Ресми

Алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты, деп хабарлайды ortalyq.kz  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сурет: aqorda.kz

Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр.

Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді.

Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын.

Ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастығымыздың маңызды бағыттарына тоқталғым келеді.

 

БІРІНШІ. Тауар айналымын арттыруымыз керек.

Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар.

 

ЕКІНШІ. Электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғаны сөзсіз. Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті.

Электронды сауда Қытайдың «Alibaba Group», «JD COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды.
Кеше JD COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды.

 

ҮШІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуымыз қажет.

Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсынған болатын. Содан бері осы ауқымды жобаның тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.

Бұл мегажоба Ұлы Жібек жолын жаңғырту ісіне ықпал етті. Сондай-ақ көптеген елде заманауи көлік инфрақұрылымын салу жұмысын жандандырды. Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді.

Осы орайда Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ.

 

ТӨРТІНШІ. Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек.

Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы елдер бірлесіп, соңғы жылдары бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – қуанышты жағдай.

Оған Қытайдың атсалысуы жобалардың табысты болуына септігін тигізері анық. Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн.

БЕСІНШІ. Энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар.

Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр.

Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады.

Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз.

 

АЛТЫНШЫ. Ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту керек.

Қазір жаһандық азық-түлік нарығы жиі құбылып тұр. Сондықтан біз осы саладағы ынтымақтастықты нығайта түскеніміз жөн. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз.

Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді.

Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет.

 

ЖЕТІНШІ. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдаланған жөн.

Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр.

Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет.

 

СЕГІЗІНШІ. Мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ туризмді дамыту қажет.

Жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін.

Орталық Азия елдерінің мәдениеті – бай, көрікті жерлері де – көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады.

 

ТОҒЫЗЫНШЫ. Аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. 

Қытайдың бұл міндетті орындауға зор үлес қосып отырғанын Қазақстан жоғары бағалайды. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді.

Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық. Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button