Руханият

Акварельдегі мұң

«Қарағанды лагері – қара таңба, Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде…» (Ғалым Жайлыбай). ҚарЛагта өз ғасырының, ұлтының небір генийлері, озаттары, дарындары азап шеккен. Сталиндік жүйе адамзатқа сәуле таратып, бостандыққа жол бастай алатындарды осында тоғытты. Дәлелсіз соттады, атты. Әсіресе, мұнда әлемге танылған қылқалам шеберлері көп болды. Газетіміздің алдыңғы сандарында солар жайлы жазған едік. Солардың қатарында Алла Васильева есімді суретші де бар. Талантты болғаны үшін қарауылға іліккен бейбақтың бірі. Біз айтып отырған суретшілердің туындылары облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған.

Суретті түсірген автор

Алла Васильева – 1902 жылы Улан- Удэ қаласында ұстаздар отбасында дүние есігін ашқан. Бала кезінен білімге, шығармашылыққа бейім болыпты. Бойжеткен шағынан-ақ өнерімен таныла бастады. Жоғары мемлекеттік өнер-техникалық институтын бітірген. Портрет, дизайн өнерімен айналысқан.

1938 жылы НКВД-нің қаулысымен 5 жылға сотталған. Әуелі Алжирге жіберілген. Содан кейін Долинка кентіндегі ҚарЛагқа ауыстырылыпты. Дәл сол жылы аяулы жары ату жазасына кесілген және үкім кешікпей орындалған. Алла Васильева қамауда отырса да, шығармашылықтан қол үзбеген екен. Назарларыңызға ұсынылған «Қаршадай қыздың портреті» сол кезеңде салыныпты.

– «Қаршадай қыздың портреті» акварельді бояулармен салынған. Кескіндеме ҚарЛагта салынғаны туралы автордың өзі жазған. Яғни, қолтаңбасы бар. Туындыға үңілсеңіз, нағыз қылқалам шеберінің қолтаңбасын аңдауға болады. Акварельді бояуды еркін меңгерген. Адамның көзі мен бет әлпетіндегі маңызды детальдарды сәтті салған. Портреттегі қыздың кім екені бізге белгісіз. Аты-жөнін де білмейміз. Лагерьде туған бала болуы да әбден ықтимал. Кескіндемеде жылағаны көрініп тұр. Көзінде мұң. Әлденеден шошығанға да ұқсайды, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Омарова.

Заманның маңдайына сыймай кеткен дарынды суретшінің қолжазбасы ғаламторға жарияланды. Сонда Алла Васильева өз ғұмырына сипаттама берген. «Менің өмірім үш кезеңге бөлінеді. Біріншісі – менің балалық шағым, оқуға түсіп, өнерді қуғаным. Екіншісі – ең ауыры. Мәскеуден жер аударылып, лагерьге қамалған кезең. Үшіншісі – ғұмырымның мұңлы нүктесі. Бостандыққа шыққан соң рухтас, сырлас дос таппай қамықтым. Күйбең тіршілік пен қаусатқан кәрілік» депті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button