Алғадай жастар жарысты
Биыл – мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш профессор Әлімхан Ермековтің туғанына 134 жыл. Осыған орай Қарағандыдағы Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінде «Ziatkerlik modernizasia» жобасы аясында қалалық «Әлімхан барысы – 2025» зияткерлік және күш сайысы өтті. Аталған байқау биыл бірінші мәрте өткізілуде. Соған қарамастан қаладағы 10 мектептен 40-қа жуық оқушы бақ сынады.

Іс-шараның ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев, қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Әлімханды біз ғалым ретінде, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының авторы, ел шекарасын бекітуге үлкен еңбегі сіңген тұлға ретінде білеміз. Осындай тұлғаның құрметіне үлкен шараның осы мектепте өтуінің өзі үлкен мәртебе. Бүгінде тұлғаның құрметіне өтіп жатқан іс-шаралар осымен тоқтап қалмайды, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.
Байқауға жарыс ережесіне сәйкес қала мектептерінің 9 және 10 сыныптарының оқушылары қатысты. Сайыс – екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңде қатысушылардың зияткерлігі мен есепке жүйріктігі сыналды. Яғни, 9-сынып оқушылары Тәкен Әлімқұловтың «Көкпар» әңгімесі бойынша әдеби сұрақтарға жауап берсе, 10-сынып оқушылары физика-математика пәнінен тест тапсырды. Қатысушылар үшін үш деңгей бойынша 25 сұрақ әзірленген. Ал, екінші айналымда олар қазақ күресінен боз кілемде күш сынасты.
– Қазақта «Күш білекте емес, жүректе» деген керемет сөз бар. Жалпы, күштің өзі жүректен, білімнен жиналады. Жастардың басын қосу, әрі Алаш арыстарының идеясын жүзеге асыру мақсатында осындай байқауды ұйымдастырып отырмыз. Негізі «Жастардың басын білімде де, спортта да қосу керек» деген Алаштың, Әлімхан бабамыздың басты идеясы еді. Ал, спорт пен білімді қатар алып жүрген ұрпақ ешқашан өлмейді, – деді Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінің директоры Жаңагүл Түсжанова.
М.Жұмабаев атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Марғұлан Аңсағанұлы математика, физика пәніне әуес. Күрделі есептерді шешіп, түрлі байқауларға қатысқанды жаны жақсы көреді. Осы уақытқа дейін бірнеше мәрте түрлі пәндік олимпиадаға қатысып, жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүр. Осы байқауда 10-сынып оқушыларымен бірге физика-математика пәнінен тест тапсырып, І орын иеленді. Әрі қазақ күресінен де бақ сынап, ІІІ орыннан көрінді.
– Байқаудың ережесіне сәйкес қатарластарыммен әдеби сұрақтарға жауап беруім керек еді. Бірақ, өзім есепке жүйрік болған соң ұйымдастырушылардан рұқсат сұрап, математика-физика пәнінен тест тапсыруға кірдім. Өзім күрделі есептерді шешуді үйреніп жүргеннен болар, сұрақтар қатты қиынға соқпады. Жанымдағылар тапсырманы жылдам орындап, сыныптан шығып кетсе де, өзім берілген уақыт аяқталғанша отырдым. Жауабын соңына дейін отырып шештім, – деді Марғұлан.
Жарыс қорытындысы бойынша 10-сынып оқушылары арасында өткен байқаудан ІІ орынды Сүлеймен Хамитов (М.Жұмабаев мектебі) иеленді. Ал, ІІІ орынды Нұр Абат (Ә.Ермеков мектебі) пен Ернұр Хәкім (М.Жұмабаев мектебі) өзара бөлісті.
9-сынып арасында өткен кітап тестінде Мади Төлеутаев (Б.Момышұлы мектебі) үздік атанды. Ерзат Сейтов (Ә.Ермеков мектебі) ІІ орыннан көрінсе, Мұхамеджан Төлеген мен (Ә.Бөкейхан мектебі) Мәди Омарбеков (Ә.Бөкейхан мектебі) ІІІ орын еншіледі.
Ал, қазақ күресінен 55 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ерзат Сейтов (Ә.Ермеков мектебі) белбеу иесі атанды. 60 келіде – Нұрзат Ақылдас (Ә.Ермеков мектебі), 75 келіде – Әбілмансұр Дос (Ә.Ермеков мектебі), +75 келіде –Аманжолов Нұрислам (Ә.Ермеков) жеңімпаз атанды.
Жалпыкомандалық есепте Әлімхан Ермеков мектеп-лицейінің оқушылары алдына қара салмады. Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп ІІ орыннан көрінсе, үздік үштікті Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия оқушылары түйіндеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ