Спорт

Ала доп, қызыққан бала көп

Өңірде былтырдан бері Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының бастамасымен облыс орталығындағы біршама мектепте «ALGA!» жобасы іске қосылған болатын. Бүгінде сол жоба аясында қаладағы сегіз мектептің басын қосып, жолдастық кездесу матчын ұйымдастырды. Шарт бойынша оған тек аталған мектептердің 3-4 сынып оқушылары ғана қатысқан. Әр команда толыққанды 12 жолдастық кездесу өткізіп, өзара мықтыны анықтады. Әрі оқушылар өзара тәжірибе алмасып, футболға деген қызығушылықтары арта түсті.

Сурет QOFA

Мектеп футболын жүйелі түрде дамытып, балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін ерте жастан қалыптастыру – «ALGA!» жобасының басты мақсаты. Жобаға қатысатын әр мектепте дене шынықтыру пәнінің бір сағаты толықтай футболға арналған еді. Әрі футбол сабағы UEFA стандарттарына сай әзірленген әдістемелік материалдар негізінде өткізіліп келеді. Сегіз мектептің 80 оқушысы жолдастық кездесуге қатысып, деңгейін көрсетті. Ал, сол жолдастық кездесуді өткізу үшін QOFA ұйымы ойындар өтетін алаңдарды өздері тауып беріп, тіпті, қажетті құрал-жабдықтармен де толық қамтамасыз еткен.

– Балалардың дайындық деңгейін көріп, жоғары бағаладым. Футбол сабақтарын өткізу жүйесінің нақты нәтиже беріп жатқанын байқадым. Сондай-ақ, мұғалімдердің дайындық деңгейі де жоғары екенін атап өткім келеді. Ал, болашақта балалардың кәсіби спортта өздерін сынап көруге мүмкіндіктері мол, – деді жоба әдіскері, «Шахтер» футбол командасының жаттықтырушысы Жәнібек Аллабергенов.

Аталған жолдастық кездесу алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылар енді көктемде ресми турнир өткізуді жоспарлауда. Ендігі жолы қатысушылар жүлделі орындар мен бағалы сыйлықтар үшін бақ сынамақ.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button