Бас тақырып

Ғалам тағдырының нүктесін кім қояды?

Қаузалдық (себеп-салдар) теориясы – бір нәрсенің басқа нәрсеге әсер етуінің негізгі түсінігі. Бұл теория бойынша, әрбір оқиға мен жағдайдың бір себебі бар және сол себеп белгілі бір нәтижені тудырады. Аристотель «Барлық нәрсенің себебі бар, себебі нәтижесі арасындағы байланыс – табиғаттың заңы» дейді. Ал, атаулы теорияның қазақшасы – «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Қандай да бір өзгеріс, қозғалыс, жаратылыс және жойылу үдерісі белгілі бір әсерден басталатыны анық…

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Яғни, тұтас ғалам жаратылысының теориясы. Абай Құнанбайұлының да философиялық ойлары себеп-салдар теориясымен терең үндеседі. Ол дүниедегі әрбір құбылыстың, адамның мінезі мен тағдырының артында себеп бар екенін айтады. Абай «Себепсіз нәрсе болмайды, Не болсын, бәрі бір есеппен», – дейді.
Адамзат баласы XX ғасырдың бел ортасынан аса бере экологиялық дағдарыстарға ұшырай бастады. Нақты деректер былай дейді: 1950-1960 жылдары химиялық заттардың, пестицидтердің және басқа да зиянды заттардың кеңінен қолданылуы экологияға үлкен залал келтірді. 1962 жылы Рэйчел Карсонның «Silent Spring» атты кітабы жарық көрді. Кітапта пестицидтердің табиғатқа және адам денсаулығына қалай әсер ететіні туралы айтылады. Кітап экологиялық қозғалыстың басталуына себеп болып, экологиялық мәселелерге адамзаттың назарын аударды. 1970 жылдардың басында әлемдік экологиялық дағдарыс туралы көп айтылатын болды. Сол уақыттарда әлемде бірінші рет халықаралық экологиялық конференциялар ұйымдастырылып, экологиялық мәселелер жаһандық деңгейде талқылауға шықты. 1972 жылы Стокгольмда өткен бірінші БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау конференциясы экологиялық мәселелерді халықаралық деңгейде көтерген маңызды кезең болды. Келелі жиын «Қоршаған ортаға зиян келтірмеу» концепциясын таратуға оң ықпал етті.

1980-1990 жылдар аралығында климаттық өзгерістер мен экологиялық дағдарыстың тереңдеуі басталды. Анығырақ айтқанда, азон қабатының жұқаруы, қоршаған ортаға антропогендік әсердің күшеюі байқалды. Мысалы, ауаға CO₂ мен басқа зиянды газдар тарады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның қоршаған орта және даму конференциясында экологиялық мәселелер адамзаттың барлық дамуы үшін маңызды екендігі айтылды. 2000 жылдардан кейін климаттың өзгеруі мен жаһандық жылыну, табиғат ресурстарының азаюы, биоалуантүрліліктің жоғалуы, су тапшылығы және табиғи апаттар сияқты мәселелер адамзаттың бас қатыратын негізгі қиындықтарына айналды. Жаһан жұртымен Қазақстан да үндес болды. Қазақстан ядролық сынақтардың экологиялық және гуманитарлық зардабын әлемге алғашқылардың бірі болып ашық көтерді. Арал теңізінің тартылуына да әлем назарын аудартты. Қазақстан Париж келісіміне қосылды да парниктік газдарды азайту міндеттемесін алды. Нәтижесінде жасыл энергетика, көміртекті азайту, экологиялық экономика мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Бүгінде адамзат алдындағы ең маңызды міндет – ортақ үйімізді сақтап қалу болып тұр. Ежелгі аңыз-әпсаналарға, жыр-дастандарға үңілсеңіз, Жер-Ана мен оны мекендеуші адам баласының арасында әуелде серт пен келісім болған. Уақыт өте келе, адамның қабілеті, ақыл-ойы қарыштап дамып, қызығушылығы мен қалауы шектен шықты. Шамамен алғанда, кейінгі екі ғасырда адам баласы Табиғат-ананың шекарасынан әрі аттады. Бұл – серт пен келісімнің, ұлы тепе-теңдіктің бұзылуы еді.

***
Ендігіде жер бетінің әр түпкірінде тамыр жайған өркениеттердің табиғат-Ананың ырыс-несібесін игерткен ғылымға деген түсінігін талдап көрелік. Мәселен, арабтың «Мәлике-Маран» аңызында жерасты патшасында көп жыл мейман болған Жамсап жер бетіне шыққан соң қамауға алынады. Қамаудағы азапқа шыдамай, өзін асыраған жерасты патшасын сатып кетеді. Ақырында өлтірілген Мәлике-Маранның сорпасын ішіп, Жамсап жер беті мен астындағы кенді көре алатын білгір, ғұламаға айналды. Бұл аңызда ислам дінімен қабысқан араб философиясы ғылым мен білім өзінің жаратылысында қылмысты екенін білдіреді. Өйткені, адам табиғатты өлтіріп барып, оны жұмбағынан айырып, киесінен аттап, ғылым мен білімге қол жеткізеді. Бұл үкімді аңыздағы жерасты патшасы Мәлике-Маранның өлімімен жеткізеді.

«Мәлике-Маранмен» үндес қазақта «Жылан қабықты жігіт» аңызы да бар. Ертеде кедейдің жалғыз баласы жер астындағы жыландар патшасы Бапы ханның тасқа бастырылып қалған жалғыз қызын ажалдан құтқарып қалады. Өтеуіне Бапы хан екі жұтып, құсып тастайды. Бірінші құсқанында баланың үсті қалыпша қантемір болып шығады. Екіншісінде баланың өне бойы қару-жараққа толады. Бала үшінші рет жұтуды сұрағанда, Бапы хан: «Үшінші рет жұтсам, тәнің мен жаның темірге айналады. Затың адам ғой, сол адам күйінде қал», – дейді. Бұл жерде ұлы тепе-теңдік пен әуелгі жаратылыстың сақталуы айтылып тұр. Бапы – қазақтың көне аңыздарында ұсталар табынып келген теміршілік өнердің пірі. Қазақ аңызында өнер, ғылым адамға табиғатпен тіл табысқанда ғана бұйырады. Түркі дүниесінің аңыздарынан түркі өркениеті экологиялық өркениет, адам мен Табиғат- Ана арасындағы ұлы тепе-теңдікке құрылған өркениет екенін ұғасыз.

Қарбаласқан сан алуан ойлар ағынына байыппен қарап, пайым жасасаңыз, бізді қоршаған орта, яғни, сыртқы табиғат қана емес, адамның ішкі табиғаты да катаклизмнің аз-ақ алдында тұр. Демек – қаузалдық теориясының айқын көрінісі. Әуелден егіз жаратылған екі табиғат бір-бірін құрдымға сүйреп бара жатыр. Анығырақ айтсақ, сүйреуші – адамның өзі. Осы тұста адам табиғатының да сыртқы табиғат секілді ұдайы өзгеріске ұшырайтынын ескеріңіз. Себеп-салдар теориясының іргетасы әуелде осыған негізделген десе де болады.

Тақырыпты ашу үшін сәл кідіріс жасайық. Адамзаттың алғашқы кезеңінде адамдар табиғатпен тікелей байланысты өмір сүрді. Олардың өмірі табиғи ортаға толық бейімделген, олар аң аулау, өсімдіктерді жинау арқылы күнелтті. Адамның табиғатпен өзара қатынасы біртұтас еді, яғни, ол табиғаттың бір бөлігі ретінде қарастырылды. Табиғи ресурстарды пайдалану өте шектеулі болды, адамдар тек өз қажеттіліктеріне байланысты ғана табиғатқа әсер етті. Аңшы-жинаушы қоғамдар көзқарасы бойынша, табиғат киелі және теңдестірілген жүйе еді. Қазақтың байырғы ауыз әдебиетіндегі аңның, табиғат-ананың киесі туралы аңыздар сөзімізге дәлел. Тәнді аштықтан, суықтан сақтау үшін ғана. Жөн-жосықсыз қырғын салуға тыйым салынған. Осылайша, аңыздар сыртқы табиғат пен құшағындағы пенде арасындағы тепе-теңдіктің маңыздылығын айтады. Тепе-теңдік жоғалған жағдайда, екі тарап та күйреу жолына, яғни, кері процеске түседі. Жер шары күннен қашықтап кетсе, мұз құшағына, жақындап кетсе, от құшағына енетіні секілді. Дәлме-дәл құрылған, «ақыр заманға» дейін бұлжымайтын тепе-теңдік.

Адам табиғатының өзгергенін, күйреу жолына түскенін жүздеген детальмен баяндауға болады. Мәселен, әлем елдерінде ұйқысыздық (инсомния) дертіне ұшырағандардың саны жыл санап артып келе жатыр. Адам баласының жүйке жүйесін, психологиялық қабатын зерттейтін, емдейдін сала мамандары осылай деп дабыл қағуда. Дереккөздердегі кәсіби мамандардың мәліметінше, дермене дертке түрлі жағымсыз жайттар әсер етеді. Өмір салтының өзгеруі, стрестің артуы, технологиялардың әсері және басқа да психологиялық, әлеуметтік, физиологиялық себептер бар.

***
Жаңа ғасырдың адамдары көбіне жұмысынан, қаржылық мәселелерден, жеке өмірдің қиыншылықтарынан немесе әлемдік саяси жағдайларға алаңдағанынан күйгелектік пен мазасыздыққа шалдығып, ұйқысыздыққа ұшырайтынын айтуға болады. Телефон, планшет, компьютер немесе теледидар. Задында құрылғылардың көк жарығы ұйқы гормоны мелатониннің өндірілуін тежейтінін жаңа ғасырдың көзі ашық өкілі жақсы біледі.

Суицид, наркомания және алкоголизм сияқты психикалық және мінез-құлықтық ауруға шалдыққандардың да қатары күрт көбейді. Адамзат баласына жабысқан дерттер XX ғасырдың ортасынан бастау алады. Экологиялық дағдарыс та осы кезеңде басталғанын еске түсіріңіз. Шындығында аурулардың таралуы адамзат қоғамының әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістеріне тікелей байланысты. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам алкогольге, 36 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді. Ішімдік салдарынан жыл сайын 3 миллионнан адам көз жұмады. Есірткілердің арасындағы ең қауіптілері героин мен кокаин еді. Қазір адамның генетикасына, рухани әлеміне синтетикалық есірткілер ірің болып араласып барады.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өнеркәсіптік революцияның әсерінен еңбек миграциясы, урбанизация, жұмысшылардың жағдайы нашарлауы сияқты әлеуметтік мәселелер көбейді. Жағдайлар салдарынан адамдар көңіл күйін басу және стресті жеңілдету мақсатында ішімдік немесе есірткіге тәуелді бола бастады. XX ғасырдың ортасында, әсіресе, 1960-1970 жылдары АҚШ пен басқа да дамыған елдерде психоактивті заттардың (марихуана, героин, кокаин) кең таралуы байқалды. Атаулы кезеңде контрмәдениет және «еркін өмір сүру» пәлсапасы күшейіп, наркотикалық заттарды қолдану сәнге айналды. Алкоголь мен есірткіні қолданудың артуы қоғамдық тұрмыстың және психологиялық түйткілдердің өсуімен тығыз байланысты. XX ғасырдың ортасына қарай алкоголизм мен нашақорлықтың әлемдік деңгейде таралуы елеулі мәселе болды.

Адам баласы қолымен жасайтын ауыр қылмыстардың бірі – өз-өзіне қол жұмсау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) ресми дерегіне сүйенсек, әлемде әр 1 минут сайын бір адам өзіне қол жұмсайды. Жыл сайын шамамен 720-727 мың адам осы «дерттен» көз жұмады. Суицид әлемдегі барлық өлімдердің жобалап алғанда 1%-ын құрайды.

Адам жанын жеке бір әлем деп қарастырсақ, суицидті сол әлемнің ақырзаманы деп бағалай аламыз. Мұхтар Мағауинше айтсақ, «Ішкі МЕН-нің күйреуі».

Діни тұрғыдан қарағанда, біз өмір сүріп жатқан ғаламда Құдайдан басқаның барлығы уақытша. Яғни, тұтас ғаламның негізгі нүктесі болып тұрған жарық күн де, күнді айналған жер де, ай да мәңгілік емес. Қасиетті кітаптарда ақыр заманның болатыны айтылып қойған. Ғалам тағдырының нүктесі белгілі. Бірақ, сол ақырзаманға апаратын жол кімнен немесе қайдан басталды? Міне, мәселе осында.

Исламда ақырзаман кіші және үлкен белгілермен сипатталады. Хадистердегі кіші белгілері – аманаттың жоғалуы, өтіріктің көбейуі, зина мен арсыздықтың ашық жасалуы, парақорлықтың қалыпты құбылысқа айналуы, баланың ата-анасына қарсы келуі, надан адамдардың ел басқаруы, білімнің азайуы, надандықтың көбейуі. Қазақ халқының жыраулары мен билерінің, ақындарының шығармаларындағы ақырзаман бейнелері де осы белгілермен үндес. Ақырзаман тақырыбын қозғаған бабалар сөзінде экологиялық апаттар да дәл суреттелген. «Ақырзаман болар күндерде жер үсті тарылып, суы да тартылар…» (Төле би).

Екеуіне де адамның рухани азуы – басты себеп. Ақырзаманға апаратын жол адамның өзінен басталып тұр. Өйткені, адам – барлық мақұлық атаулыдан ақылмен, санасымен биік. Адам – жер шарының қожасы.

Үлкен белгілеріндегі жердің бірнеше жерден опырылуы, аспанды түтін басуы – ғылыми көзқарастағы «катаклизмді» тұспалдайды. Ал, ғылымда ақырзаман кометаның құлауымен, жанартаулардың оянуымен, тіршілік нәрінің сарқылуымен, атмосфераның шамадан тыс ластануымен және басқа да сценарийлермен түсіндіріледі.

Нұх пайғамбардың кезінде жаратушы жер бетіне не үшін, немесе кім үшін топан су жібергенін еске түсіріңіз…

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button