Жаңалықтар

Айзере Анталияға барады

Алматы қаласында өткен халық­аралық «JAS JULDUZ», «Алатау ай­быны» атты балалар өнер байқау­ларына қатысқан ақтоғайлық жас өнерпаз Айзере Маратқан жеңімпаз атанды.

Аспапта ойнау жанрынан он жастағы Айзере Құрманғазының күрделі күйлерінен «Балбырауын» мен «Адай» күйлерін орындап, «JAS JULDUZ» байқауынан бас жүлдесін еншіледі. Сонымен қатар, дипломмен, жұлдызды кубокпен марапатталып, Анталия қаласына және киноға түсуге жолдама алды. Екінші күні «Алатау айбыны» байқауында да көрермен көңілінен шығып, диплом, кубок, медаль және арнайы сыйлық иеленді.

– Айзере небары тоғыз жасында Шашубай кентінің мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесіне келді. Бір жарым жыл ішінде «Салкүрең», «Наркескен», «Ерке сылқым, «Балбырауын», «Адай» күйлерін бірден үйреніп алды. Талабы таудай Айзере ұстаздарының көңілінен шығып, әлі де талай байқаулардың биік шыңынан көрінеріне сенімдімін. Қазақтың ұлттық аспабын насихаттаушы ретінде күмбірлеген домбыраны өзге жұртқа танытары анық. Тіл мен көзден сақтап, ата-анасының мақтанышы, біздің қуанышымыз бола берсін, – дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Бибігүл Ербекеева.

Айта кетейік, Айзере былтыр қараша айында Астана қаласында өткен «Жас талант» байқауынан бас жүлде жеңіп алып, Грузия, Болгария, Германия еліне жолдама алған. Сонымен қатар, Балқашта өткен Алматының «Самға Самұрық» балалар өнер байқауының бас жүлдесін иеленген болатын.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button