АймақОсакаров

Қайырлы істердің ұйытқысы

«Жасы келген жандардың қоғамға әлеуметтік-психология­лық бейімделуіне жәрдемдесу, саламатты өмір салты мен белсенді ұзақ жасауды насихаттау» жобасының аясында «Мейірім әлемі» қоғамдық қоры Белсенді ұзақ жасау орталығын ашқан болатын.

Сурет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен

Бұл қайырлы шараға Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қаржылай қолдау көрсетті.

Ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да, орталық аға буын өкілдері қуана бас қосатын, емен-жарқын араласып, бір-біріне қолдау көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын шаңыраққа айналып үлгерген. Мұнда денсаулықты нығайтуға, әлеуметтік белсенділікті арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Орталық атаулы күндер мен мерекелерді құр жібермеуге тырысады. Айталық, көктем шуағымен бірге келетін әйелдердің халықаралық күнінде зейнет жасындағы аналармен мерекелік кездесу өткізілді. Ақ самайлы аналардың құшағы гүлге толып, сый-сияпат жасалды, ақжарма тілектер айтылып, бұл күн барлық келушілерді керемет әсерге бөледі.

Наурыз тойы мен масленица мерекесінде де арнайы бас қосқан үлкендер ұлттық дәмдерінен үйдегідей дастархан жайып, ән төгілтіп, жарасымды әзіл-қалжыңдарын айтысып, бір жасап қалды.

Ал, Молодежный кентінде «Белсенді ұзақ жасау – денсаулық кепілі» деген ұранмен шахмат пен үстел теннисінен жарыстар өткізілді. Спорттық шараларда көбінесе көрермен болып отыратын жасамыс аға-апаларымыз бұл жолы өзара тартысқа түсіп, бақ сынасты.

«Осакаровка біздің естеліктерімізде» атты кездесуде болса, қариялар жағы басынан кешкендерімен, аудан өмірі мен тарихы жайлы құнды естеліктерімен бөлісті.

Ал, Жеңіс күні қарсаңында орталық «Әскери жылдар әндері» атты патриоттық шараға кезек беріп, майдан жылдарының әсем әндері шырқалды. Бұл шара да жиналғандарды ұрпақтар сабақтастығы жайлы терең ойға жетелеп, бабаларымыздың ерлік жолына деген құрметімізді арттыра түскендей.

Мамыр айының 31-ші жұлдызы – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Орталықтағылар тағдыр талайы зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келген бейбақ ұрпақты еске алып, тағзым ету кешін ұйымдастыруды да өзіне парыз санады. Әрбір жаңа буын өткен тарихымыздан сабақ алып, адам тағдырын азапқа салатын қателіктерді қайталамауы тиіс. Мұндай кештердің негізгі мақсаты да осы.

Орталық жастарға да ерекше көңіл бөледі: мектеп-интернат-колледждің шәкірттерімен кәсіби бағдарлау кездесуін өткізіп, онда белсенді өмірлік ұстаным мен ұрпақтар сабақтастығының мән-маңызы талқыланды. Сонымен қатар, жастармен бірге көңілді би кеші ұйымдастырылды.

Осакаровкадағы Белсенді ұзақ жасау орталығының жұмысы мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытқа жоспарлаған көптеген жаңа кездесулері мен игі бастамалары, көп жасаған, көпті көрген аға буын өкілдеріне арнап жасайтын қайырымдылық шаралары бар.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button