Алқа отырысында аймақ спортының мәселесі талқыланды
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлының төрағалығымен алқа отырысы өтті.
Жиынға Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі комиссиясының төрайымы Қадиша Базарбайқызы, облыстық мәслихаттың депутаты, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжінің директоры Ерден Халилин, спорт саласының құрметті қайраткерлері Валерий Громов, Ерлан Досмағамбетов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО проректорлары, спорт мектептерінің басшылары, федерация басшылары, спорт ардагерлері мен спорт жанкүйерлері қатысты.
Отырыс басқарма басшысы Серік Сапиевтің 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында дене шынықтыру мен спорттың дамуы туралы баяндамасымен басталды.
Өткен жылы облыс спорты 21 млрд 314 млн. теңгеге қаржыландырылған. Ал, биылғы жылға жоспар бойынша 23 млрд 126 млн.теңгені құрайды.
4 спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Приозерск қаласында 210 орындық, Саран қаласы Ақтас кентінде 150 орындық, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және Қарқаралы қаласындағы стадион құрылыстары аяқталады деп жоспарлануда.
Тағы 4 жобаны іске асыруды бастау жоспарда бар. Бұл Қарқаралы ауданының Көктас кентіндегі спорт кешені, Бұқар жырау ауданының Қушоқы кентінде және Шет ауданы Ақсу-Аюлы кентіндегі және Осакаров ауданының Осакаров кентінде «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында бассейн құрылысы басталмақ.
Сонымен қатар, облыс спортының негізгі бағыттарының бірі өңірлерде мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады. Спортпен шұғылдануға 2 940 адам тартылған. Жыл сайын тірек-қимыл аппараты, есту және көру қабілеті нашар мүмкіндігі шектеулі жандарға спортшылар арасында облыстық спартакиада, сондай-ақ әртүрлі спорт түрлері бойынша 1000-нан астам адам қатысатын облыстық жарыстар өткізіледі.
2024 жылы 275 параспортшы 19 халықаралық және 30 республикалық жарыстарға қатысып, 255 медаль жеңіп алған, оның 155-і алтын медаль.
Өткен жылдың ең үлкен жетістігі – Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында біздің спортшылардың жетістіктері. Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан қола медаль жеңіп алса, Даяна Федосова дзюдодан қола жүлдеге ие болған болатын.
Сонымен қатар, білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова білім беру ұйымдарында дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы баяндады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 27 762 баланы қамтитын 39 спорт мектебі жұмыс істейді (оның ішінде ауылдық жерлерден 7 202 бала).
Спорт мектептерінің қатарына 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі және Ә.Молдағұлова атындағы мектеп – интернат-колледжі кіреді.
Жалпы білім беретін мектептерде 84 192 баланы қамтамасыз ететін 4350 спорт секциясы жұмыс істейді. Колледждерде 14 595 студентті қамтуға арналған 205 секция жұмысы бар. 3251 балаға арналған 12 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары қызмет атқарады. Жоғары оқу орындарында 14 237 студентке арналған 109 секция бар.
Айта кетейік, жиында Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Алия Шайкенова Бұқар жырау ауданында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жұмыстар туралы, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев Қарқаралы ауданында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі атқарылған жұмыстар жөнінде, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Андрей Уманцев Теміртау қаласында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы мәлімдеді.
Өңірде спорт түрлерін дамыту мен көрсеткішінің әлеуетін арттыру жалғасын таппақ.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz