Әр қаланың өз жүрегі бар. Қарағандының жүрегі – №3 жылу энергия орталығы. Мұнда күніне зіл вагондардың бірнеше рейсі кіріп-шығады. Бүтін шаһарды жылытып тұрған 7 қазандық бар. Бір қазандық сағатына 70 тонна көмір жағады. Ал, бір тәулікте мыңдаған тонна кетеді. Арқаның сықырлаған аязында, ақырған боранында сіз бен біз жаурамасын деп мыңға жуық адам осында еңбек етеді. Аумағы 60 гектар. Шойыннан құйылған алып бір қала дерсің. Бір механизм бір минутқа істен шықса, қала мұзға оранады. Мұнда қалғуға, бір сәтке де салғырттық танытуға болмайды. Былтыр қазандықтар бүлініп, қала 6 күн бойы жылусыз қалып еді. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Биылғы дайындық мамырдан басталған.
Биыл талап күшейтілген. Жылыту маусымына дайын болмаса, қазандықтарға жауаптылар аса ірі көлемде айыппұл төлейді. Мамандардың сөзінше, айыппұлдың мөлшері 10 есеге көбейген. Жаздың соңына қарай тексерулер көбеймек. Бұл орталық қаланың жүрегі секілді. Ал, жүрек бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Жүрекке қағыс беруші серіктестіктің директоры үлкен жауапкершілікті сезінетіндерін жеткізді.
– Бізде негізгі 7 қазандық бар. Сегізіншісі қосымша. Бізде өзге қосымша қазандық жоқ. Біреуінен ақау шықса, соны суытып жөндеуге кірісу үшін кемі 12 сағат уақыт кетеді. Шойыннан құйылған, үздіксіз от жанып тұрған алып пешті суыту оңай емес. Бұл – өндірсті қала үшін үлкен тәуекел. Алдағы жылыту маусымында мұндай жағдай қайталанбасын деп, қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Күндіз-түні бақылауды күшейттік. Қарқынды бәсеңдетуге болмайды. Орталық аймақтың қысы қатты. Сол себепті, жылыту орталығы сақадай сай тұруы тиіс, – деді серіктестік директоры Флюр Гарипов.
Биыл кеншілер қаласының жылу беру маусымына дайындыққа 21 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазір оған №1 және №3 жылу энергия орталықтарында жөндеу жұмыстары жасалуда. Негізгі жұмыстар №3 жылу энергия орталығында жүріп жатыр. Мұндағы екі қазандық пен 2 турбина қалыпқа келтірілуде. Өңірдегі барлық жылыту нысандарында дайындық қызу. Еске салсақ, былтыр жылу беру маусымына Теміртау қаласының энергия нысандары кешіккен еді. Енді мұндай жағдай қайталанса, жаза қатаң болады.
– Жалпы қазіргі уақытта қысқа дайындық төлқұжатын алмағаны үшін айыппұл салынады. Айыппұл 150-300 АЕК-ті құрайды. Бірақ, қазір тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Осы айыппұлдың көлемі 10 есеге ұлғайды. Жылыту маусымы келгенде салғырттық танытуға мүлде болмайды. Тәртіп қатаң болса, жұмыс та сапалы жүргізіледі, әлбетте. Біздің тарапымыздан да талап күшейген. Бақылау үздіксіз жүргізіледі, – деді атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департамент басшысы Ернар Хасенов.
Жыл өткен сайын Қарағанды қаласының аумағы кеңейіп келеді. Әсіресе, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жаңа үйлер көптеп бой көтеруде. Жылуға деген қажеттілік күрт артатыны белгілі. Тапшылықтың алдын алу мақсатында жаңадан салынған тұрғын үйлер аумағына №3 орталықтан құбыр тартылып жатыр.
– Жылу құбырының ұзындығы 24 шақырым. Осы жылға қаржысы қарастырылған. Жалпы суммасы 40 млрд. теңгеден асады. Биылға толығымен игеріледі деген жоспарымыз бар. Жалпы өңірге қарасты барлық 7 аудан мен қалаларда жылу маусымына дайындық жіті назарда. Энергиямен қамту орталықтарына отын жеткізу мәселесі де бақылауда, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz