Бас тақырыпЖаңалықтар

Ғалам Наурыздың ғажабын мойындайды

Наурыз – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізімінде. Бұған дейін көне дәстүр мен мәдениеттің бір бөлігі ретінде бүкіл әлем тойлап келгеніне қарамастан, Наурыздың халықаралық деңгейде мойындалып, мәдени мұралар тізіміне енгізілуіне ықпал еткен – Қазақстан. 2009 жылы көтерілген бастама нәтижесінде 2010 жылғы 4 желтоқсанда ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен сессияда ұсыныс қолдау тапты. Бұл шешім арқылы Наурыздың көпұлтты, көпмәдениетті сипаты және оның әлемдегі көптеген халықтар үшін тарихи және мәдени маңызды екені мойындалды.

Коллажды жасаған А.Көктаева

Қазақстан өз ұсынысында Наурыздың тек бір елге ғана тән емес, бүкіл әлем халықтарына ортақ мереке екенін атап өтті. Түркі халықтары, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Кавказ және Балқан елдерінде Наурызды тойлау дәстүрі бар.

Наурыздың ЮНЕСКО тізіміне енгізілуінің бірнеше маңызды себептері бар. Біріншіден, бұл мереке әлемнің түрлі мәдениеттерінде ортақ және маңызды рөл атқарады. Әр ұлттың Наурызға қатысты өз дәстүрлері, әдет-ғұрыптары бар, алайда, олардың барлығы осы мейрамды адамзаттың бірлігі мен мәдени көптүрлілігін көрсететін құндылық ретінде қабылдайды.

ЮНЕСКО үшін Наурыз тек ұлттық немесе аймақтық мереке емес, ол көп мәдениеттің, бейбітшіліктің және өзара құрметтің белгісі. Түрлі ұлттар мен халықтардың арасында тыныштық пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін бұл мереке мәдениеттердің өзара байланысын, үндестігін көрсетеді.

Екіншіден, Наурыз – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен халық өнерінің сақталуы мен дамуын қамтамасыз етеді. Одан бөлек, бұл мереке астарында бейбітшілік пен татулық идеясы жатыр.

Жалпы, Наурыз түрлі елде әрқалай тойланса да, оның түпнұсқалық мәні бар. Бұл мереке халықтың мәдени мұрасын сақтауға, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жас ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. ЮНЕСКО да оны мұралар тізіміне енгізуде дәл осы аспектіні жоғары бағалағаны айтылады.

ЮНЕСКО үшін Наурыздың маңызды болған тағы бір тұсы – табиғат пен адамның үйлесімі. Бұл мереке экологиялық жауапкершілікті және табиғатқа деген құрметті насихаттайды. Одан бөлек, Наурыздың туризм мен халықаралық танымалдылық тұрғысынан алғанда да рөлі зор. Ол ұлттық мереке болғандықтан, әлемнің түпкір-түпкірінен турист тартатын шара. ЮНЕСКО бұл мерекені тіркеу арқылы халықаралық деңгейде оның маңыздылығын көрсетіп, мәдени туризмді дамытуға ықпал етеді.

Жалпы, аталған ұйым материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін мәдени элементтердің бірнеше негізгі шарттары орындалуы тиіс. Алдымен, мәдени элементтің немесе дәстүрдің адамзаттың мәдени және әлеуметтік өміріндегі ерекше маңызы болуы қажет. Одан кейін, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс. Ұлттық және халықаралық деңгейде танылуы да аса маңызды. Қоғамдық санаға әсер етіп, тәрбиелік маңызының болуы да шарттың ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, мәдени мұраның тарихи, мәдени және әлеуметтік маңызы туралы дәлелдер мен ғылыми зерттеулер болуы тиіс. Яғни, мұра туралы толық және нақты құжаттар, зерттеу нәтижелері мен тарихты көрсететін деректер ұсынылуы керек. Қазақстан ұсынған Наурыздың мәдени элементтері осы шарттардың бәріне жауап бергендіктен, ол ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді.

Жалпы, ұйымның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне әлемнің түрлі елдерінен көптеген маңызды мәдени элементтер енгізілген. Олардың қатарында жапондықтардың «чай өнері, испан фламенко биі, үндістанның классикалық музыкасы, мексикалық дәстүрлі аспаздық өнері, кубаның «сон» музыкалық жанры, португалдық фаду музыкасы, Түркіменстанның дәстүрлі жылқы өнері және тағы басқалары бар.

Бұл мәдени мұралардың әрқайсысы өз елдерінің немесе халықтарының ерекше тарихы мен мәдениетін көрсетеді. ЮНЕСКО олардың маңыздылығын мойындап, оларды әлемдік мәдени мұра ретінде сақтап, насихаттауды мақсат етеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button