Академиктің жейдесі
Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым – биология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, қоғам қайраткері, республикада ауыл шаруашылығы ғылымдарының негізін қалаушылардың бірі Кәрім Мыңбаевтың жарық әлем есігін ашқанына биыл 120 жыл толады. Әңгімеге арқау болған мерейтой – біртуар ғалымның ел мұраты жолындағы жанқиярлық еңбегін, бай ғылыми мұрасын қайта жаңғыртып, насихаттауға, бүгінгі және келешек ұрпаққа үлгі етуге арналған маңызды дата.

Кәрім Мыңбаев 1906 жылы 15 тамызда бұрынғы Ақмола уезінің Нұра болысында (қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданында) дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнады. Оның негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына бағытталған. Ғалым биология мен аграрлық салада жан-жақты терең зерттеулер жүргізіп, көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдістерін тапты. Дәнді дақылдар, оның ішінде тәлімді жерлерге себілген бидайдың өнімділігін арттырудың соны тәсілдерін ұсынып, іс жүзінде дәлелдеді. Кәрім Мыңбаев Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биологиялық-селекциялық жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым болып саналады. Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалым 1948 жылы 30 қыркүйекте, бар болғаны 42 жасында, Балқаш маңындағы авиация апатында, Қазақ КСР Ғылым академиясының бір топ ғалымдарымен бірге қайтыс болды.
– Қазіргі таңда ғалымның есімі ел жадында сақталып, соңында қалған еңбектері ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланады. Кәрім Мыңбаевтың далалық тәжірибе жұмыстарында киген жейдесі, Алматыда білім алған нұралық студенттер арасында және отбасында түскен бірқатар түпнұсқа фотосуреттері Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейінде сақталып, мұнда келушілер қызыға тамашалайтын экспозициялар қатарынан орын алуда. Бағалы жәдігерлерді музей қорына академиктің немере інісі, белгілі журналист Нұрхан Хамзеұлы Мыңбаев табыс етті. Бұл құнды бұйымдар – ғалымның өмірі мен қызметінен сыр шертетін тарихи мұралар, – дейді мекеменің қор сақтаушысы Анаргүл Нақыпова.
Бұларды Кәрім Мыңбаевтың туғанына 120 жыл толуы қарсаңында «Орталық Қазақстанның» оқырмандары назарына ұсыну арқылы бірегей тұлғаны еске алумен қатар қазақ ғылымының тарихына тағзым етіп, жас ұрпақты ғылымға, білімге тарту жолында маңызды қадам жасаймыз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



