Бас тақырып

“Алаң да, алаң, алаң жұрт” немесе тасқынға тосқын қоя аламыз ба?

Апталап соққан ақтүтек Арқа жұртын абдыратып-ақ тастады. Қар тазалау, құтқару қызметтері тәуліктік режимде жұмыс істеп, өкінішті жағдайлардың жолын кесті. Десек те, қар құрсауында қалған көлік жолдары мен аулаларды әлі тазалап үлгермей жатырмыз. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК мырза да өзінің «facebook» парақшасында «Кейінгі 15 жылда облыста мұндай қарлы қыс болған емес. Техника 10 күннен бері күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Алдымызда аязды күндер күтіп тұр. Оған дейін қар жолдары тазартылатын болады» деп, тұрғындарды сабырға шақырды. Иә, аспан мен жерді тұтастырып жіберген ақтүтек ашылғалы қар тазалау жұмыстарының қарқын алғанын көріп отырмыз.

 

«Күн жаманы ашылар» демекші, тау-тау болып үйілген қардың қиындығы уақытша екенін де біледі жұрт. Жыл сайын қар жамылып, мұз жастанып, «кәрі құданың» кәріне төзім танытып келе жатқан Қарағанды жұртшылығы дәл биылғыдай қыстың көптен болмағанын айтып жүр. Алайда, халықтың алаңы – басқада. Әсіресе, Бұқар жырау ауданының тұрғындары «қар суымен қалқып кетпейміз бе?» деп алаңдауда.

Бұл туралы аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетінің тілшісі Татьяна Курбанова басылым бетінде мәселе көтеріп, дабыл қақты. Мәселеге біз де майшаммен үңілген едік. Шынымен-ақ, халықтың алаңдайтын жөні бар екен.

Рас, қар жылдағы мөлшерден әлдеқайда көп түсті. Апта басындағы аппарат жиынында облыстың жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов: «1 қаңтар мен 26 қаңтар аралығында облыс аумағында қардың екі айлық мөлшері жауды. Яғни, қалыпты номадан (17 мм) 26%-ға артық. Мөлшерден тыс жауған қардың қалыңдығы жол тазалау жұмыстарында айтарлықтай қиындықтар туғызуда» деп мәлімдеген. Иә, күрделі ахуал. Бірақ, жолды да, көшені тазалап алардай қауқарымыз бар екеніне кешегі «Біз біргеміз» атты қар тазалау акциясында көзіміз жетті. Ал, көктемгі қарғынға қаншалықты қауқарлымыз? Мәселе осында болып отыр. Бұқар жырау ауданы, Ғабиден Мұстафин кентінің тұрғындарын осы мәселе қатты алаңдатып отыр. Кент тұрғындары 2015 жылдан бері су тасқынының зардабын тартып-ақ келеді. Ел біткен көктемді үмітпен асыға күтетін болса, мұстафиндіктер үреймен қарсы алады. Ана бір жылы үйлерін су шайып, дүниелері бүлінген. Бірлі-жарым малдары суға кеткен. Ал, биылғы қыстың райы – жылдағыдан әлдеқайда қауіпті. Өйткені, қар – қалың.

Оның сыртында, ауыл іргесінен құм өндіріп жатқан жекеменшік кәсіпорын өзен арнасының тарылуына септігін тигізіп отыр. Татьяна әріптесіміздің мәлімдеуінше, «Нұрнамысстрой» ЖШС құмды бұл уақытқа дейін 1 Май ауылы мен Ғ.Мұстафин кентінің ортасынан қазып келген. Кейін өндіріс ауқымы кеңейіп, экскаватордың шөміші кент шетіндегі Набережная көшесінің іргесіне ауыз салыпты. Сондай-ақ, Нұра өзенінің үстінен өздері үшін өткел салып алған көрінеді. Бұл көпір көктемгі су тасқынына айтарлықтай кедергі келтіріп, өзен арнасының жайылуына алып келеді деген қауіп бар. Ал, жайылған су кентке қауіп төндіреді. Тұрғындардың алаңы – орынды. Талабы ше? Талабы – құм өндірушілердің салып алған өткелдерін бұзып, су арнасының тарылуына жол бермеу.

Онсыз да мөлшерден көп артық жауып, ауыл маңында тау-тау болып үйілген қардың өзі ерігенде өзен суына қосылып, Нұраның арнасын едәуір көтеріп жіберетіні белгілі.

Бұл мәселе қар жаумай, боран соқпай тұрып-ақ, аудан басшыларының, облыстық құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен 2019 жылдың соңында қызу талқыланған. Оған аудан әкімі Шагурашид Мамалинов, аудандық мәслихат хатшысы Асхат Әли, облыстық өнеркәсіп және индустриалды даму басқармасы басшысының орынбасары Андрей Уманцев, «Нұра-Сарысу су бассейні инспекциясының» бөлім басшысы Қайрат Ұрымбаев, басқа да мекеме-ұйым басшылары мен полиция, прокуратура өкілдері қатысып, мәселені жан-жақты таразылап, тұрғындар назына құлақ асты. Тұрғындар көктемгі тасқынсыз-ақ, қазірдің өзінде жерасты сулары көтеріліп, кенттегі әкімшілік ғимараттар мен үйлердің жертөлелері көлкіп тұрғанын айтты. Ол ылғал ғимарат қабырғаларына сіңіп, ірге көгеріп жатыр.

Ұзақ жыл медицина саласында қызмет еткен ардагер Б.Әлжанова мектептің де жертөлесі суға толып, іргетасы сөгілуге шақ тұрғанын айтты. Шамадан тыс ылғалдың адам денсаулығына келтірер залалына тоқталған байырғы дәрігер ауыл іргесінен құм өндіріп жатқандардың әрекеті де халықты күйзелтіп отырғанын тілге тиек етті.

Ал, облыстық өнеркәсіп және индустриалды даму басқармасы басшысының орынбасары Андрей Уманцев мырза қазір кент тұрғындарының шағымына байланысты тексеріс жүріп жатқанын, егер «Нұрнамысстрой» ЖСН-нің әрекетінен қандай да бір заң бұзушылық анықталса, олармен жасалған келісім-шарт бұзылатынын айтты. Тұрғындар болса, келісім шарттан бұрын Нұраның табиғи арнасын жауып тұрған жасанды көпір бұзылсын деген өтініштерін алға тартады. Еңбек ардагері, кент қоғамдық кеңесінің төрағасы Л.Базелев «Құм өндірушілердің жасанды өткелі тасқын судың өз арнасымен өтуіне кедергі келтіреді. Сонымен қатар, кенттен Самарқанд су қоймасына дейінгі аңғар тереңдетілуі керек. Әйтпесе, кенттің 4,5 тұрғыны тағы да қарғын суға қалқып кетеді» дейді.

Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Шагурашид Мамалинов тұрғындардың талап-арыздары назарға алынып, мәселені шешудің оңтайлы жолдары қаралатынын жеткізді.

Осы орайда, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, көктемгі тасқынға дайындық барысы туралы сұраған едік. Олар көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасы негізінде жүріп жатқанын нақтылады. Мәселен, қазір облыс бойынша 40,8 шақырым қорғаныс бөгеттері мен 30,2 шақырымдық су бұру арналарының құрылысы жоспарланып отыр. Бұдан бөлек автокөлік жолдарының 16 учаскесінде су өткізу мүмкіндігін арттыру жұмыстары жүріп жатыр.

 Бұл жерде мәселе – жалқы. Тасқынға тосқын болатын қауқар керек. «Қар қауіпті емес, қарғынның қаупі – басым» деп бас қатырып отырған тұрғындар назы осыны меңзейді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button