Жаңалықтар

«… Ал, мұның аруағы – Шопан ата»

Сексенінші жылдары Қойлыбай мені Қарқаралыға іздеп келді. Ол кезде жастар газетінің тілшісі. Уыздай жас. Сөйлесіп көрсем, өне бойы өлең екен. Менімен қатарласа, қапталдаса қолына қалам ұстаған Дәуітәлі Стамбеков – Алматыда, Ғалым Жайлыбай – Жезқазғанда жүрген. Қолына қалам ұстап, ақ қағазға телміретін Арқа қазағының қарасы, мүлде, аздау кез. Ол кезде Қарағанды қазақтан оқшауланып, орыстанып кеткен өңірге жатады.

Сурет автордан

Жетпісінші жылдардың ортасы, Алматыда бір сыраханада Дәуітәлі, Жарасқан, Тынышбай бір топ ақындардың ортасында мен өлең оқығанда бір шәйірдің:

– Қарағандыда да қазақша білетін біреу бар екен-ау?! – деп аң-таң қалғаны әлі есімде.

«Кемелденген социализмнің» сол кездегі кескін-келбеті осындай еді.

Менің алғашқы жинағым отыздан асқанда әзер жарық көрген. Ол кезде кітап шығару қиямет- қайым дүние болатын. Қарағанды облысындағы СССР Жазушылар одағының мүшесінің ұзын саны жеті-сегізге әзер жететін. Соның ең жасы мен едім. Кейінгі толқын жас буын мені қоршап, қолдап, дуылдап жүруші еді. Соның көш басында осы Қойлыбай болды. Қасында адуынды ақын Қара Дәулет жүреді. Жай жүрмейді, елді иіріп, алдына салып, айдап жүреді.

Орыстың ұлы ақыны Юрий Кузнецовтың «Я в поколений друга не нашел» деген өлеңі бар еді. Біздің басымыздан да сондай жағдай өткен.

Қойлыбайдың буыны мені саф таза адами болмыс, адалдығымен, өлең мен өнерге деген көзсіз іңкәрлігімен магнитше өзіне тарта жөнелді. Ол екі ортада социализмнің шаңырағы ортасына түсіп, қырып-жойып, нарық келіп жетті.

Қойлыбай мен Қара Дәулет Қарағандыда бітімі өзгеше әдеби орта құрып, қалыптастыруға аянбай атсалысты десе болады. Сол кезде облыстық мәдениет департаментінің төрайымы, ұлттық руханияттың жанашыры Рымбала Омарбекованың ұйытқы болуымен облысымызда әдеби, поэтикалық кештер, облыстық, республикалық ақындар айтыстары дүркіреп өте бастады. Сәкен серінің (Сәкен Жүнісов) «Алматы Мәскеуге ұқсаса, Қарағанды Петроградқа ұқсап барады!» –деген сөзі сол кезде айтылған!

Қойлыбай небір аламан айтыста жүлделі орындарға ие болып, Қарағандының атақ-даңқын республикаға шығарды. Айтыс ақындарының ішінде маған Баянғали Әлімжанов, Қонысбай Әбіл, Әзімбай Жанқұлиев, осы Қойлыбайлардың орны бөлектеу еді. Бұларға айтыстың алдын ала өлең жазып, (оны айтыскерлер «заготовка» дейді), сахнаға шығу, мүлде жат. Суырып салады! Он тоғызыншы ғасырда қазақ сахарасына келген Янушкевичтерді аң-таң қалдырған суырып салып өлең айту – Сүйінбай, Жамбыл, Кемпірбай, Шөжелердің аруағы осылардың арқасына қонған-ды.

Айтыста талай есесі кеткен Қойлыбай кейін содан докторлық диссертация қорғап, профессор атанды. Бүгінде айтыс өнерінің Қойлыбайдай білгірі біздің рес­публикамызда саусақпен санарлықтай ғана.

Қойлыбай Асан алпысқа келді дегенге сенер, сенбесімді біле алмай отырмын. Бүгін өзімнің де қартаң тартқанымды сезінгендеймін. Оның бойында елім деп еміренетін махаббат сезімі, жақсы мен жаманды айыратын ақыл-ой, бекзатқа ғана тән тектілік жетіп артылады. «Қойшының ұлы Қойлыбай» деген өлеңімді сексенінші жылдары жазған екем. Ол кезде Қойлыбай жиырмадан асқан жігіт. Алпысқа келсе де, сондайғы образынан әлі айнымаған:

Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,
Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп;
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Қосылып сонымен бір боздайды кеп;
«Додада жұрттан неге озбайды?» – деп,
Е, ел айта берсін…

Ақынның жеңсігі – өмір, азығы – сор,
Алашы – тоқтар алтын қазығы сол.
Қойшының қосында кеп дүниеге,
Қойлыбай атанды – бар жазығы сол.

Шөп те – өлең қазір жұртқа, шөңге де – өлең,
Шәйір көп шөңгеменен дөңгелеген.
Ал, мұның аруағы – Шопан ата,
Шаруасы болған емес өңгеменен.

Шабытсыз шырқамаған ол бір әнін,
Құлағын жүз бұрағын, он бұрағын;
Аруағы Шопан Ата жебемесе,
Тіл-аузы байланады домбыраның.

Айтысса осындағы дөйлеріңмен,
Қойлы ауыл көшіп өтер ой легінен.
…Халтуршик машинамен қайтады ылғи,
Қойлыбай – тер шылқыған көйлегімен…

Кемпірбай, Шөже туған шаңырақ бұл,
Ол кейде шырқар дерсің аңырап құр.
Өйткені қошақаны жамырап бір,
Өрістен қайтқан қойы маңырап тұр.

Кейде оның жазылады бой, бауыры,
Ойран сап дүниеге ой дауылы.
Өйткені, пұл алып қайт демей оны,
«Сөзіңді айт!» – деп жіберген қойлы ауылы.

Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,
Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп;
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Қосылып сонымен бір боздайды кеп;
«Додада жұрттан неге озбайды?» – деп,
Е, ел айтса – айта берсін…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button