Жастардың кәсіпкерлігін қаржылай қолдап, дамыту мақсатындағы Шахтинск қаласы әкімінің гранты 2021 жылдан бері беріліп келеді. Өткен жылы оны қалалық әкімдікке өздерінің бизнес-жобаларын ұсынған 17 жас жеңіп алып, жұмыстарын бастап та кеткен.
Ал биылғы қараша айында тағы 17 қыз-жігіт бизнес-жобаларымен конкурста жеңімпаз болып, әрқайсысы 1 миллион теңгеден Шахтинск қаласы әкімінің грантын алды.
– Бұл жобаларда жас кәсіпкерлер көптеген қызмет пен кәсіп түрлерімен айналысқысы келетінін көрсеткен, – деді Шахтинск қалалық Жастар орталығының қызметкері Әсем Асқарова.
Мәселен, Нұрлан Кәрімов автомобильдерді бояу шеберханасын ашпақ болса, Үмітхан Шораханова медициналық кабинет ашпақ ойда. Ендеше осылардың барлығының жұмысына сәттілік тілейік!
Ержан ИМАШ,
Шахтинск қаласы.
Ortalyq.kz