Қайырымдылық танытады
Биыл Еріктілер жылы аясында волонтерлер санын 20 000 адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Жақында Қарағандыда еріктілердің атсалысуымен ҚХА-ның 25 жылдығына орай, «25 игі іс» акциясы басталды.
Акция аясында азаматтардың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетіледі. Зейнеткерлер мен балалар үйінде тәрбиеленгендерге қолғабыс жасау – басты мақсаттың бірі. Облыстың ҚХА еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі Дамир Меңдібековтің айтуынша, Ассамблея жанынан құрылған еріктілер қозғалысы бірнеше бағытта жұмыс істейді. «Саулық» бағыты арқылы медициналық волонтерлікті дамытып, науқастарға қамқорлық көрсетеді. «Таза әлем» жобасымен көпшілікті қоршаған ортаны қорғап, өзендер мен ормандарды тазалауға, ағаш отырғызуға, қоқысты сұрыптауға үйретеді. «Асыл мұра» бағытында материалдық және мәдени-тарихи мұраны сақтауға талпынса, «Қамқор» бағыты Қарттар үйлеріндегі жұмысқа бағытталмақ. Ауыл мектептері оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту жұмысы жүргізіледі. Ал, «Үміт» жобасы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, отандастарымыздың ерліктерін паш ететін құжаттарды іздеуге бағытталады.
Аяулым СОВЕТ