Алқабилер сенімді ақтай ма?
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алқабилер институтын жетілдіру мәселелері» тақырыбында брифинг өтті. Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бекзат Шалғымбаев қатысып, алқабилердің қатысуымен аса ауыр санатқа жататын қылмыстардан бөлек, ауыр және орташа ауыр қылмыстарды да қарайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, алқаби ретінде қатысқаны үшін ақы төленіп, еңбек өтіліне есептелетіні айтылды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында сот қауымдастығының алдында заңның үстемдігін қамтамасыз ету, оның қолжетімділігі мен қоғамның сот саласына деген сенімін арттыру секілді бірқатар талаптар қойған болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізудің бірден-бір жолы – алқабилер институты.
Себебі, бұл институт өзгесіне қарағанда халықтың сотқа деген сенімін арттыруға көбірек ықпал етеді, өйткені сол қоғамның өзі кәсіби судьямен қатар сот төрелігін жүзеге асыруға тікелей қатысады, сот саласының жұмысын көзбен көреді, – деді Бекзат Шалғымбаев.
Төрағаның айтуынша, Президент тапсырмасын орындау барысында Қылмыстық-процестік заңнамаға бірқатар өзгертулер енгізілді. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтарынан бастап, алқабилердің қатысуымен қаралуға жататын қылмыс құрамдарының саны 14-тен 35-ке дейін, ал, биылғы 1 қаңтардан 44-ке дейін ұлғайды. Оның ішінде, алқабилердің қатысуымен аса ауыр санатқа жататын қылмыстардан бөлек, ауыр және ауырлығы орта бірнеше қылмыс құрамдары бар. Мысалы, адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою, азаптау, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу қылмыс саналады. Сондай-ақ, абайсызда екі немесе одан да көп адамдардың өліміне алып келген көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы да ауыр санаттағы қылмыс.
Бүгінде алқабилердің қатысуымен қаралуға жататын қылмыс құрамдарының көбеюіне байланысты олардың қатысуымен қаралған істердің де саны артқан. Мысалы, 2022 жылда, яғни, өзгерістер енгізілгенге дейін алқабилердің қатысуымен 7 іс қаралса, 2023 жылың 12 айында бұл көрсеткіш 26 іске артқан. Өткен жалы 19 іс қаралса, бүгінгі таңда сотта осындай 4 іс қаралып, тағы 3 іс сот өндірісінде жүзеге асуда.
– Қоғамның сот саласына деген талабы жоғары және сот төрелігіне айтылып жатқан сын да аз емес. Кейде қаралған нақты бір істер бойынша қоғамдық пікір туындап, қабылданған шешім халық арасында сыналып жатады. Көбіне алқабиге кандидаттар әртүрлі сылтау айтып, істі қарауға алқаби ретінде қатысудан сытылып кетудің амалын іздейді. Адамдардың мұндай мінез-құлқына бірнеше себеп бар. Олардың бірі өздеріне басқа адамның тағдырын шешу жүгін, яғни, жауапкершілік артқысы келмеулері, жұмыс берушінің олардың негізгі жұмыс орындары бойынша болмауларына теріс көзқарастары және тағы басқалар.
Жалпы алқабиге сотта істі қарауға қатысқаны үшін ақы төленеді. Облысымыздың басқа аймақтарынан келген тұлғалар үшін тұрғын үй жалдау секілді тәуліктік шығындар төленеді. Сонымен қатар, сотта алқаби ретінде қатысқан уақыт жалпы еңбек өтіліне есептеледі және алқабидің міндетін атқару уақытында жұмыскерді жұмысынан шығарып тастауға, не болмаса лауазымын төмендетуге жол берілмейді, – дейді Бекзат Маратұлы.
Төраға сөзінен түйгеніміз, бүгінде алқабилерді іріктеу үшін адамдардың сотқа келу керектігі жөніндегі хабарландыру мәселесі өзекті. Сотқа шақыртылған адамдардың тек 15-20 пайызы ғана келеді. Кейде іріктеуді өткізуге қажетті адам саны да жиналмай, сот процестері кейінге қалдырылады.
– Кей кезде соттың ақпараттық жүйесіндегі ақауларға байланысты азаматтарды сотқа шақырту мәселесі одан әрі қиындай түседі. Осындай жағдайларда хабарлама WhatsApp немесе СМС арқылы жіберіледі. Сотқа шақыртылған тұлғаның негізгі себептерсіз сотқа келмегені үшін және лауазымды тұлғаның сотқа шақыртылған адамға сотқа баруына кедергі жасағаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылған, – дейді Бекзат Маратұлы.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»