Ресми

Алқабилер: әділ төреліктің алғышарты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сот қауымдастығының алдында заңның үстемдігін қамтамасыз ету, оның қолжетімділігі мен қоғамның сот саласына деген сенімін арттыру секілді бірқатар талаптар қойған болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізудің бірден-бір жолы – алқабилер институты. Осыған орай, Мемлекет басшысы «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек» дей келе, олардың жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажеттігін де айтты. Бүгінде облыста алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің саны ұлғайған.

Инфографиканы жасаған А.Рахымжан

Алқабилер қатысатын істер саны артты

Қарағанды облысының қыл­мыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық­ сотының төрағасы Бекзат Шалғымбаев алқабилер институты халықтың сотқа деген сенімін арттыруға көбірек ықпал ететінін айтады. Себебі, олар кәсіби судьямен қатар сот төрелігін жүзеге асыруға тікелей қатысады, сот саласының жұмысын көзбен көріп, өз бойынан өткізеді.

– Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау барысында Қыл­мыстық-процестік кодекске бірқатар өзгертулер енгізілді. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтарынан алқабилердің қатысуымен қаралуы тиіс қылмыс саны 14-тен 35-ке дейін, ал, биылғы қаңтардан 44-ке дейін ұлғайды. Одан бөлек, алқабилер бұдан былай аса ауыр қылмыстарды ғана емес, ауыр және ауырлығы орта қылмыстарды да қарайтын болады, – дейді Бекзат Маратұлы.

Мәселен, Қылмыстық кодекстің 116-бабы бойынша – адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою, 146-бабы бойынша – қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадыр-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар бойын­ша қаралатын қылмыс кезінде алқабилер қатысады. Одан бөлек, аталған кодекстің 345-бабы қарастыратын абайсызда екі немесе одан да көп адамдардың өліміне алып келген көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы бойынша істі қарап барысында алқабилер шешімі – маңызды.

Бүгінде алқабилердің қатысуы­мен қаралуы тиіс қылмыстың көбеюіне байланысты олардың қатысуымен қаралған істердің де саны артқан. Атап айтқанда, өзгерістер енгенге дейін яғни, 2022 жылы облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен небары алты іс қараса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 26 іске дейін ұлғайған.

Тұрғындар сот істерін қарауға құлықсыз

– Әлбетте, алқабилердің қатысуымен қаралуға жататын істер санының артуы заң үстемдігін, сот төрелігінің қолжетімділігін және қоғамның сот саласына сенімінің артуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Бүгінде қоғамның сот саласына деген талабы жоғары және айтылар сын да аз емес. Кейде, қаралған нақты бір істер бойынша қоғамдық пікір туындап, қабылданған шешім халық арасында сыналып жататы­ны баршамызға белгілі. Бірақ, сол қоғамның басым бөлігі алқаби ретінде сот істерін қарауға қатысуға құлықсыз, – дейді Бекзат Шалғымбаев.

Төраға көбіне алқабиге кандидаттар түрлі сылтау айтып, істі қарауға қатысудан сытылып кетудің амалын іздейтінін айтады. Бұның бірінші себебі – біреудің тағдыры үшін жауапкершіліктен қашу. Сондай-ақ, негізгі жұмыс орнынан теріс көзқарастың болы да кері әсерін тигізеді. Бірақ, алқаби ретінде сотта істі қарауға қатысқаны үшін ақы төленетінін де айту керек. Ал, егер алқаби облыс орталығында тұрмайтын болса, тұрғын үй жалдау, тәуліктік шығындар төленетінін де айту керек. Одан бөлек, сотта алқаби ретінде қатысқан уақыт жалпы еңбек өтіліне есептеледі және жұмыс беруші оны жұмысынан шығарып тастай алмайды және лауазымын төмендетуге жол берілмейді.

Сотқа келу – міндетті

2022 жылы «Алқабилер туралы» Заңға өзгерістер енгізілген болатын. Оған сәйкес, алқабилер тізімі жасалып, онда адамның аты-жөні, жасынан бөлек тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер көрсетіледі. Бекзат Шалғымбаев өзгерістер кандидаттарға сотқа келу туралы хабарлама жіберу жұмысын біршама жеңілдеткенін айтады. Ол сондай-ақ, азаматтарды сотқа келу керектігі туралы тиісті түрде хабардар ету жұмысын одан әрі оңтайландыру үшін тізімге олардың телефон нөмірлері мен электрондық пошталарының деректерін енгізу қажет деп санайды.

– Бүгінде алқабилерді іріктеу үшін сотқа келу керектігі жөнінде хабарландыру мәселесі өзекті болып тұр. Сотқа шақыртылған адамдардың тек 15-20 пайызы ғана келеді. Кейде іріктеуді өткізуге қажетті адам саны да жиналмай, сот процестері кейінге қалдырылып жатады. Бұл мәселе сотқа келу керектігі жөнінде тиісті хабардар етумен тікелей байланысты. Көбіне азаматтар тіркеу орындары бойынша тұрмайды, болмаса туыстарынын үйінде тіркеуде, – дейді Бекзат Маратұлы.

Төраға соттың ақпараттық жүйесіндегі ақауларға байланысты сотқа шақырту мәселесі де қиын екенін айтады. Ал, «WhatsApp» немесе СМС арқылы жіберілген хабарламаны көпшілігі алаяқтық әрекетке теңейді екен.

– Сотқа келуі керектігі туралы хабарламада азаматтардан дербес ақпарат сұралмайды және онда сот пен сот қызметкерінің деректері, телефон нөмірлері көрсетілетінін айта кеткен жөн. Демек, шақыру жіберілген адамда қандай да бір күмән, күдік болса ол кез келген уақытта сотқа жеке келіп, немесе телефон арқылы қоңырау шалып, керекті ақпаратын ала алады. Керек болған жағдайда жұмыс берушіге ұсыну үшін шақырту қағазын алуға да болады, – дейді ол.

Сотқа шақырылған адам дәлелді себептерсіз сотқа келмегені үшін және сотқа шақыртылған адамға сотқа баруына кедергі жасағаны үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылған.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button