Қайыржан Тілеубергенов – ұстаны берік, рухани танымы мықты азамат
Елге шарапаты тиген, елінің жадында сақталған, Яссауи кесенесінде жерленген Байдәулет баба ұрпақтарының бірі – шуақты Шет өңірінде туып-өскен, абыройлы азамат, мемлекеттік қызметтің ардагері Қайыржан Кәрімұлы Тілеубергенов жетеліде жемісті жас – 70-тің төріне шығып, кемелдік шаққа қадам басты. Әңгімеміздің әлқиссасы – Қайыржан бауырымыз жайында.

Шыңдалған азамат
Тегінде бабалар қасиеті барлар ерте ме, кеш пе, бойындағы күш-қуатын жинап, рухани бір сілкінетіні бар. Бірде бір сәттік болатын, бірде ұзаққа созылатын. Қайыржанның бойында бұл қасиет бірте-бірте жиналып, үлкен күшке айналып, пайдалану сәтін күткен секілді. Әкесі – Шет аймағына белгілі азамат, партия қызметкері Кәрім Тілеубергенұлы баласын жас балапандай баптап, қанаттандырды, аманаттады. Қайыржанның дүниетанымына, оның ойшыл да жігерлі болуына, жас кезінен ширақ-жинақы, әділетті, шыншыл болуына бағыт- бағдар беріп тәрбиелеген де әкесі – Кәрім Тілеубергенұлы болатын. Ол кісі ел қадірлеген, көптің алғысын алған зиялы, мәдениетті, кішіпейіл де көпшіл мемлекет қызметкері еді. Қайыржанды тарихшы болуға жастайынан баулып, жетелеген де – әкесі. Ол кітапты көп оқитын.
Әкесіне келген газет-журналдарды тегісімен оқып, әңгімелеп отырып кейбір мақалаларға пікір айтып, талдайтын да кездері болған. Соның нәтижесі болар, білімді де білікті азамат болып қалыптасты. Өскен ортасы, мектептегі ұстаздары («Ақшатау», «Нұраталды» совхоздары) келешекте биік мақсатты, білімді азамат болып қалыптасуына жол салды. Оқу барысында оқулықтарда елінің тарихы, өткен тағдырлы жолы жұтаң, үстірт баяндалатынын сезді. Бұл алғашқы алаң көңілі жоғары оқу орнында дәріс тыңдап жүргенде ұлғая түсті. Әсіресе, әскери борышын Кеңес Одағының батысында өтеу кезінде, Луга қаласының маңындағы полигонда болуы, атышулы Капустин Яр сынақ полигонына сапарлауы, командирлердің сарбаздармен қарым-қатынасы, түрлі ұлт жігіттерінің тыныс-тіршілігі көп нәрсеге үйретті, насихат пен шынайы өмірдің аражігін түсінді. Еңбек жолын 1980-1981 оқу жылы болса керек, Ақадыр кентінде мұғалімдіктен бастады. Көп отырған жоқ. Ол кезде жоғары білімді тарихшыны, оның үстіне әскери-еңбек өтілі бар жігітті партия-кеңес органдары қағып әкетіп, қоғамдық-идеологиялық жұмысқа тартатын салты болатын.
Шет аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, аупартком үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, «Просторное» (Ақой) асылтұқымды мал зауыты парткомының хатшысы – оның алғашқы қызметтік белестері. Комсомолды жүгіріп жүріп атқарған Қайыржан кейін іргелі партия ұйымдарының бірін басқарып, салиқалы саяси қызметкерге айнала бастады.
1991 жыл. Өмір күрт өзгерді. Кеңес Одағы ыдырады, партия таратылды. Не істеу керек, қайда бару керек? Хал-қадірі кеткен кешегі «партия шенеунігін» кім құшақ жая қарсы алады? Көптің басындағы жағдай, моральдық ауыртпалық. Арнайы орта білімі бар Қайыржан Просторныйдың қатардағы зоотехнигі болып шыға келді. Бұл қызмет пайдасын да берді, өмірді, оның ішінде, ауыл өмірін терең түсінуге септігін тигізді.
***
Басқарудың жаңа құрылымдары пайда болды: әуелі – аудандық кеңес, соңынан – аудандық әкімдік. 1992 жыл. Аудан әкімі болып елге танымал қоғам қайраткері Қасымбек Медиев келді. Жаңа команда жасақтала бастады, тәжірибесі мол, ауданның тыныс-тіршілігін білетін, адамдармен тығыз жұмыс істей алатын сауатты азаматтар керек болды. Аппарат басшысына лайықты азаматтарды іздеп тауып, ұсынуды тапсырды. Бір қызығы, аппарат жетекшісі осы жолдарды жазғанның бірі, кешегі партиялық қысқартуды басынан өткізген Марс Ерембекұлы еді.
Сонымен, әкім кеңесшісі ретінде Қайыржан таңдалды. Осылайша, Қайыржан шиыршық атып, аламанды сағынған бәйгі аттай әкімдіктің сан-салалы қызметінің марафон алаңына қойды да кетті.
Әкім көмекшісі, бөлім меңгерушісі, әкімнің орынбасары, Шет және Ақтоғай аудандарының әкімі, облыстық әкімдік бөлімінің басшысы, Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары – бір азаматтың басына жетерлік қызмет. Ұстанымы берік, басқару сауаттылығы жоғары, іс-әрекеттің адамы, ел сенімін ақтауды әрі әке аманатын орындауды бәрінен жоғары қойған Қайыржан Кәрімұлы жүрген жерінде жұрттың есінде қалатындай игілікті істер атқарды. Бәрін тізбелемей, кейбіріне тоқталайық.
Өзінің туып-өскен, қызметінің басым бөлігі өткен жері Шет ауданына еңбегі сіңді, ауданның келбетін өзгертті, өзінен бұрынғы басшылардың үлгілі жақтарын ала отырып, басқару стилін жетілдірді. Жиын, сапарларда нақтылыққа көшіп, сөзбұйдалыққа салынудың, әкімдікке жағынудың жолын кесті.
Өлке тарихын жүйелеген «Шет өңірінің тарихы» монографиясының жазылуына әрі шығуына аянбай атсалысты. «Жақсы Жәкең» (Жанқұтты би) ескерткіші әкімдік ғимаратының алдына орнатылды. Ауданның 70 жылдық тойының сәнімен де, мәнімен де өтуі – ел есінде. Бұл игілікті шараның басы-қасында әкім ретінде өзі жүрді. Өндірісте де ілгерілеушілік орын алды. Атап айтсақ, «Бапы» кен орны ашылды. Ауылдардың дамуына, сақталып қалуына ша-масы келгенше әрекет етті. Ақтоғай ауданында әкім ретіндегі қызметі аз уақытқа созылса да, ауылдардың жағдайымен танысты, аппаратта тәртіптің сақталуын қатаң талап етті. Аймақтың дамуына өндірістік орындардың («АлтынАлмас», «Пустынное», «Долинное») әлеуетін пайдалану бағытына қадам жасалды. Шахтинск қаласында ұлттық нақыштағы шараларды өткізудің басы-қасында жүрді. Орыстілді қауымға халқымыздың болмысын түсініп, құрметтеуіне бір қадам болса да жол салынды.
Облыс әкімдігі бөліміндегі қызметі алпауыт компаниялар мен жергіліктілердің мүдде-мақсаттарында елеулі алшақтық бар екенін көрсетті, екеуінің арасындағы жанашырлықтың салмағы жер мен көктей екенін сезді, жаны ауырды. Әрине, ауыр жағдайларды да басынан кешірді. 1990 жылдардың басы, егемендік алған кезіміз. Барлық байланыстар, оның ішінде, экономикалық байланыстар үзілген. Жұмыссыз халық, жұмыс істесе – еңбекақы жоқ. «Аңсаған тәуелсіздігімізден осыны күтіп пе едік?» деген сынды сұрақтар туындады, адамдарды көшеге шығуға мәжбүрледі. Ақадырда «пойызды тоқтатамыз» деп, ашулы топ теміржолды торуылдады. Мақсаты – биліктің назарын түйткілді мәселелерді шешуге аудару. Ағып, сигнал беріп келе жатқан пойыз көрінді, ашынғандар астына түсіп қалуы да мүмкін еді. Шұғыл да дұрыс шешімнің арқасында бастысы адамдар аман қалды.
Ал, Ақшатау кенті тұрғындарының күре жолды бөгеттеп, көліктерді өткізбеуі біреулердің «осыларың дұрыс, жалғастырыңдар» деуі мәмілеге келуді қиындатты. Ақыры, екі елдімекенде де көтерілген мәселелер бірте-бірте шешімін тапты. Екі жерде де Қайыржан әкімдік атынан бас өкіл болып, текетіресті шеберлікпен шешті. Шахтинск қаласы, «Ленин», «Қазақстан» шахталарындағы оқиға бүкіл республиканы дүрліктірді әрі толғантты. Шахтерлер жер үстіне шығудан бас тартып, қобалжуды күшейтті, талаптары – жалақы, қауіпсіздік мәселелері.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов шиеленісті мәселені шешіп, жағдайды тұрақтандыруға тікелей араласты. Қайыржан болса, кеншілермен, отбасы мүшелерімен тілдесіп, мәселенің ушықпауына күш салды. Өмір алға жүріп жатты. Басқаруда, адамдармен қарым-қатынаста ауыр жайттар да кездесті.
Жұмыс бар жерде – қателік те болады. Қызмет барысында турашылдығын – бірбеткейлікке, қатал сынын – «мінімді ашты» дегізуге апарып, ренжитіндер кездесті. Рас, кейбір жауапкершілігі аз әріптестеріне кемшіліктерін шындықты шырқырата отырып, бетіне айтты. Арыз жазылды, шағым иелері тиісті «каналдары» арқылы облыс басшылығына аудан басшысы Қ.Тілеубергенов жөнінде теріс пікір туғызуға тырысты. Сөз де естіді, қызметін өзгерткен кезі де болды.Қалай айтсақ та, қызметтік сатылардың баспалдақтарын терең меңгерген, Басқару академиясының тест сынақтарынан өткен Қайыржан Кәрімұлы – шыңдалған азамат, білікті де іскер мемлекеттік қызметкер, адал жан ретінде жұрт оны сыйлайды, бағалайды. Интеллектуалды қабілеті мол, өмірдің қыр-сырына үңілген, айтар ойы бар Қайыржан қарап отыра алмады. Соңғы жылдары қаламынан біраз дүниелер шықты.
Ұлағатты ұстаз, бір ғасырдан аса өмір сүрген, елдің құрметтісі Шәукей Жұқанұлының «Тәбәрік», «Аманат» кітаптарының жарыққа шығуын басқарды, редакциялады, насихаттады. Бұл қадам – келесі күрделі дүниелерді жазуына дайындық іспеттес болды.
Қолымызда – Қайыржанның «Өмір тағылымдары» атты кітабы. Бұл туынды алдында жазылған «Саңлақ» кітабының жалғасы. Екеуі ой түйіні жағында мағыналас, соңғысы алғашқысын кеңейтіп дамытады.
«Өмір тағылымдары» – өте сауатты жазылған шығарма, әрбір оқиға терең баяндалған, тілінің жатықтығы, бастан өткендерін боямасыз, шынайы баяндауы оқырманды бейжай қалдырмайды. Бұл туындыны – сеніммен деректі-көркем хикаят деп атауға тұрады.
Кейіпкерлері – әріптестері, жолдастары; дәйексөздерде ұлылардың ұлағатты сөздеріне жүгінеді, таңқаларлығы – бәрінің аты-жөнін толық біледі, не атын, не тегін ұмытып қалдым деген сылтауы жоқ. Тәрізі, көркем де, деректі естелік-мемуарды жазуға ұзақ дайындалған, есесіне – ұял- майтындай қымбат дүние шыққан. Қазір Қайыржан – зейнет жасында. Өмір бойы жинаған рухани қоры – сандығының кілтін ашып, бүгінгі заман талабымен ұштастырып, жастарға дәріс оқуда. Яғни, даму үстінде, шығармашылық күйде. Жарастықты үрдіс. «Индустриальная Караганда» газетінде «Возвращение ас-Сани», «Мысли благонамеренного читателя «О целостном человеке Абая» танымдық мақалалары- ның жариялануы Қайыржанның зерттеушілік қырынан мәлімет береді.
***
Бауырымыз қазіргі таңда Құдай қосқан қосағы Маямен отбасылық жарасымды ғұмыр кешіп, аяулы баласы Баян мен Темір отбасы мен немерелері Іңкәрім мен Даянаны қызықтап, бақытты күндерін өткізіп жатқан жайы бар. Мерейлі жасыңызбен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шуақты да қуанышты күндеріңіз молынан болғай деп тілейміз!
Марс ЕРЕМБЕКҰЛЫ,
«Құрмет» орденінің иегері,
Шет ауданының Құрметті азаматы,
Қарағанды облысының Құрметті ардагері,
Марат ТҮСІП,
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз
№402



