Алғашқы жекеменшік балабақша ашылды
Сәтбаев қаласында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында алғашқы балабақша ашылды. Пайдалануға берілген мектепке дейінгі мекемеде елу бала тәрбиеленетін болады. Атап өтер мәселе, мұндағы төлемақы көлемі мемлекеттік балабақшадағы төлеммен бірдей.
«Айбол» сәбилер балабақшасы бұрынғы кәсіпорын ғимаратында орналасқан. Екі қабаттан тұратын нысанды толық күрделі жөндеуден өткізген. Балалар үшін мұнда барлығы егжей-тегжейлі ойластырылып жасалған.
Мектепке дейінгі орталық мемлекеттік талапқа сай жабдықталған. Мұнда 1 мен 5 жас аралағындағы бүлдіршіндердің үш тілде базалық білім алып, шығармашылығын шыңдауға түрлі жағдайлар жасалған. Мекемеде психолог, логопед мамандарымен бірге дәрігерлер де жұмыс істейді.
Жаңа нысанда ата-аналар үшін ай сайынғы төлемақы мемлекеттік балабақшалардағыдай – 12000 теңгені құрайды. Қалған сома мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту арқылы жергілікті бюджеттен төленіп отырады.
- Қала бойынша мектепке дейінгі орталықтар 1-6 жасқа дейінгі балалардың 98 пайызын қамтып отыр. Қаламызда мұндай балабақша алғаш рет ашылғанымен соңы емес. Алдағы уақытта осындай жоба негізінде 2 жобаны ұсынамыз. Осы бағытта жұмыстар өз жалғасын тауып, қаламыздың кішкентай тұрғындарын 100 пайызды қамтамасыз етеміз деген сенімдемін, – деді ашылу салтанатында Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.
Сәтбаев қаласында болашақта тағы екі жекеменшік балабақша ашылады деп жоспарлануда. Қазір қалада 1-ден 6-ға дейінгі балалардың 98 пайызы мектепке дейінгі балалар мекемелеріне барады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.