысады. «Спецшахтомонтаж дегазация» басқармасында жабдықтау бөлімін басқарған. Мінезі қисық болғанымен, жұртшылықпен жақсы тіл табыса білетін, еңбекті адал атқарған адам болған екен. Балаларының барлығына жоғары білім әперген. Ол кісінің екінші баласы Жұмабике де ҚарПТИ-дың өндірістік-құрылыс факультетін бітіріп, осында оқытушы болады. Техника ғылымдарының кандидаты. Одан соң Сембек ҚарПТИ-дың автомобиль факультетін бітірген, автобаза бастығы болды. Ең кенжелері Асқар да осы оқу орнын бітіріп, кен мастері болған. Кейіннен кәсіпкерлікпен айналысып кетіпті.
Қабдығали Нұрғалиұлының өзінде үш бала бар. Барлығы жоғары білімді. Үлкендері – Самат. Кәсіпкер. VІІ сайланған Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болды. Қанат – заңгер. Саранда қызмет істеді, прокурордың орынбасары болды. Бұл күнде бизнесте жүр. Кішілері – Нұрлан экономист. Коммерцбанкте қызмет етті. Қазір «Қазақмыс» корпорациясында қаржы жөніндегі директор болып істейді.

Міне, осындай отбасының басшысы, Қарағанды қаласында туып, осында қаламен бірге өсіп-жетілген, өз қаласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан Қабдығали Нұрғалиұлы Оспанов бүгінде 75 жасқа толып отыр. Өткен өмір жолына көз жүгірте қарап, осындай белеске айтулы еңбегімен жеткен Қабекеңе ұзақ ғұмыр тілейміз, жары Маралмен қатар ғұмыр кешіп, бақытты өмірлерін жалғастыра берулеріне тілектестігімізді білдіреміз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
жазушы,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ҚР ақпарат саласының үздігі
№305

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button