Жаңалықтар

Қала қардан тазартылуда

Қар құрсауында қалған қала көшелерін тазалау жұмыстары тәуліктік режимде жүріп жатыр. Бүгінде қала бойынша 180 арнайы техника, 192 жұмысшы жұмылдырылып, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жұмысшылар екі ауысыммен істейді. Олар көше көмкерген қарды тазалап қана қоймай, қатқан көгала мұздан да арылтуда. Оның ішінде, қала кіреберістері, жаяу жүргіншілер жолы, автокөлік жолдары мен аялдамалар алаңқайы бар. Жалпы, қала әкімдігінің хабарлауы бойынша 13,5 мың текше метр қар шығарылған. Сондай-ақ, облыс бойынша аулаішілік аумақтар мен жеке сектор көшелерін тазартуға еріктілер қатары белсенді қатысуда. Бастамаға мемлекеттік қызметшілер, 5516 әскери бөлімінің, ПИК, ІІМ Академиясының қызметшілері және өзге де жастар қосылды. Еріктілердің бұл бастамасы жұмыстың жеделдеуіне айтарлықтай сеп болды.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Ақтүтек боранның алғашқы күндері арнайы техника мен жұмысшылар тынбай жұмыс істесе де жапалақтап жауған қар мен сырмаға тоқтау бола алмады. Қаңтардың үшінен бастап соққан майборанның машақаты жол таңдамайтын көліктерді де матады. Осыған байланысты қаланың басты көшелерінде қар тазалау жұмысы үздіксіз жалғасуда

– Таңертеңгі 8:00-ден бастап жұмыс істеудеміз. Боран басталғалы күніне бір «КАМАЗ» жеті рет қатынап қар шығарып жатыр. Қазір мен кешкі сағат 17:00-ге дейін істеймін. Ал, менен кейін орныма таңға дейін екінші ауысымдағы жүргізуші келеді. Олар түнде 10-12 рейс қар шығарады. Өйткені, түнде жауған қар көлік аздығынан бір орынға көп жиналады, – дейді қалалық коммуналдық қызметінің «КАМАЗ» жүргізушісі Жарқын Жүндібаев. Аптаға жуық жауған қар қала аулалары мен көлік жүретін көшелерді түгел басып қалған. Көліктерін бораннан бұрын тұраққа қойған тұрғындар енді оны қардан аршып әлек. Майборанның соңы ери бастаған соң тіпті, қар соқталанып қатып та жатыр.

– Бұлай қар алып қалады деп ойламадық. Жаңа жылдың басында ғана қойып кетіп едік көлікті. Боран басылған соң шығара қояйын десем, көріп тұрғандарыңыздай қар құрсауында қалыпты, – дейді Ермеков 44 көшесінің тұрғыны Саят Қалиасқар.

Тұрғындар таңданардай-ақ бар. Себебі, табиғаттың бұл құбылысы адам түгілі дала аңдарын да сарсаңға салды. Әлеуметтік желіде жарияланған Қарағанды-Жезқазған бағытындағы тас жолдың үстіне жиналған ақбөкен табыны сөзімізге айғақ.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button