Жаңалықтар

Қайырымдылық марафоншылары

Арина – волонтерлікпен айналысатын белсенді жастардың бірі. Жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған «Адам азамат» байқауының жеңімпазы атанды. «Ізгілік жаршысы» номинациясының иегері Арина Саябекқызы – «Адал азамат» идеалының жарқын үлгісі.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Арина волонтерлікпен мектеп қабырғасынан бастап айналысқан. 11 сыныпта Ассамблеяның жастар қанатына қосылады, қазір сол жерде волонтерлер лигасының басшысы әрі үйлестірушісі.

– Мен үшін ерікті болу – бұл әлемді сәл де болса, мейірімге толтыру, оған қамқорлық пен жылу сыйлау. Ол адам, я, жануар болсын, көзінен шынайы алғысын көргенде жұмсаған күш-жігерің бекер емес екенін түсінген сәт – ең құнды сәт. Волонтерлік – бұл жай ғана көмек емес, бұл мейірімге, қолдауға және риясыз көңілге толы өмір салты, – дейді ол.

Ол Астанада өткен волонтерлер форумына барған кезін ерекше еске алады. Себебі, сол кеште ізгі істерге құлшынып, бір мақсатқа жұмылған өзі сияқты жастарды көріп, әлемде жақсылықтың басым екендігін сезініпті.

– Бұл форум сенім сыйлады, осындай үлкен істің бөлшегі екенімді мақтан етемін. Сол форумға Президент те қатысты. Ерікті болу – менің өмірлік қағидам, – дейді Арина.

Арина сынды сауапты істің басы-қасында жүретін жастар жетерлік. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі олардың басын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа ұйыстырып отыр. Республикалық бірлестіктің аймақтағы ұйымы 2022 жылы құрылған. Оның құрамындағы 120-дан астам жас тек волонтерлік емес, әлеуметтік, мәдени, спорттық, жалпы, қоғамдық іс-шаралардың бәріне атсалысады. Мәселен, өңірлік бірлестік жастарды әлеуметтік қолдау, білім деңгейін арттыру және жұмысқа орналасуға көмектесетін «Social Assembly», мемлекеттік тілді оқытатын «Бірлік тілі», тарихи-мәдени мұраны сақтауға бақытталған «Ел мұрасы», экология мен қоршаған ортаны қорғауды үйрететін «Таза орта» жобаларын жүзеге асыруда. Одан басқа, әскери-патриоттық тәрбие беретін «Қасиетті парыз», медиа-жобаларды дамыту мен медиа-сауаттылықты арттыратын «Jastar media» сынды жобалары бар. Былтырдың өзінде «Ассамблея жастары» 5 600-ден астам адамды қамтитын 120-дан астам іс-шара өткізді.

Еріктілер лигасының қызметі аясында «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Umit», «Birgemiz: TazaAlem», «Birgemiz: AsylMura» жалпыұлттық еріктілер жобалары іске асырылып жатқанын да айта кету керек.

– Жастар былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» республикалық акциясына белсене қатысып, су басқан өңірлерге қайырымдылық көмегін жинау мен жіберуге ерекше қолғабыс етті. «Таза Қазақстан» республикалық акциясында ағаш отырғызды. Спорттық іс-шараларға, оның ішінде, Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен «Бірлік жүгірісіне» қатысты. Қайырымдылық балын өткізді. Аталған жобаның мақсаты – жастарды бірлік, ынтымақтастық және өзара көмек құндылықтарын ілгерілету арқылы қайырымдылық, волонтерлік қызметке тарту, сондай-ақ, мұқтаж адамдарға көмек көрсету. Қайырымдылық бал нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасына 1,4 млн теңгеден астам сома жиналып, табысталды. Аталған шара қалалық мәслихат депутаттарының, Қарағанды қаласы әкімдігінің және «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды, – дейді қоғамдық-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Арнагүл Сулайманова.

Былтыр Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары мен бірқатар ұйымдар арасында меморандумға қол қойылды. Бұл өзара қолдау мен белсенді ынтымақтастықты арттырып, мемлекеттік саясатты іске асыру үшін қоғамды біріктіру, жалпыұлттық бірлік пен келісімді қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Жалпы, «Ассамблея жастарының» кез келген бастамасы осы басты мақсат аясында жүзеге асырылады. Жастардың зор құлшынысы мен жарқын болашаққа сенімі ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтып, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтап, ортақ мұраттарға жеткізеді.

***

Арина және өзге де волонтерлер кеше ғана тағы бір қайырымдылық балын өткізді. Бұл жолы «Жұмысшы мамандықтар жылына» және Қазақстан кәсіподағының 120 жылдығына арналған шарада еңбек жастары мен волонтерлер Айтмұхамедовтер отбасына қол ұшын созды. Олардың қайырымдылық марафоны үзілмейді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button