Балқаш қаласының əкімі Сапар Сатаев ардагерлермен кездесіп, қызмет атқара бастаған уақыттан бергі жұмыстарына тоқталды. Халықтың мақсат-мүддесінің дұрыстығына ризашылығын білдірді.
– Қаладағы қоғамдық шаралар мен бастамаларға аға буын өкілдері белсенді түрде атсалысып келеді. Бүгін сіздердің ақыл-кеңестеріңізге құлақ асып, пікірлеріңізді тыңдау үшін арнайы кездесу ұйымдастырып отырмын, – деген қала басшысы қариялардың елімізді дамыту жолындағы игі істерден шет қалмайтынын атап өтті.
Кездесуде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов ардагерлер атқарып жүрген жұмыс барысын баяндай келе, ауыз су, суару жүйесі, экология, көл суының төмендеуі, құрылыс жұмысына қатысты азық-түлік бағасы жəне көгалдандыру сынды əлі де түйіні шешілмеген түйткілдердің бар екенін айтты.
Ардагерлердің сұрағы бойынша қала басшысы шағын шаһарда қолға алынған жұмыстар мен алдағы жоспарларына тоқталды. Басты мақсат – тұрғындардың табысын жақсарту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану, ол туралы тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізу, инвестиция тарту, ауыл əкімдерінің жұмысын күшейту, жаңа жұмыс орындарын құру, əлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру екенін айтты. Сондай-ақ, кездесу барысында металлургия саласының ардагерлері Қамза Тынышбаев əкімге батасын беріп, кітабын сыйға тартты.
– Балқаш – мысшылар шаһары. Мұнда Ұлы Отан соғысы жылдарында тек жеңісті жақындатқан жандар ғана емес, металлургиялық алыптарды тұрғызған адамдар өмір сүрді, өсіпөнді. Осы адамдардың арқасында біздің қаламыз дамыды, кеңейді. Бұл туралы кітабымда тарқатып жаздым. Бүгінгі таңда олардың балалары мен немерелері əкелер мен аталар жолын жалғастыруда, – деді Қамза Тынышбаев.
Кездесу соңында қала басшысы Сапар Қайыркенұлы сұрақтарға жауап беріп, қарияларды қолдау шаралары жалғасатынын, жиында көтерілген барлық ұсыныс ескеріліп, мəселе назарға алынып, нақты жұмыс атқарылатынын атап өтті.
Нұрдос КƏРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz