Бас тақырып

Қалам ұшындағы Қарағанды

Ғасырға жуық тарихы бар кеншілер шаһары шайырлардың жырына арқау болды. Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы Қарағанды қаласының әкімдігінің қолдауымен «Кенді өлке – Қарағанды» атты аймақтың жыр мүшәйрасын ұйымдастырды. Жыр додасының марапаттау рәсімі «Қасым үйінде» өтіп, жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табысталды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Салтанатты рәсім Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Жанат Жаңқашұлының сөзімен басталды. Ол мүшәйраның мақсаты мен міндетін, маңызы мен мәнін айтты.

– Қарағанды – байтақ даланы жылытып отырған жүрек секілді. Мұнда қатпар-қатпар тарих жатыр. Әріге бармай-ақ, осы жер астында тынбай еңбек етіп жатқан кеншілердің маңдайындағы тағдырдың өзін ғана айтсақ болады. Міне, сол кеншілердің ғұмыры Арқадағы ақындардың жырына арқау болды. Қаншама тағдырды құшағына басқан шаһардың ғұмыры ақын өлеңінде де жалғасады, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Қазылар алқасына Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы төрағалық етті. Қазылар құрамында айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов та бар. Серік Ақсұңқарұлы жыр додасына келіп түскен өлеңдердің көркемдік деңгейіне тоқталды.

– Облыстық деңгейдегі мүшәйраларға әдетте орташа деңгейдегі өлеңдер түсетін. Бұл жолғы туындыларға көңіліміз толды. Барша жүлдегерлерді құттықтаймын! Қарағанды – талай ақынның жырына арқау болған қастерлі шаһар. Мұнда әсерлі өлеңдер жазылады. Осы мүшәйраны ұйымдастырушыларға, әсіресе қолдау көрсетіп отырған қала басшылығына алғыс айтамын. Әкімдік аймақтағы руханиятқа көңіл бөліп, қаламгерлеріне қамқорлық жасауда, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Мүшәйрада 4 ақын ынталандырылды. Бұл тізімде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің қос студенті бар. Ералы Ғани мен Тілеужан Қамысбай 100 мың теңгені қанжығалады. Ақтоғайлық Рамазан Совет пен Шет ауданының ақыны Наурызбай Сейіт те осы қатарда.

Ал, доданың үшінші орыны Бұқар жырау ауданынан келген Сұлтан Дәулетханға бұйырды. Оған 200 мың теңге табысталды. Екінші орын – балқаштық Мақсат Күземханның қоржынында. Екінші орынға 300 мың теңге берілді. Бірінші орын – дауысы Арқаға ғана емес, еліміздің түпкір-түпкіріне жеткен Тілеген Әділовте. Бірінші орынға – 500 мың теңге табысталды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button