Қалалық зияткерлік сайысы өтті
Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Өнер алды – қызыл тіл» атты қалалық зияткерлік сайысы өтті. Ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылған шара мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып, мәртебесін көтеруге арналды.
Байқауға қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген тіл жанашырлары қатысып, сөз өнерінен сайысқа түсті. «Мен туралы білгіңіз келсе», «Кім жылдам?», «Суреттер сөйлейді», «Егер де мен…» тәрізді зияткерлік бөлімдері, қатысушылардың сөйлеу мәдениеті, шешендік өнері мен табан астында сөз табатын тапқырлық қабілеттерін танытты.
Сайыс қорытындысында қоғамдық көлік жүргізушісі Айдос Амангелдіұлы мен Қарағанды медицина университетінің студенті Ақжүніс Бауыржанқызы Алғыс хатпен марапатталып, ынталандыру жүлдесіне ие болса, ІІІ орынды болашақ журналист Ералы Ғаниұлы, ІІ орынды “Бірінші Қарағанды” телеарнасының тілшісі Жаңабек Нар, І орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті студенттер үйінің директоры Бектас Жұман еншіледі. Байқаудың бас жүлдесімен «Мирас» балалар өнер мектебінің оқытушысы, ақын Сұлтан Дәулетхан марапатталды. Көрермендерге танымдық, тағылымдық сый ұсынған шара өз мақсат биігінен көрінді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ