Жаңалықтар

Қайырымдылықта қайыр бар

Наурызнама онкүндігі аясында Қайырымдылық жасау күнін нұралықтар да кеңінен атап өтті.

Атап айтқанда, Нұра ауданының орталығындағы Жастар алаңында аудандық білім бөлімінің және мектеп педагогтері мен қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Атаулы іс-шара жиналған жұртты қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстырудан басталды. Нұра көп ұлттың өкілдері қоныстанған өңір болғандықтан, жергілікті халықтың дәстүрін насихаттау өзекті мәселенің бірі. Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп ұжымы театрландырылған қойылымдар арқылы «баланы бесікке бөлеу» және «қызға шолпы тағу» дәстүрлерін көрсетті. Қызықтаушылар бұл көріністерді ынтамен тамашалады. Кенттегі мектеп ұжымдары ән шырқап, жұртты думанға бөледі. Алаңда тігілген киіз үйге дастарқан жайылып, жиналғандар дәмнен ауыз тиді.

Кенттегі мектептер өздерінің инновациялық жобаларымен таныстырды. Айталық, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп ұжымы жасанды интеллекті дамытып, суреттерді жандандыру арқылы Наурыз мерекесіне құттықтау әзірлесе, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп ұжымы 3D принтерінде асықтар, домбыра және киіз үй макетін шығарып әкелген екен. Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов бұл жобаларды жоғары бағалап, одан әрі дамытып, сырттан келген жұртқа Нұра өңірін танытатын кәдесыйлар шығару идеясын ұсынды.

Мерекелік шара аясында арқан тарту, асық ату, таяқ тарту сияқты спорттық жарыстар өтті. Балалардың асық ату ойынына аудан әкімінің өзі де қосылып, мерекелік көңіл күйді жандандыра түсті.

Қайырымдылық күніне арналған іс-шаралар Наурыз мерекесінің рухына сай, бірлік пен ынтымақтас­тықтың жарқын көрінісі болды.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button