Жаңалықтар

Алғысқа бөленген сақшылар

Қарағандының полицейлері алғыс арқалауда. Тәртіп сақшылары өртпен күресте табандылық танытқан.

5 қыркүйек күні сағат 17.30 шамасында Қарағанды қаласының ПБ Киров полиция бөліміне шұғыл хабарлама түседі. Далада от тұтанып, қаланың шетіндегі үйлерге қызыл жалын жақындап, қауіп төндірген. Өрт болып жатқан жерге полиция бөлімінің жеке құрамы жіберіледі. Бұл сәтте бірнеше ғимараттың қоршауы жана бастаған. Полицейлер де өрт сөндірушілерге көмек көрсетіп, қызыл жалынды ауыздықтауға бел сыбана кіріскен. Әсіресе, Әуезов көшесінде қызыл жалын үдете түсіп, тұрғындарға қауіп төне бастады. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік полиция қызметкерлері Жандос Айтбеков, Серік Адантаев, Ерсайын Сәбиев от ортасында қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге шығара бастады.

– Ең алдымен қарттар, әйелдер мен балаларды қауіпсіз жерге жібердік. Және тұрғын үйлерден газ баллондарын шығарып, суды шелекпен тасып, өртті сөндіруге тырыстық. От басқа жаққа өтпеу үшін үйлердің жан-жағын қазып тастадық , – дейді Серік Адантаев.

Тілсіз жаумен арпалыс кешке дейін жалғасты. Учаскелік полиция қызметкерлеріне бүкіл аумақты тексеру туралы бұйрық беріледі. Полицейлер Машинист көшесінде от құрсауында қалған екі тұрғын үйді байқап қалады. Үй ауласында отпен арпалысып жүрген екі әйел мен бала болған. Дереу іске кіріскен полицейлер бір жарым сағат уақытта өртті толығымен сөндіреді. Келесі күні Instagram әлеуметтік желісінде алғысқа толы хаттар жарияланады. «5 қыркүйекте Қарағандыда Машинист көшесіндегі тұрғын үйлердің жанында өрт шықты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін Киров полиция бөлімінің полицейлері өз күштерімен өртті сөндірді. Мен біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Өрттің таралуына жол бермегендеріңіз үшін рахмет» деп жазылған хатта.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button