Ғалам биігіндегі ғалым
«Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал, ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс», – деген болатын. Шындығында да солай ғой!
Неміс халқының ойшыл, ақын азаматы Гетенің: «Даналық тек ақиқатта ғана» дегені бар. Әрбір саналы кісінің арманы осындай озық ойлы ерен тұлға энциклопедист ғалым, шалқар болмысты болсақ екен деп ойламауы мүмкін емес шығар. Көпке үлгі, дарынды жас ғылым көкжиегіндегі шәкірттердің өнер, білім және ғылымға деген ынтасын оятуға әсері бар бір ғалым болса, ол сөзсіз, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шал ақын ауданында 1925 жылы наурыз айының 23-ші жұлдызында өмірге келген Ебіней Арыстанұлы Бөкетов деп ойланбастан айтуға лайықты ғылыми тұлға, ұлт қайраткері еріксіз еске түседі. Ебіней Арыстанұлының балалық шағы, жасөспірім жігіттік кезеңі зардабы аз емес, нәубет жылдар орасан зор қара халық қынадай қырылған, ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы қанды репрессия және 1941 жылы басталған сұрапыл Ұлы Отан соғысына, қым-қиғаш тарихи оқиғаларға тап келсе де, Жаратқан Құдайдың айрықша дарытқан талантын ұштап, оқу іздеп мағыналы терең білім алып, ұшы-қиыры шексіз ғылым теңізіне түсіп, өзі сол ғылымның мұхитына айналған ғаламдық ғалым болғанына қалың ел куә.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, металлург, аудармашы, әдебиет сыншысы, ұстаз Ебіней Арыстанұлы халқымыздың жүрегінен орын алған, жасампаз ғалым, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне тұспа-тұс келген күн дидарлы азаматтың 100 жасқа толған даталы тойы бүкіл еліміздің, ғалымдар қауымының қуанышы болмақ. Ғылыми мирас қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күрілдеп жаумай өткен бұлт сияқты. Ебіней Арыстанұлы ондай бос думанның адамы болмағанын құжаттар негізінде біз білеміз. Ол кісі кезінде қыры мен сыры ғажайыбы мол ғылым және әдебиет саласында өшпес із қалдырған өз заманының нағыз біртуар қаһарманы десек те жарасады.
Бірге қатар оқыған құрбы-құрдастарының арасында өркенді әулеттің ұрпағы, қазақтың атақты байы Медеу қажы Пұсырманұлының шөбересі – Шәріпжамал Жәйшібекова да болғанын біреу білсе, біреуіміз білмейміз. Ұлттық мақтанышымыз «Медеу» мұз айдынымен аты әлемге мәшһүр тұлғаның биыл 175 жылдығы республикалық деңгейде тойланып жатқаны – ел қуанышы. Заманында Атымтай Жомарт атанған Медеу қажы Пұсырманұлының бәйбішесі Қырмызы әжемізден туған тұңғыш баласы Жәйшібектен тарайтын Шәріпжамал апамыз бен Ебіней атамыздың жақсы араласып, дос болғандары тарихи шындық. Әсем қала Алматының апортын алғаш өсірген әрі көбейткен бағбан, Медеудің шөбересі Шәріпжамал Жақыпбекқызымен бірге оқып, тығыз араласқандары жөнінде алғаш құдайы көршім Шәріпжамал апаның туған сіңлісі, қазір көзі тірі Шарбан Жәйшібекова апамнан естідім. Ұзақ жылдар геология саласында қызмет атқарған Шарбан Жақыпбекқызы апамыз зейнет жасына жеткен соң М.Әуезов музей-үйінде (Алматы қаласы, М. Төлебаев көшесінде орналасқан) қызмет атқарып келеді. Күнделікті республикамыздың түпкір-түпкірінен ағылып келетін қонақтарды қарсы алып, музейдегі барлық экспонаттармен екі тілде бірдей (қазақша, орысша) барлық тарихи деректермен таныстырып шыққанда, тәнті боласыз. Естен шықпас сондай оқиғаның бірі осыдан 4-5 жылдай уақыт бұрын Қарағанды қаласында тұратын, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрсұлу Букетова музейге арнайы барып, кездейсоқ Шарбан апаймен танысады. Сонда Шарбан апамыз Ебіней Арыстанұлының немере қарындасы, тектінің туысы екенін білген соң, ағынан жарылып, туған әпкесі Шәріпжамал мен Ебінейдің құрбы-құрдастарымен, достарымен бірге жиі үйлерінде болғанын айтқаны бар. Сонда Ебінейдің жас кезінен зерек, ақылды азамат екенін бірден байқаған әкеміз Жақыпбек Жәйшібекұлы балалары – бізге тәлім-тәрбие ретінде айтып отыратынын, ал, шешеміз Қайнар Рақымбекқызының қолынан талай дәм татқанын еске алды. Достыққа адал, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін әрқашан қастерлей білген Ебіней сол кісілер дүниеден өткен соң да арнайы келіп, көңіл айтқан екен. Туысқан немере ағасы туралы Шарбан апамыздың айтқан естеліктері Нұрсұлу Ыбырайқызының жадында деп ойлаймын.
Ғұлама ғалымның титанның және оның қосылыстарының электр-химиялық қасиетін түбегейлі ғылыми зерттеуді тапсырған аманатын орындап, ерімейтін өте қатты металдардың бірі титанды еріткен, ұлттық ғылымды асқақтатып әлем ғалымдары алдында ғылыми дәрежесі өскен зерек шәкірті Абдуали Баешов ағаға халқымыз дән риза шығар. Адамдық қастерлі қалыпты жоғары ұстау кім-кімге де болса, үлкен сын. Абдуали Баешұлы ұстазы Ебіней аға дүниеден өткенде қатты толғаныспен көкейіндегі сағыныш мұңды Құдайдың құдіретімен күй қылып шығарады. Өз әкесіндей қамқоршы, ғылыми жетекшісі болған ұстазына арнап шығарған күйі «Ұстаз» деп аталады. Дәулескер кәсіби күйші болмаса да Алланың берген, ата-анасының тегінен дарыған тума талантының арқасында «Арыстанбаб дәуірі», «Яссауи толғауы» және басқа да бірнеше күй шығарып, ұлт руханиятын байытқан ғалым шәкірті бүгінгі таңда есімі әлемге мәшһүр тұтастай қазақ ұлтының ғылымын өркендеткен ғалымның жаңашылдық болмысы бөлек. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Абдуали Баешұлы «Елу жыл білім мен ғылым жолында» атты кітабының алғысөзін «Атақты академик, аяулы ұстазым Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің 95 жылдық мерейтойына арнаймын» деп бастағанын да айтып өткен орынды.
Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Өнегелі адамдар өмірі» («ЖЗЛ») сериясымен жарыққа шығатын кітаптарда елімізден саусақпен санарлық қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен өнердің дарабоздары енген. Солардың арасында былтыр фәниден өткен аптал жазушы Медеу Сәрсеке ағамыздың құрастырушы автор ретінде жарық көрген «Евней Букетов» атты ғылыми кітабы бар. Ебіней Арыстанұлы туралы жазылған жинақ өте шымыр шыққан. Көптеген деректерімен құнды. Айта кеткен жөн, кезінде «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен, «Қ.И.Сәтбаев», «Ермұхан Бекмаханов» және басқа да ғылыми жинақ еңбектерін қалдырған, бірнеше прозалық және аударма кітаптардың авторы – Медеу Сәрсеке ағамыздың ерен еңбегі еліміздің жас ғалымдарына әлі талай азық болатыны сөзсіз. Ебіней Арыстанұлынан да бұрын халыққа әйгілі адамдар өмір сүрген. Олардың ізгілікті ізі, ісі мен ерлігі жөнінде халық аузынан естіп жадына тоқып өскен, кейбірінің көзін көргенін Ебіней Арыстанұлы сол кісілерге деген ілтипат, құрметін ешқашан төмендетпеген. Ежелден ұлыларын ұлықтаған, ұстаздарын құрметтеген халық болғандықтан, қазақ ғылымының көшбасшысы Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, геология және минералогия ғылымдарының докторы, профессор, тұңғыш академик, геолог Қаныш Сәтбаев туралы «Академик Қ.И.Сәтбаев» (90 жылдығына арнайы жазылған естеліктер жинағы) деп аталатын кітабына арнайы енген Ебіней Арыстанұлының: «Сөнбес жұлдыз» атты мақаласынан үзінді: «Үлкен адамдардан қалған рухани мұраға жеңіл-желпі қараушылықтың өзі жақсылыққа апармақ емес. Игілікті ісімен халықтың есінде қалған адамдар туралы біз жазуға тиістіміз. Өйткені, үлкен адамдар туралы жазу дегеніміз – олардың өмір тарихын зерттеу болып табылады. Олардың игілікті істерін, тіршіліктегі ғибратын кейінгі буындар тек ойланып, жіті зерттесе ғана іске асырып, бойына сіңіріп, өз игілігіне пайдалана алмақ. Өнегелі адамдардың өмір тарихында өз кезіндегі тіршілік жетістіктері тәжірибесі жинақталған. Бұл тәжірибені мейлінше пайдаланбайынша халықтар алға қойған мақсатына жету жолында ойдағыдай жедел, ілгерілей алмас еді. Қаныш Имантайұлы ең алдымен үлкен ғалым болатын. Оны бұл дәрежеге жеткізген оның еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығы. Ешбір табыс өзінен өзі келмейтінін жақсы білген ғалымның қағидасы «Бейнетте береке» боларын түсінген. Ол алға қойған мақсатына тезірек жету үшін білімді білетіндерден тынбай үйренген, үлкен ғалымдарды ұстаз санаған, соларға ұқсауға тырысқан. Білмегенін білуге асығу оны әрдайым ізденіске әкеліп отырған. Оның барлық әрекеті тек күн көру ғана емес, халқына керек ғылыми жаңалықтар табу жолына бағытталған. Қанекең жаңалықты жанындай жақсы көретін жан еді», – деп тебірене жазады. Ебіней Арыстанұлы өзінің ұстазы жөніндегі ой-пікірінен қарапайымдылығы, кішіпейілділігінен ұлт руханиятына деген асқан жанашырлығы көзі қарақты, қырағы жанды тамсандырып таңқалдырады.
Ебіней Бөкетовтің жазған ғылыми еңбектері мен мақалалары өмір бойы ғылым саласына қызмет еткендіктен болар, ақыл-ойының тереңдігі мен білімінің ұшан-теңіздігін көрсетеді. Электрлі химия саласының білгірі Ебіней Бөкетовтің айрықша бір қасиеті – химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де, филологпен де, тарихшымен де, тағы да басқа ғылым саласының белді өкілдерімен өздерінің ғылыми тілдерінде сөйлесе білуі эрудит білімділігінің шын белгісі. Парасаттылық, білімдарлық, сабырлылық, ыждаһаттылық бәрі де ақылға байланысты. Сайып келгенде, өнеге аларлық «сегіз қырлы, бір сырлы» нағыз білімпаздың өзі екенін мойындау керек.
КСРО Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ғылым және қоғам қайраткері Ебіней Бөкетовтің тұла бойына туа біткен жазушылық, сыншылық өнері, жас кезінен қазақ ауыз әдебиетіне оның тіліне деген риясыз жанашырлығынан көрінетін қасиет. Ғылым қайраткерінің «Атан қомында туған ұл» деп аталатын қызықты да тартымды кітабы бар. Әдеби көркем кітап халқымыздың дара перзенті екі мәрте С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін басқарып, Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін екі рет ұстаған, денсаулық сақтау саласына өзіндік із қалдырған айтулы эпидемиолог-ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Ишанбай Қарағұловқа арнап жазылған тың туындысы сол кездің өзінде-ақ оқырмандардан оң бағасын алған, шымыр шыққан шығармасы күн өткен сайын рухани құндылығын арттырып, өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Жоғалтуға тиіс емес, себебі, ақиқатқа негізделіп жазған Ебіней Арыстанұлының өзі де ақиқат жолы – әділеттіліктен бір айнымай ар-намысын ешқашан кірлетпей өткен, нағыз ерге тән қасиетке ие азамат. Сондай-ақ, ол әлемдік дәрежедегі ақын-жазушы, дарынды тұлғалардың сонымен қатар, Кеңес Одағындағы халыққа кеңінен әйгілі орыс халқының заңғар жазушыларын, дүлдүл ақындарын, қазақша сөйлеткен ұлт суреткері деп айтсақ, шындықтан алшақ кете қоймаспыз.
Өз саласындағы аса ірі тәжірибесі толағай мамандардан жоғары баға алған ғалым-химик Ебіней Арыстанұлы заманында айтылған жала сыннан қуғын-сүргін көрсе де, барлығын да сабырымен жеңген ғылымның шын сардары. Кең қазақ бәрін кешіреді. Бірақ өзінен білімі, таланты асқанды еш кешіре алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Білімі артып бара жатса, еңбегіне қарай құрметке елдің ыстық-ықыласына бөлене бастаса, аяқтан шалуды, құрдымға кетіруді ойлайтындар арамызда жоқ емес. Осындай соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан аман-сау өткен Ебіней Бөкетов халқына еткен адал еңбегімен, әріптестері мен шәкірттеріне және ғылымдағы жасампаз ғылыми жаңалықтары, адамгершілік қасиеттері арқылы еліміз қадір тұтқан дана да дара перзенті болғаны рас.
Егемендікке жолашар із салып, ғылымдағы ашқан өміршең ғылыми жаңалықтарын өрістеткен, көрнекті ғалымның ғылым жолы ғасырларға ұласып жаңара да, жасара да түсуі ұлт ғылымының айқын да нәтижелі жетістігі болмақ. Ебіней Бөкетовтің соңында қалған ғылыми, рухани құнды жәдігерлерінің астарында маңдай тері және ой-ақыл еңбектері қисапсыз екені анық.
«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» дейді кемеңгер Абай атамыз 32-ші қара сөзінде. Ғұлама ғалымның өзімен қызметтес замандастарының айтуына, жазған естелік мемуарларына қарағанда Ебіней Арыстанұлы халқымыздың фольклоры саналатын әуезді әндерін, күмбір-күмбір күйлерін нақышына келтіре орындап, домбыра шертіп, ән салғанда таңырқап, құмартпайтын жан кемде-кем болған көрінеді. Талантта тұсау болмайды. Таусылмайтын кен Жер-Анамыздың кеудесінде болса, әсем ән, жыр мен күй – ойшыл елдің көкірек көзінде, ал ғылым, білім ғұлама ғалымдар жүрегінде жатса керек. Жоғарыда айтқандай, Ебіней Бөкетов өз заманында ғылымдағы тағдыр жолы тақтайдай тегіс даңғыл болмағаны айналасына белгілі. Оның басты себебі: көреалмаушылық пен іштарлық. Ол жасырын емес. Бұл фәнидің асылы да, сасығы да адам ғой, шіркін! Осындай оқиғаларға кез болып жүдесе де, ешкімге арлы басын еңкейтпей, еңсесін түсірмей өткен Ебіней Арыстанұлы атамыздың ата-анасынан дарыған сабырлылық қасиеті, тектілігі әрісі бірегей ғалымдығында жатқан болуы керек.
Ұлтымыздың әлеуеті саналатын ғылымды саналы өмірінде өрге сүйреген ғалымның ғылымдағы өзіндік ғылыми өрнегі әрдайым маңыздылығымен ерекше көз тартады. Орталық Қазақстанда 1958 жылы ашылған Қарағанды химия-металлургия институтында басшы болып жүргенінде жүздеген дарынды жастарды ғылымға баулығанының өзі халқымыздың кемел келешегін ойлағандығынан екені дау тудыра қоймас. Жаратылыстану ғылымдарының үлкен бір саласы электрлі химияның рөлін, сонымен қатар оның өндіріс орындарында орасан зор маңызы терең екенін болжап, бағалай білген шынайы білгірдің өзі. Кезінде, химия-металлургия институтында директор бола жүріп, бір күнге де ғылымнан қол үзбей дарынды шәкірттер тәрбиелеген ғылымға жаралған, ұлтты ұйыстыратын ізгілікті істердің ұйтқысына айналған танымы, түсінігі кең адам. Жұмбағы көп, сыры толық ашылмаған химия ғылымының барлық тармақтарында жас мамандарды тәрбиелеп, өмірдегі ең таза жолдардың бірі – ғылым жолына даярлауды өзіне басты ұстаным етіп, тұла бойындағы интеллектісімен тікелей қатысып, жақсы қасиеттері мен мектебін қалыптастыруда жас кезінен өзі ынтық болған ғылымының өресі биік жанкүйері екені барша шәкірттерінің есінде. Өз қатарларынан қалпы, ортасынан ойы озған заманауи ғалым шәкірттерінің біразын атап айтқанда, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдірәсіл Жәрменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Жантөре Әбішев атындағы химия-металлургия институтының директоры Сайлаубай Байсанов, жоғарыда атап өткен, Абдуали аға жұбайы Ажар апа Баешовтар отбасын айрықша атауға хақылымыз. Сонымен қатар, өздеріне ғылыми жетекшілік етпесе де, ұстаз тұтып қадірлейтін Қарағанды қаласында тұратын бір топ ғалым азаматтар заманында бір мекемеде ғылыми жұмыстар жасап, тәлім-тәрбиесін алған ғылым докторлары, профессор, академиктер: Болат Қасенов, Бораш Төлеуов, Арыстан Ғазалиев, Серғазы Әдекеновтерді атамау мүмкін емес.
Ебіней Бөкетовтің көптеген ғалым шәкірттері еліміздің жан-жақты өсіп-өркендеуіне ұлттық ғылымымыздың айтарлықтай дамуына, алыс-жақын шет елдерде үздіксіз қызмет жасауда. Барлық ізбасар шәкірттерін, өзінің дайындаған кадрларын өз баласы секілді жақсы көрген өнегесі мол атамыздың ғылымдағы салған сара жолын ұстазын құрметтеген аманатқа адал бүкіл шәкірттері бір дақ түсірмей жалғастырып келеді.
АҚШ-тың Кембрижд қаласындағы Халықаралық планета орталығы бекіткен тұжырымдамасы бар. Сонда 1979 жылы ашылған планета Марс пен Юпитер орталығындағы астероид белдеуінде күнді айнала қозғалатын жерден жүздеген шақырым қашықтықта ғарыш төрінде Қаныш Сәтбаев есімімен аталатын планета ұшып жүрсе, ол – халқымыздың, халықты прогреске бастаушы ғалымдардың шын қуанышы. Ғұлама ғалымдардың ғылыми ісін жаңғыртып, кең байтақ қазақ халқын әлемге әйгілейтін талантты, қазақтың зияткерлік қабілеті мол ел мерейін үстем ететін адамзат баласын таң қалдыратын жас ғалым азаматтарымыздың шығары һақ. Бұл да жақын күндегі шаруа деп ойлаймыз.
Ебіней Бөкетов асқан білімдарлығымен еліміздің мәдениетін, ғылымын ғарыштық биікке көтерген кемеңгер ғалымдығы арқылы әлемге әйгілі. Сонау 1990 жылдары үлкен бір ғаламат ғылыми ашқан тың жаңалығы үшін Америка ғалымдары аспандағы жаңадан табылған жұлдызға «Бөкетов – Баешов жұлдызы» деген атау берген. Бұл – ғалымдарға деген шекарасы жоқ құрметтің шын белгісі. Елдігіміздің абыройы ұстаз бен шәкірт сабақтастығының айқын көрінісі «Бөкетов – Баешов» ғылыми әдісі болып, жер жүзінің тарихына таңбаланған қыруар ғылыми жаңалықтың құндылығы күн өткен сайын жарқырап, жаңара беретіні, жас ғалымдарға бағыт-бағдар, ұрпаққа серпіліс жасап, серпін беретіні ақиқат.
Ебіней Арыстанұлының еңбекті өз қолымен жасаса да, еліміздің күретамыры – өндіріске де, ғылымға да сүбелі үлес қосса да «Мен» немесе «Менің басқаруыммен» деу былай тұрсын «Қатысуыммен» деген сөзді айтқаны болмаса, жазғанын көрмейсіз. Міне, үлгі аларлық, құптарлық, қуанарлық қадам деуге болады. Әрбіріміз сондай биікте бола алсақ игі еді. Ебіней Бөкетов – ақыл-ойдың жұлдызы, айрықша сипаттағы ғұлама ғалымдығы, болашақта ғылыми зерттеулерді қажет ететін өзекті ғылым саласына айналуы тиіс десек, онымыз орынсыз болмас.
Ғани СМАХАНҰЛЫ,
Абдрахман ТӘУЕКЕЛҰЛЫ
Суреттер ашық дереккөзден