Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қала тұрғындарына алдағы күндері қатты аяз болатынын ескертіп, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Синоптиктердің болжамына сүйенсек алдағы күндері қатты аяз болмақ. 4-5 күн бойы төмпература айтарлықтай төмендеп, ызғарлы күндер болады деп күтілуде.
Барлық коммуналдық қызметтердің, әсіресе жылу көздерінің, сумен жабдықтаудың, су бұрудың және электр энергиясының жұмысын ерекше бақылауда ұстап отырмыз.
Жеке сектор тұрғындарына, балабақшалар мен басқа да ұйымдардың директорларына өтінішім бар. Қақаған аязда, әсіресе түнде сантехниканың, тіпті кәріздің қатып қалу қаупі бар. Су құбырының қатып қалуына жол бермеу үшін су құбырларындағы ағынды және тұрақты айналымды сақтап қалу үшін суық су шүмектерін аязда сәл ашық қалдыруды ұсынамын, – деді қала әкімі Instagram парақшасында.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ
Сурет, видео: қала әкімінің Instagram парақшасынан