Абай қаласының жүзу бассейніндегі аэробика залының іші. Біз кіргенде де Азамат жаттығуларын тоқтатпады. Науқас баланың аяқтарын созып, бүгіп, сылап-сипап, уқалауда. Сəлден соң оны орнынан тұрғызып, жүргізе бастады. Осы бір көзі жəудіреген бүлдіршін екі-үш аттайды да, құлайды. Тістеніп қайта тұрады. Аумағы 75 шаршы метр залдың басынан аяғына жеткенше ол неше рет құлап, тұрып, жан тері шықты. Жаттықтырушының нұсқауымен оңға-солға бұрылуының өзі күш. Екі қолының саусақтары да икемге келмей, ауа қармайды. Енді оның виброплатформаға көтеріліп, түсуі де оңайға соқпай жатыр. Ол сонда да жанталаса тырбанып бағуда. Бұл аянышты да азапты көрініс бір сағатқа созылды. Қарап тұрып, бейбақ баланы мен аяп кеттім. Менің жанымда оның қимыл-қозғалысын манадан бері бақылап отырған келіншектің көзінен мөлт-мөлт жас тамып та кетті.
Бұл балақай туғаннан балалардың церебралды параличімен ауыратын 7 жастағы Элина да, ал əлгі əйел оның шешесі Анна Чавкина болып шықты. Аннаның айтуына қарағанда, туа дімкəс Элинасын кішкентай күнінен апармаған жері, көрсетпеген дəрігері қалмапты. Ресейдің Челябинск қаласының Оңалту орталығында жылына үш рет айлап ем-дом алып, аяқтарына ота да жасатқан. Бұл əрекеті соншалық нəтиже бермесе де, міне, екі жылдан бері жеке кəсіпкер Азамат Ағыбаев ашқан емдік денешынықтыру курсына алып келіп жүрген көрінеді. Аптаның демалыстан басқа бес күнінде қабылдайтын емдік сеанстары құр кетпеген сыңайлы. Екі жасқа дейін еңбектеп, құйрық басып отыра алмаған Элинасы қазірде өздігінен тұрып, аз да болса, адымдап аяқ басуға айналған. Сол үшін олардың Азаматқа айтар алғысы шексіз.
Жалғыз бұл емес, Чавкиналар шығысымен осындай қалыптағы баланы тағы бір ана қоларбамен кіргізді. Негізі Азамат осы тəрізді науқастармен қатар гидроцефалия, Даун синдромына ұшыраған үлкен-кішінің бəріне бірдей емдік денешынықтыру жаттығуларын мен процедураларын жасайды екен. Тіпті, оны инсульт алған адамдардың үйіне барып та жасап жүр.
Əлбетте, мұндай жауапты да күрделі кəсіпке кірісу үшін сол салаға қажет білім мен дағды да талап етілетіні белгілі. Евней Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дене тəрбиесі факультетін 2017 жылы бітірген оның кəсіпкерліктің қыр-сыры мен медициналық көмек көрсетудің əліппесінен бастап оқып-үйренуіне тура келді. Қаншама курстарды оқып, біліктілігін арттырып, содан алған ондаған куəліктері мен сертификаттары бар. Атап айтқанда, «Бастау-бизнес» кəсіпкерлік жобасы бойынша, «Емдік массаж жəне емдік денешынықтыру» курс тарынан өтіп, Доктор Лабунцтің орталығында «Медициналық фитнес нұсқаушысы» бағдарламасын меңгеріп, «Бейімдік денешынықтыру жəне спорт: қазіргі жайы жəне даму келешегі» тақырыбындағы I халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға да қатысқан.
Осыдан кейін 2021 жылы Абай ауданының əкімдігіне өзінің бизнес-жобасын тапсырып, конкурс қорытындысында 1 миллион теңгенің грантын ұтып алды. Сөйтіп, кəсіпкерліктеГі алғашқы қадамын Абай қаласындағы «Абсолют» сауда үйінен жалға алған шағын бөлмеде бастаған еді. Бірақ көп ұзамай оның жалдау ақысы көтеріліп кетеді.
– Мен сол кездегі аудан əкімі Бауыржан Асановқа осы жағдайымды айтып, көмек сұрадым, – дейді Азамат. – Ол екі сөзге келмей, жүзу бассейніндегі осы залда ауруларды қабылдап, емдік шаралар өткізуіме рұқсат етті. Мұнда өздерінің кестесі бойынша гимнас тар да дайындалады.
Осы сəттен бастап, Ағыбаевтың жолы ашылып, жұмысы да алға басты. Келесі 2022 жылы бизнес-жобасына тағы да аудан əкімінің 2 миллион теңге грантын жеңіп алды. Азамат сол ақшаға жұмысына қажет Даянш жұмсақ төсеніштері мен жүгіру жолақтарын, виброплатформа, түрлі тренажерлар, жиһаздар сатып алып, орналастырды. Соның нəтижесінде мұның ақылы емдік денешынықтыру курсына жазылушылар қатары көбейе түсуде. Алайда, ол ешкімді де бірден аяғынан жүргізіп, шапқылатып жіберемін демейді. Өйткені, бұл үшін өзіне де, емделушіге де темірдей жүйке мен төзім керек.
Жасынан ауыр дертке шалдыққандарға қолдан келген жəрдемін жасап жүрген Азамат жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, олардың шымыр болып өсуі үшін де тер төгуде. Ол балуан інісі Тұрсынғалимен бірге өздері тұратын Қарабас пен Топар кенттерінде 90-нан аса баланы грек-рим күресінің əдіс-тəсілдеріне баулып, жаттықтырумен де шұғылдануда. Осының бəріне уақыт тауып, тыным таппайтын Азамат – нағыз азамат!
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz