Ресми

Алқаби болу – жауапты міндет

Билер соты – дала демократиясының һас үлгiсi болғаны, қара қылды қақ жарып, әділет орнатқаны тарихтан аян. Ал, қазiргi алқабилер төрелігі – қарапайым халық өкiлдерiн сот билiгiне ұйыстыруға сеп.

Алқаби болу – әр азамат үшiн құрмет пен жауапкершілік. Алқаби сот төрелiгiн жүзеге асыру кезiнде белгiлi процессуалдық тұлғаға айналады. Олардың қатысуымен қаралатын істерге байланысты туындайтын қиыншылықтар мен өзектi мәселелердің бiршамасы бұқаралық-ақпарат құралдарында ұдайы көрініс тауып жүр. Халық естуін естігенімен, билер сотына өзі қатыспай көзі жетпей жатады. Мұның өзі кеңінен ақпараттық насихатты қажет ететіндей.

Сурет: облыстық соттан

Сөзіміздің айғағындай, алқабилердің қатысуымен кезекті семинар-кеңес өткізілді. Қарағанды облыстық сотының ғимаратында өткен ауқымды шараға Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов, Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеров, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының доценті Динара Найманова, Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов, Қарағанды облыстық сотының судьялары, Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары, аумақтық прокурорлар және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері қатысты. Кеңес «Алқабилердің қатысуымен мемлекеттік айыптауды қолдау ерекшеліктері» тақырыбында өрбіді. Шара Қарағанды облысы прокуратурасымен Қарағанды облыстық сотының жүйесінде алқабилер қатысатын істердің шеңберінде өткізілді.

Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер сотының құзыреті 30 қылмыс құрамына дейін кеңейтілгенін, келесі жылдан бастап аса ауыр қылмыстар бойынша ғана емес, басқа да санаттар бойынша істерді қарау жоспарланғанын тілге тиек етті. Облыстық сот төрағасы Ерден Әріпов мемлекетімізде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған бірқатар құқықтық реформалардың енгізілгеніне тоқталды. Семинар әрі қарай студенттер арасынан алқабилер құрамы таңдалып, қылмыстық процессті модельдеумен жалғасын тапты.

Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button