Жаңалықтар

Қала сәні – саябақ

Қала тұрғындарының сүйікті орны – орталық саябақ ерекше кейіпке енбек. Бұл жөнінде Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ саябақ басқармасының қамқоршылық кеңесімен өткен кездесуде хабарлады.

Қала тұрғындары бос уақыттарын бала-шағасымен саябақта өткізетіні белгілі. Табиғатпен өзара байланыста болып, жасыл желекке деген қамқорлықты, табиғат тазалығын сақтауға деген жауапкершілікті сезінуде мәдени-демалыс орнының эстетикалық кейпі қашанда басты назарда. Осындай көпшілік демалатын орталық саябақты заман талабына сай жаңарту және түрлі іс-шаралар өткізуге лайықты жағдай жасаудың маңыздылығы да жиында қызу талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Халел Әкімжанов «Қарағанды қаласының мәдени және демалыс саябақтары мен гүлзарлары» атты тақырыпта атқарылған жұмыстар мен жүзеге асатын жоспарларға кеңінен тоқталып, мәдениет және демалыс орны – орталық бақты дамытудың кешенді бағдарламасымен таныстырды.

– Бастысы демалушылардың қауіпсіздігі. Осы орайда, саябақтағы барлық алаңдарға 250-ден астам бейнебақылау құрылғысы қойылды. Полиция отыратын пункттер жөнделіп, толықтырылды. Алдағы уақытта патрульдік автокөлік сатып алу жоспарлануда. Саябақтың орталық бөлігіне апаратын, каскад пен саябақ арасына және С.Сейфуллин театры мен қайыңды алаңға апаратын үш жаяу жүргіншілер өткелінің нұсқасы жасалды. Жалпы, саябақ келбетін дұрыстау және адамдардың алаңсыз демалуын, яғни сұранысын қанағаттандыратындай деңгейде ұйымдастыруды қолға алып отырмыз, – деді Халел Әкімжанов.

Саябақ ішіндегі пирстерді қалпына келтіру, шомылу аймақтарын белгілеу, қайыңды алаңда тұрғындардың тыныштықта демалуына қолайлы аймақ қалыптастыра отырып, күннен қорғайтын орындықтар орналастырылады. Демалыс орнында бала мен ана жайы да басты назарда. Арнайы бөлме бөлініп, балалар арбасы мен шаналар жалға берілмек. Табиғат аясында тамақтану орындары да қарастырылып, арнайы волейбол аумақтары бекітіледі. Толығымен жарықтандыру мәселесі шешіліп, балалар кеңістігі – ойын алаңдары жасалмақ.

Саябақ алаңдарын қыс мезгіліне сай безендіруде жақын арада қолға алынып, сырғанақ алаңдары, жаңажылдық атрибуттар орнатылады. Федоров су қоймасындағы жағажайлар кеңейіп, абаттандырылмақ. Жоспар бойынша, жағажайдың іргелес аумағын жабдықтау, автокөлік тұрағын асфальттау, қосымша дәретханалар мен қоқыс жәшіктерін қою, жарықтандыру бағандарын орнату жоспарлануда.

Демалыс, мәдени-сауықтыру орталығын абаттандыру, көріктендіру мақсатында жасалатын жүйелі жоспар аясында бірқатар стратегиялық міндеттер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, көлді тазартудың жолдары анықталып, судың сапасы мен құрамына талдау жүргізіп, таза суға балық жіберу жұмыстары жүргізілді.

Жиын барысында, кеңес мүшелері орталық саябақтағы жасалатын ауқымды жұмыстармен танысты. Қалпына келтіру, көріктендіру мен абаттандыру жұмыстары аясында желектердің де кесілмеуіне, әсіресе, қайыңды алқапты қорғауды басты назарда ұстау қажеттігін баса айтты.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button