Руханият

Академикке Қарағандыдан көше берілсе…

Академик Əлкей Марғұланның қазақ халқының əдет-ғұрыптары, салт-дəстүрі, ауыз əдебиеті, қолданбалы өнері, археология, сəулет өнері туралы жазылған еңбектері халқымыз үшін өте құнды.

Академиктің соңғы суреті

Əлкей Хақанұлы – Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Осы тұста ғұлама ғалымның өнегелі өмірі мен мол мұрасы туралы өзім білетін бір тарихи естелікпен бөліскенді жөн көрдім.

Əлкейдің жездесі – Жаман, апасы – Жақсипа. Шын аты – Жақима, кейін білдік. Жаманның ұлы – Əруан, жұбайы – Мəкен. Əруанның ұлы – Құрақпен Екібастұз қаласынан 60 шақырым жердегі, бұрынғы Екібастұз кен шаруашылығы, қазіргі Төртүй ауылында бірге тұрдық. Біз сол ауылда ата-əжеміздің қолында өстік. Рулас болғандықтан атаəжеміз ол кісілермен өте жақсы араласты.

Жаман ата жүз жастан аса өмір сүрді. Бойы кішірек, өте ширақ болды. Үнемі жаяу жүретін. Тоқсан жастан асқанда атпен қасқыр соғып алғаны бар.

Жақсипа апа – ісмер, он саусағынан өнер тамған адам болды. Ауыл əжелері кимешектерін сол кісіге тіктіретін. Ол кезде əжелер кимешек киетін. Тоқсан жасқа жақындап қайтты.

Əнуар аға Ұлы Отан соғысына қатысқан, ауылдағы ауруханада дəрігер болды. Зейнеткерлікке шыққасын Екібастұз қаласына көшіп келіп, 95 жасында өмірден озды.

Мəкен жеңгей біздің бала кезімізден бастап, дүкенде сатушы болды. Бір қалыпты, мінезі жайлы, адамды жақын тартып тұратын адам еді.

Құрақ – менің Совет ағаммен он жыл мектепте бірге оқыды. Спортқа өте жақын еді. Футбол, зілтемір көтерумен шұғылданды. Екібастұз қаласында 50 жастан асқанда дүниеден озды. Құдайға шүкір, соңында балалары, немерелері қалды. Енді, қазір, «Біздің бала кезімізде, мектепте оқып жүргенде Əлкей ауылдағы туыстарына келген шығар, жас болып ескермедік пе?» – деп те ойлаймын.

Əлекей Марғұлан ғылымдағы өмірінің 40 жылын Орталық Қазақстанға арнады. Оны бүкіл Қазақстан біледі. Əсіресе, Қарағанды, Жезқазған жəне Ұлытау өңірі.

2019 жылдың қараша айында Екібастұздан Қарағандыға балалардың қасына көшіп келген соң Əлкейдің інісі, Адаштың баласы, яғни, немере інісі Мырзакəрім Қаханов ағамен жақын араластым. Мырзакəрім аға көп жыл Қарағанды өңірінде ветеринария саласында аудандық, облыстық деңгейде қызметте болған. Қазір зейнеткер.

Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы Мырзакəрім аға – тұнып тұрған тарих. Əлкей Марғұлан – он сан орта жүзге ұран болған, Абылайдың тұсында туын ұстап, ерлігімен ел құрметіне бөленген Олжабай батырдың төртінші ұрпағы. «Олжабай есен болса – ел аман» деген сөз содан қалған. Жасыбай батыр – Олжабайдың жиені.

Əлекең – туыстар арасында, 1973 жыл

Академик Ə.Хақанұлы Əлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин, Əлімхан Ермеков, Жайық Бектұров сынды Алаштың біртуар азаматтарын жақсы білген. Олар туралы тың əңгімелер айтып, есімдерін мақтанышпен атаған. Машhүр Жүсіп Көпейұлымен де жақсы араласқан.

Əлкейдің қызы Дəнел апамыз Алматыда, əкесінің үйінде тұрады. Мырзакəрім аға мен Рая жеңгей ұл-қыздарынан немере, жиен сүйген абзал жандар. Балалары Астана қаласында əр салада қызметте. Жастары келгесін, Астана қаласына балаларының қастарына көшуге дайындалып отыр. Үйінде болып əңгімелескенде, осы күнге дейін белгісіз себептермен шешімін таппаған бір мəселені айтты. Қарағанды қаласында Əлкей Марғұланға ескерткіш қоймақ түгілі, көшеге аты да берілмеген.

«Əлкей – академик емес, академияның өзі» деп Мұхтар Əуезов айтқандай, осындай халқымыздың ұлы перзентіне қаламызда ескерткіш қойылып, көшеге, мектепке атын берсе, артық болмас еді. Мамыр айында Əлкей Марғұланның 120 жылдық тойына қарсы осы мəселе шешімін табады деп сенеміз.

– Əлкей Хақанұлы – қазақ ғылымына сүбелі үлес қосқан соқталы тұлға. Оның тарихи орындарға жасаған зерттеулері ел ғылымының үлкен олжасы десек, артық айтқандық емес. Ғұлама ғалым зерттеулерінің басым бөлігін Қарағанды облысы аумағында жүргізді. Аймақ тұрғындары оның ұшан-теңіз еңбегін жақсы біледі. Енді, сол өлшеусіз мұраны жастарымызға танытып, насихаттау үшін Қарағандыдан ғалымның атына көше беру бастамасын қос қолдап қолдаймын. Мектепке есімін берсе де, тіпті, ескерткіш орнатса да артық болмас еді. Ғылым – мемлекетті дамытуды жеделдететін басты фактор. Ендеше, Əлкей Марғұлан сияқты дара дарындардың есімін, еңбегін кеңінен насихаттау – кезек күттірмейтін мəселе. Сондықтан, ең болмаса, Қарағандыда Əлкей атындағы көше болса, ғұламаға көрсетілген құрмет болар еді. Бұл пікірді көзі қарақты оқырман қолдайды деп ойлаймын, – деп бөлісті ұлағатты ұстаз Мартбек Күзембаев.

Сəкен КЕЛДІБАЕВ,
зейнеткер

Суреттер Мырзакəрім Хақановтың мұрағатынан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button