Жаңалықтар

Қалағаң берген жолдама…

Белгілі қаламгер, публицист Қалиакпар Әбілдиннің туғанына – 90 жыл

Ақын, публицист Қалиакпар Әбілдин туралы үзік сыр

«Қалаға» деуші едік… Әңгіме әлқиссасы – ақын-публицист, жур­налист-редактор Қалиакпар аға Әбілдин туралы.
Он екі, он үш жасымнан шатпақтап өлең жазумен әуестене бастадым. Алғашқы жаңа жылға арнаған жалғыз шумақ өлеңім мектептің «Жас қалам» қабырға газетіне шыққаны есімде мәңгі қалды. Мәшинкеге басылған бір шумақ өлеңіме үзіліс кезінде балалардың көзін ала беріп, ұрлана ұзақ қарайтынмын. Әдебиет, өлең деген сиқырлы әлемге қызықтырып, көзімді ашқан алғашқы ұстазым Өмір Кәріпов еді. Әдебиеттен сабақ беретін. Қазір сексеннің бесеуіне келді. Алты Алашқа есімі әйгілі жазушы.

1981-1982 жылдар. «Жаңаарқа», «Новая степь» газеттерінің өндірістік жиналысы

Жоғары кластарға келгенде аудандық «Жаңаарқа» газетінде шағын әңгіме, новеллаларым жарық көре бастады. Сол жазбаларды алғашқы тырнақалды туындыларым болған соң кейін «Жылымық жылдар жаңғырығы» атты публицистикалық жинағыма кіргіздім. Балауса жылдарымның балаң сезіміне құрылған шығармалар болса да, тастауға қимадым. Совет заманында болса да, баспа бетін көрді ғой… Баспа беті демекші, ол кезде «Жаңаарқа» газетінің бас редакторы Қалиакпар Әбілдин болатын. Ал совет дәуірінде аудандық газеттің бас редакторының құдіреті мен беделі райком хатшыларынан кем емес еді…

1981 жылы «Ақтау» орта мектебін тәмамдадым. Арманым – журналист болу. Журналистің оқуы тек Алматының КазГУ-інде ғана. Он тоғыз облысы бар Қазақстандағы жалғыз факультет. Оқушы кезімде «Жаңаарқаға» жарияланған мақала-очерктерім мен әңгіме-новеллаларымды кере қарыс альбомға әдемілеп жапсырып, растатып, мөрлетіп, жолдама қағаз алу үшін «Жаңаарқа» газетін іздеп келдім. Ұяңдау болып өскенім бар, жүрегім лүпілдеп, жүрексіне басып, редакция табалдырғын әрең аттадым. Балалық қой. «Шаруаның бәрін тек бастық қана шешеді» деп ойласам керек. Бірден бас редактордың қабылдау бөлмесіне келдім. Тұңғыш редакция босағасын аттау, тұңғыш рет редакторды көру бақыты осылай бұйырып еді. Бұл 1981 жылдың маусым айы болатын. Бүгін ойласам сол сапар, сол кездесу өмірімнің ең бір өшпес кезеңі екен-ау! Бұған дейін барлық жазғандарымды авиа конвертімен почта арқылы жіберуші едім. Енді міне, редактордың қарсы алдында отырмын. Шекелі, қабағы қалың, шашын оңға қайырған, ашаң бойлы, ат жақты, жүзі жылы кісі екен.

– Әй, сен Ақтаудағы Қойлыбай Асановсың ба? – деді. Басымды изедім.
– Шіркін, Ақтаудың табиғаты керемет қой. Ол жақта өскендердің осалы жоқ. Ақселеу ағаң жылқы баққан Ақтау ғой. Тілің жақсы екен. Табиғатпен адам жанының үйлесімін беруге жақсы талпыныс жасағансың, – деді. Нені меңзеп отырғанын сезіп отыр­мын, мамыр айында ғана газетте «Аққу мұңы» деген новеллам жарияланған. Қалағаң сол туралы айтып отыр.

Ақселеу Сейдімбек және Қалиакпар Әбілдин

Редакция үйінен қанаттанып шықтым. Қолымда редакция аты жазылған, қағазға мәшинкеге теріліп, редактордың мөрлеп қойған жолдамасы! Қойшының үйі мен мектептен басқа ештеңе көре қоймаған он алтыдағы бозбала кезім ғой. Тура сол кезде бас редактор қол қойған мөрлі қағаздың құдіреті мен үшін ерекше еді!

– «Бітті!» – дедім жолдамаға қарап. – Бітті, оқуға түсетін болдым, – дедім алып-ұшып. (Бас редактор Қалиакпар Әбілдин қол қойып, мөр басқан сол жолдама қағазы әлі күнге жеке архивімде сақтаулы).

Жайлауға КазГУ-дың журналистикасына түскендей болып қайттым. Енді тек Алматыға дайындалып, құжат тапсыруым керек. Мөрлі қағазды көрген көрші-қолаң «құтты болсын!» айтып жатыр. Шешем қуанып, әкем мағмұрланып, қайта-қайта басын сипай береді. Үйдің іші қой сойып, Манақа өзенінің бойын қатар жайлап отыр­ған қойшыларды ерулікке шақырды. Өйткені балалары білім жолын қуып, Алматыға жүргелі отыр. Семіз қойдың майлы сүбесін қарпи асаған Бірнәзір шопан:

­­­­­– Осы баладан бірдеңе шығатынын баяғыда сезгенмін, – деді. Не керек, алты қанат киіз үйдің ішінде алқа-қотан жайғасқан қойшылар небір мақтаулар мен ізгі тілектерін риясыз айтып жатты…

Өмір алға жылжи берді. Кешегі Қалағаңның алдынан қанаттанып шыққан бозбаланың өзі бүгінде алпыстың асқарына көтерілді. Жылдар жылыстап, айлар алыстаған сайын осынау ғұмырда жақсылығын сезініп, шапағатын көрген кешегі асқар таудай ағаларды жиі есіме аламын. Тағдырыма тікелей әсер еткен ардақты ағалар көшінің керуенінде он алты жасымда арманыма алау сыйлаған Қалиакпар ағамның орны ерекше.

Қалағам алыптардың көшін жалғаған асылдардың сынығы еді. Жүрегінен мейірім мен ізгіліктің нұры төгіліп тұратын. Сол адами асыл қасиеттер шығармашылығына ерекше шырай беретін. Сан-қыр­лы талант иесі Қалағам қара сөздің хас шебері еді. Журналистика бағытында үлкен мектеп қалыптастырды. Публицист ретінде өміршеңдік қуатын жоғалтпайтын, болашақ ұрпақ үшін қажетті дерек пен дәйекке толы қаншама шығармалар жазды. Тумысынан ақын болатын. Ол кісінің сөз өнеріне жақын болуы тәңір сыйлаған сол таланттан шығар бәлкім. Әсіресе, Қалағаңның тағылым мен тәрбиеге негізделген төрттаған шумақтары ойлы оқырманның рухани танымын тереңдетті.

1935 жылы дүниеге келген Қалағаң ел ішінің есті әңгімелері мен аңыз-әпсәналарына сусындап өскен. 1960 -1985 жылдар аралығы ел ішінде ескілікті әңгімелерді білетін әңгімешіл қариялардың нағыз кемеліне келген шағы еді. Өйткені олардың көбі – ХХ ғасыр басында дүниеге келіп ХIХ ғасырдың рухани асыл қазынасын санасында сақтап, жүрегіне тоқи алған жандар. Яғни, ғасырларды жалғап тұрған алтын көпір болатын. Қал­ағаң сол қазына кеуде қариялардың әңгімесін тыңдап, құлағына құйып өскен. Қалағаң сияқты қаламгерлердің шығармашылық қуаты мен ой тереңдігінің құнарлы болуы осындай қайнар бұлақтан бастау алатындығында жатса керек.

Тағдыр жолы – сан тарау. Кейін Қалағаммен жиын-той, шығармашылық кештерде жиі кездесіп жүрдім. Бауырына басып, арқамнан қағатын. Қалағаңның даладай дархан құшағында тұрып, сонау алыстағы алып-ұшқан бозбала кезім еске түседі. Қалағаң берген сол жолдаманың күш-қуаты бойымда әлі атойлап тұрғандай сезінемін. Шын ниетімен, ақ тілегімен ақ қағазға түсірген аға тілегі мені талай қиырларға бастады. Журналист болып, ел араладық. Бізде өзімше көсіліп қалам тербедік. Кейін журналистика мамандығы бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғадық. Ғалым-журналист атандық. Болашақ журналистердің алдында енді өзіміз дәріс оқып жүрміз. Талай халықаралық, республикалық конференциялар мен симпозиумдерде күректей сертификат пен дипломдарды қолымызға ұстадық. Рас қуандық, марқайдық. Нанасыз ба, бірақ соның бәрі Қалағаң берген жолдамадай жүрегімді алапат сезімге бөлеген жоқ…

Қойлыбай АСАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button