Covid-19

Алаңдауға негіз жоқ

Елде вакциналау басталғалы бері вакцина туралы небір қауесет айтылды. Екпе атаулыға қарсы пікірдегі антиваксерлер вакцина құрамында чип те, ауыр металдар мен сұйық кристалдар да бар деп шығарды. «Оны алғандар алмағандарға қауіпті» деді. Тіпті, бедеулік, обыр сияқты аурулардың пайда болуына әсері бар дегендер де болды. Оның барлығын елдің Денсаулық сақтау министрлігі де, ғалымдар да жоққа шығарды. Олар фейкке емес, ғылыми дәлелденген ақпаратқа сенуге шақырады. Вакциналар әртүрлі болғанымен, оларға қойылатын талап ортақ – сапасы мен қауіпсіздігі.

 

Бір емес, жүз емес, миллион адамға салынатын вакцинаның қауіпсіздігі басты критерий екені сөзсіз. Дегенмен, коронавирусқа қарсы вакциналардың тез әзірленіп жатқандығы да халық көңіліне күдік ұялатқаны рас. Оның үстіне олардың тиімділігі әлі зерттелуде. Қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты әлемнің көптеген елдері коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды қолданысқа жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Сондықтан, толық зерттеуі аяқталмаған вакциналар әлемнің барлық елінде қолданыста екенін білген жөн.

Ресей Федерациясы «Спутник V» зерттеулерін осы мамыр айының басында аяқтауды жоспарлап отыр. Ал, әлемдегі көптеген фармацевтикалық компаниялар өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды. Дегенмен, белгілі Lancet ғылыми журналы жылдың басында-ақ Гмалей атындағы Зерттеу орталығында жасалған ресейлік «Спутник V» вакцинасының үшінші клиникалық зерттеулер кезеңінің нәтижесін жариялаған болатын. Алдын ала нәтиже бойынша оның вирусқа қарсы тиімділігі 91,6% еді. Вакцинаның қорғаныш әсері 60 жастан асқан адамдар арасында да өз тиімділігін көрсетті. Зерттеулер қорытындысына сүйенген аталған орталықтың басшысы Александр Гинцбург «Спутник V»-ден кейінгі иммунитет шамамен 2 жылға дейін сақталатынын мәлімдеген болатын.

Енді, Еуроодақтың Дәрі-дәрмек құралдарының еуропалық агенттігі ресейлік вакцинаны тағы да зерттеп жатыр. Агенттік рұқсат берген вакциналар ғана Еуропа елдерінде қолданыла алады. Яғни, «Спутник V» аталған агенттіктің мақұлдауын алса, оны қолданатын елдер қатары артатын болады. Оны қазірдің өзінде әлемнің 60 елі қолданып жатыр.

Әрине, қазақстандық «QazVac» вакцинасы туралы бұлай айтуға ерте. Осы аптада ғана қолданысқа енгізілген отандық вакцинаның қауіпсіздігін министрлік растап отыр. Оның дәлелі ретінде министр Алексей Цой алғашқы болып, «QazVac»-ты алған болатын. Вакцинаның клиникалық зерттеудің I-II фазасының нәтижелері бойынша, есептер және III фазасының аралық есебі оның қауіпсіздігін растайды. Қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі хаттамада көзделген зерттеу субъектілерінің 50% белгісінен өтті және оны ағымдағы жылдың 25 маусымында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін «QazVac» тиімділігін толық бағалау жүргізіледі.

ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреевтің айтуынша, қазір қолданылып жатқан вакцинаның бәрі сынақтың барлық түрінен өткен.

– Күрделі сынақтан өткен соң ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан рұқсат алады. Содан кейін барып қана тәжірибеде қолданылады. Бүгінде қазақстандықтар коронавирусқа қарсы екі вакцинаның бірін таңдай алады. Екеуінің де тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген. Сондықтан, қорқатын ешнәрсе жоқ. Ал, таңдауға келсек, әркім өзі таңдайды. Егу бөлмесінде екі түрі ұсынылады, егер бір түрі болмай қалса, барын салдыра беріңіз. Таңдаған вакцинаны ғана салдырамын десеңіз, жеткізілуін күтуіңізге әбден болады, – деген еді С.Әміреев брифинг барысында.

Одан бөлек, биылғы қаңтардан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндіріліп жатқан ресейлік «Спутник V» де қауіпсіз. – Вакцина Қазақстан Республикасында тіркелген, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Фарида Макеева.

– Оның әр сериясы қауіпсіздік пен сапа бағалауынан өтеді. Жылдың басынан осы уақытқа дейін 850 мың доза вакцина жіберілді. Қауіпсіздік пен сапа бақылау нәтижесі келгеннен кейін тағы вакцинаның 900 мың дозасы өңірлерге жіберіледі. Халықтың алаңдаушылығына еш негіз жоқ. Вакцина қауіпсіз әрі сапалы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бастап әлемдік, отандық ғалымдар вакцина алуға шақырады. Ол індетті ауыздықтаудың әзірге жалғыз мүмкіндігі.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button