Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен 11 сәуірден «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынған еді. Бір айға бекітілген акцияның әр апталығына атау беріліп, ел-жұрт жаппай сенбілікке шықты. Бүгінде акция аясында Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мұрындық болуымен «Таза су айдындары» табиғатты қорғау мақсатында еріктілер Федоров су қоймасының аумағын қоқыстан тазартты.
Жаппай сенбілікке Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығының қызметкерлері, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінің студенттері қатысты. Жалпы, аймақта 201 су айдыны бар десек, оның 104-і бекітілген. Ал, 97-сі – резервте. Яғни, бекітілген су қоймалары кімге тиесілі болса, тиесілілер сол аумақтың тазалығына жауап береді. Резервтегі 97 су айдыны мемлекетке қарайды. Яғни, инспекторлар мен еріктілер тиісті басқармалармен бірлесіп жұмыс жасайды. Осы акцияны негізге ала отырып, еріктілер Федоров су қоймасын бетке алды.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде «Таза Қазақстан» табиғатты қорғау акциясын өткізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта өңірде жыл сайын балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасымен «Таза су айдандары» табиғатты қорғау акциясы өтеді. Бұл жолы ел Президенті «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұсынды. Бұл жолы осы акция аясында Федоров су қоймасын қоқыстан тазарту үшін жаппай сенбілікке шықтық. Сенбілікке инспекция қызметкерлерінен бөлек, университет студенттерінің қатысқаны да көңіл қуантады. Су айдынының жағалауын тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарттық. Су айдынына тасталған қоқыс түрлері мен торларды сыртқа шығардық, – деді «Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.
Сенбілікке шыққандардың қатары қалың. Олар сенбіліктің соңына дейін 50-ге жуық қоқыс толы қап шығарды. Еріктілердің ішінде үнемі осындай шаралардан қалыс қалмайтын студент Арайлым Сатыбалды да бар.
– Қыс бойы балықшылар айдынға тор құрып кетеді. Торларын уақытылы жинап алса, кейбірі қалдырып кетеді. Немесе құрған жерлерін таппай қалады. Тіпті, балық аулаған жерін жинамай да кететіндері бар. Ал, қар еріп, күн жылынғанда бәрі қара жер бетіне шығады. Су айдындарын қоқыстан тазарту үшін балық шарушылығы инспекциясымен бірігіп, жаппай сенбілікке үлес қосты. Биыл емес, әр маусым сайын сенбілік өткізіп, су айдынының ластануына жол бермейміз. Осындай шараға сіздерді де шақырамын, – деді ерікті Арайлым Сатыбалды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»