Бас тақырып

Қала бюджеті еселенді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Еліміздің өркендеуі өңірлердің дамуына тікелей байланысты. Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал мүлдем басқа. 2019 жылы айтқан «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстанымым күні бүгінге дейін әлі өзекті» деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар маңызды елді мекендерді дамыту қолға алынуда. Солардың бірі – Қарқаралы қаласы. Биыл қала бюджеті 1 миллиард теңгеге ұлғайды. Қала әкімдігі қомақты қаражатты қайда жұмсайды? 200 жылдық тарихы бар көне қаланы жандандыруда қандай жобалар іске аспақ?

Бөлінген қаржы қайда жұмсалады?

Бюджет көлемі былтырмен салыстырғанда екі есеге ұлғайды. Мәселен, өткен жылы қала қаражаты 519 млн. 293 мың теңге болса, 512 млн. 736 мыңы игерілді. Жыл соңында үнемделген қаржы мен қосымша құн салығынан түскен 6 млн. 557 мың бюджетке қайтарылды.

Бөлінген қаражат қала басындағы бірқатар түйткілді мәселелерді шешуге жұмсалды. Тазалықты табалдырықтан бастаған қала әкімшілігі көпқабатты үйлерді бір архитектуралық стильге келтіру мақсатында қасбеттерін қаптап, шатырын бикроспен жауып, дәліз бен жертөле есіктерін ауыстырды. Көпқабатты үйлердің қабырғасына айтулы тұлғалардың муралы салынды. Бөлінген қаражаттың ауқымды көлемі тозығы жеткен электр желілеріндегі ақауларды, ауыз су және кәріз жүйелерін қалпына келтіру, автокөлік және жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, жылу қазандықтарын жаңалау жұмыстарына бағытталмақ.

Жалпы аумағы 11 мың гектар болатын қаладағы халық саны – 9338 адам, 5 мың 696-сы – экономикалық белсенді адамдар. 899-ы – зейнеткер, 342-сі – мүгедек, 1857-сі – оқушы, 585-і – мектеп жасына дейінгі балалар. 410 адам жұмыссыздар есебінде болса, 88 адам – аз қамтылғандар санатында. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері – 3341.

– Жалпы қаладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында биыл қала бюджеті 1 млрд. 161 млн. 115 мың теңгені құрады. Бұл қаражат қала әкімдігі аппаратының қызметі мен жүзеге асырылатын жобаларға қарастырылған. Бөлінген қаржыны сапалы және белгіленген мерзімде игеру міндеті тұр, – дейді қала әкімі Берік Тоқмурзин.

Инфрақұрылымдағы игі істер

Қала іргетасының қаланғанына алдағы жылы 200 жыл толады. Осынау екі ғасырда дамудың даңғыл жолын да, қиын-қыстау кезеңдерді де бастан өткерді. Уақыт тезінен өтіп, сан түрлі оқиғаны бастан өткерген қала тарихы тереңде. Бір кездері халық саны 10 мыңнан асып жығылса, жыл сайынғы статистикалық мәліметтерге сай, азайып келе жатқандығы қынжылтады. Әр жылдың қорытындысымен «қауіпті аймаққа» түсуі, қала статусынан айырылып қала ма деген тұрғындардың да қорқынышы жоқ емес. Қалай да қаланың халыққа жайлы қоныс, құтты мекен болғаны маңызды. Осы орайда, тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. Бөлінген қаражатты нысаналы түрде жұмсауда жүйелі жоспар құрылды. Алдымен тұрғындар үшін өзекті салаларды қалпына келтіру жұмыстары жүзеге аспақ. Жұмыстың бағыты қаланың инфрақұрылымын қалпына келтіру.

Жылу маусымындағы түрлі түйткілді шешу мақсатында қала басындағы көпқабатты үйлер мен мекемелерді жылумен қамтамасыз етіп отырған алты жылу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, №2 қазандыққа қарасты Ермеков көшесі бойындағы жылу жүйесін ауыстыруға 56 млн. 290 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары маусым-шілде айында жүзеге асады.

– Қаладағы басты мәселе – ауыз су. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында «Жарлы-Қарқаралы» су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. 2 млрд. 900 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Су жүйесінің жалпы ұзындығы – 38,6 шақырым. Қазір 21 шақырым траншея қазылып, оның 12 шақырымына құбыр салынды. Сонымен қатар, 250 текше метр резервуар қойылды. Биыл бұл жүйе іске қосылады деп жоспарлануда. Тозығы жеткен ауыз су мен кәріз жүйелерін ауыстыруға да көлемді қаражат қарастырылуда.

Атап айтқанда, 47 млн. 692 мың теңгеге Ә.Бөкейханов көшесіндегі бас су құбырының 950 метрін, 33 млн. 270 мың теңгеге Н.Әбдіров көшесіндегі 800 метрін, сонымен қатар Қ.Аманжолов көшесіндегі 250 метр су құбырын 7 млн. 182 мың теңгеге ауыстыру жоспарлануда, – дейді Берік Тоқмурзин.

«Елді мекендерді көшелерін жарықтандыру», «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру», «Елді мекен санитариясы» бюджеттік бағдарламасы негізінде әлеуметтік мәдени нысандарды күтіп ұстау мен тазалық жұмыстары қолға алынбақ. Қаладағы көп қабатты үйлерді бір архитектуралық түрге келтіру шеңберінде Т.Әубәкіров көшесі №61, №137А, В.Рей көшесі №35 үйлердің қасбеттерін жөндеуге жүзеге асырылады.

Мәдени нысандар – «Мәди» ескерткішінің алдындағы алаң, «Байтерек» кешені, Ермеков көшесіндегі стелла, Қарқаралы «паспорты», «Елік» маңайын абаттандыру, Бөкейханов көшесінің басында «Ту тұғырын орнату» жұмыстары жүргізілетін болады.

Көгалдандыру жұмыстары шеңберінде гүлзарлаға 15000 түп гүл отырғызу, көше бойы орналастыратын вазондар сатып алу қарастырылды. Сонымен қатар, Сатыбалдин, 78 коммунар, Абай, Жәнібеков, Мәди, Жанақ Ақын көшелерінде салынады. Екі жерде 300 шаршы метр және төрт жерде 150 шаршы метр балаларға арналған ойын-спорт алаңдарын салу жоспарланған.

Қаңғыбас иттің де мәселесі шешілді

Осы орайда, қала әкімдігі қабаған иттен қорғанудың жолын тапты. Өзгеріс енгізілген заң талаптарына сай, қараусыз иттерді ату, көзін жою шаралары тоқталып, керісінше оларды арнайы орталыққа орналастыру шаралары қарастырылуда. Қоғамдық кеңес талқылауына салынып, мәселе құпталатын болса, бұл жұмыс биыл жүзеге асырылады. Оның ішінде 20 итке вольер, питомник қоршауы және жыл аяғына дейін питомникті күтіп ұстау жұмыстары қарастырылған.

Сонымен қатар, қоғамдық орындар мен адамдар көп шоғырланатын жерлерге модульдік қоғамдық дәретханалар салу да жоспарланған.

Қала ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да кешенді түрде жүзеге асырылуда. Жұмыстардың барлығы жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тілектер негізінде жүзеге асуда.

Дегенмен…

Көне қаланы жаңғыртуда жүйелі жұмыстар жүзеге асып жатса да, жөпелдемеде барлық мәселені шешу мүмкін емес.

Мәселен, бүгінде баспана кезегінде 600- ден астам адам, балабақша кезегінде 450- ден аса бала тұр. Бұл алдағы уақытта тұрғын үй мен білім беретін нысандарын салу қажет екендігін көрсетеді. Қала көшелерінің 85%- ы ғана жарықтандырылған. Бұл әлі де жұмысты жалғастыру қажет екенін көрсетеді.

Қомақты қаржы мақсатты түрде жұмсалса, Қарқаралының да, көрсеткіштің де көтерілері анық.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button