Бас тақырып

Қалам ұшындағы Қарағанды

Қарағанды – қара алтынның символы. Шаһар әредік байырғы паровоздың оттығындағы аспанға атқан от ұшқыны сияқты жауқазын жыр мен парасат тұнған проза албарында патша көңіл оқырманына қараңғы жамылған мезеттегі жұлдыздай жымыңдайды. Кітапта болсын, ғаламтор желісінде болсын, қаламгер қаламы атын арқау еткен Қарағанды біздің көз алдымызда тек қала ретінде ғана емес, көмірімен, өзіне ғана тән өмірімен дем алатын, дала желінен қуат алып, қазақстандық аспан көкжиегінің етегінде армандайтын тірі ағза қалыбында көрініс береді.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Бастау

Әуел баста Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәкен Сейфуллин және Иса Байзақовтай алыптар шоғырының шығармаларында Қарағанды бірнеше рет алапат соғыс кезеңінде де, бейбіт заман орнаған индустрияландыру дәуірінде де қазақ халқының қалыптасуының аса бір маңызды кезеңінің көрінісі болды. Кейінірек С.Ақсұңқарұлы, С.Бексейіт, Б.Мамыр, С.Нәкенов, А.Бөкен, Т.Әлжантегі, Ж.Қашқынов, Т.Майбас (өзге қаламгерлердің есім-сойы аталмаса, ғафу өтінеміз) сынды көрнекті жазушылар кенішті Қарағандысын жан қуатымен, қауырсынының құдіретімен ақзер әлемге паш етті. Сөйтіп, Сарыарқаның сайын даласында қазығын қағып, сәулеттене бой көтерген шаһар қазақтың көмір өнеркәсібі ғажайыптарының жүрегіне айналды. Ерен-ғайып еңбек пен кеншінің қуат-жігері арқылы жазушылар қауымы еңбек адамын құр сөз деңгейінде емес, сол өткен ғасырлардың күнделікті шындығын әрі рухын жеткізді. Кеншілер астанасы, қаймана елінің қадірменді қаласына айналған аймақ шығармашыл жандардың көз алдындағы темірқазық нысанаға айналады. Прозада болсын, поэзияда да мұндағы еңбек адамының күнделікті өмірінің егжей-тегжейі әдіптеліп сөз етіледі. Қаламгер шығармаларындағы Қарағанды еңбек майданындағы санқилы оқиғалар легін аңдайсыз. Әсіресе, қалам ұшындағы Қарағанды сіз бен біз кеншілердің еңбегі мен саналы өмірі құр қаланы ғана емес, сонымен бірге, онда тұратын әр тұрғынның аурасын сезінесіз.

Ал, ақын өлеңінде қасиетті Қарағанды – көмір ғана емес, адам тағдырының метафорасы. Шамырқанған шайырлар жыр жолдарында шаруашыл шаһар қайшылықтар айғағы ретінде қылаңытады. Байлық пен кедейлік, күш пен осалдық. Шаңды шахталарда машиналар дауылының арасында болат тәрізді берік әрі көмір тозаңы сияқты сынғыш ерлер бейнесінің көрмесіндей көркем жолдар бар. Өлең кейіпкерлерінің талайлы тағдырлары жеңістердің қуанышын да, ең керегін жоғалтқан жайттардың опығын да боямасыз жырлайды. Ақын шығармашылығында от пен көмір ұғымын адамның ішкі күресінің нышаны ретінде жиі қолданған. Өлең шумағының әрбір өрімтал жолы, штрихы осындағы қайнаған ғұмырдың алаңы мен мерейі, арманы мен таңдары, шахталардың ыстық тынысымен өртеніп кетердей етіп әсерлендіреді. Көңілге дәт ұялатады. Һәм кеншінің жұмыр білегіндей күш-жігерді санаға сіңіреді. Ақын жырларында жанған көмірдің алауы іспетті кеншінің есіл еңбегі мен көкейіндегі толағай тілегі гүлдейді.

Шахтер ақын

Жұмекен Нәжімеденов һәм көмірлі де өмірлі Қарағанды. Бір-бірінен ажырағысыз ұлықты қос ұғым. Жұмекен жырының жерұйығы, еңкеймей кірер Еңсегей ордасы – Қарағандының қайсар кеншілері, солардың жалын жүректері. Оқып көрелік.
Бұл өмірдің лапылдаған,
Бар жалыны – лаваларда.
Сол жалынға жер үстінде,
Жалғыз теңеу табылар ма? – деп шамырқанады қайран Жұмекен. Еңбек әнұранын Жұмекенше жырлап кеткен Жұмекеңнің өзі ғана!
Енді бірде:
Қайла. Күрек. Көмір қара, көз қара,
Мөлтілдер тек аппақ тамшы
сүт-шамдар.
Алақанын алдырыпты бозбала,
Алқынды шал… ащы ауаны жұтпаңдар! – деп тебіренеді ақын.
Нәжімеденовтің Қарағанды туралы өлеңдерінде қарапайым кеншілердің күнделікті өмірі, олардың еңбекке деген адалдығы мен қажыр-қайраты ерек көрініс тапқан. Ол Қарағандыны жай ғана өндірістік қала емес, нағыз еңбек пен ерліктің символы ретінде сипаттайды. Шайыр үшін Қарағанды – тек қара көмірдің астанасы ғана емес, ол адам жанының күші мен ерік-жігерін, тағдырдың тылсымын және өмірдің мәнін ашатын ерекше мекен.
Шайыр шығармаларында даланың тынысы сезіледі. Оның өлеңдері кеншінің қатал еңбегімен үйлесетін еркіндік рухына толы. Бұл қайшылықта өмірдің өзі сияқты үміт пен көңілсіздікке толы жолдар пайда болады. Оның поэзиясында көмір тек жердің қатпарынан алынған тас емес, адамның күші мен ерік-жігерінің метафорасы. Осылайша жазушы мұрасы қастерлі Қарағандыда дәуірдің нышанын, күрес пен еңбектің, құрбандық пен жеңістің бітіспес айқасын айғақтайды. Кенші бейнетке толы сәттерінде тек шаң мен көмірді ғана емес, сонымен қатар, қапас пен алакеуім арасындағы жасырын көлеңке арқылы өтетін жарықты да сыйлайды. Бұл жарық – үзім үміт символы, Жұмекен шығармаларының кейіпкерлері ұмтылатын болашақтың қаз тұрған нық қадамы.

Қалам қаңтару

«Әдебиет пен кеншілер астанасын қатар шендестіргеніңіз қалай болар?» деген рәуішті сауалыңыз кесе-көлденең тұрарын аңдап тұрмыз, жоғары мәртебелі оқырман. Қарағанды – әдебиетте болсын, тіпті, қай салада болса да тарих толқынындағы асқаралы арман мен мұқалмас жігердің төлтума ескерткіші. Иә, қате түсінбедіңіз. Елдің ескерткіш шаһары. Талайлы тарихы сандаған қарама-қайшылықтарға толы болған болар. Бірақ, қарағаны тамырының түбіне шөккен қара алтыны қаракөз халқымыздың тағдырын өзгерте алған, жылма-жыл дәулеті мен сәулеті артқан, биыл торқалы 90 жылдығын салтанатты серпінімен өткеріп жатқан өмірлі өңір. Азабы мен ғажабы, тозағы мен арманы үйлескен таңғажайып талбесік. Қуаныш пен сенімі қандай болса, келешегі де сондай сипатқа ие жерұйық.

Қалам ұшындағы Қарағанды – ғалам көзіндегі сөнбес сәуле! Көмірдің кенішімен, өңірдің өрісімен жер бетіне жол салған, Алаш жұртының салуалы қара алтын ордасы. Тоқсан тарам жолдарымен тоқсанға келген қарт абыздай айтары да бізден көп, байтағы да ақын жүрегінен кең. Ал, бұл ғажайып маңның тұрғыны атамекенін әлімсақтан сүйеді. Жадынан бір сәтке де өшірмейді. Жаһан бедерінде Қарағанды тек бір жағрапиялық нүкте ғана емес, оттан қайта түлейтін фәниқұс! Рух келбеті. Ендеше маңдайшаң еңселі, шаңырағың шашақты болғай қазыналы Қарағандым! Мерейің үстем болғай, мекенім менің!

Қадірменді кеншілер қауымы, Сіздердің жанкешті еңбектеріңіз – елдің экономикасына, болашағына қосқан баға жетпес үлес. Жер астындағы күрделі де қатерлі қызметтеріңізде күн сайын алға ұмтылып, республикамыздың дамуына ерекше күш-жігер жұмсап келесіздер. Төзім мен қажырлы қалыптарыңыз әрқашан зор құрметке лайық. Бұл мереке сіздердің табанды болмыстарыңыз бен сарқылмас күш-жігеріңіздің жемісін айғақтайды. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, бүгінгі заманның қаһармандары!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button