Жаңалықтар

Айтары бар білікті ғалым

Басқаларда қайдам, бізде, филфакта, екі-үш курс жігіттері бірге жүретін әдет болды. Аға-інілі, аралас-құралас. Бізден кейін ізімізді басып оқуға түскен толқын әлдеқайда білімді болып шықты. Бірі жазушы, бірі ақын, бірі тілші, бірі ғалым дегендей, қазір олар қоғамның кілтін ұстаған белгілі азаматтар қатарын құрап жүр. Қайрат Әбілда, Жеңіс Сармурзин, Жұпар Жақан, Амангелді Мамыт, Мархаба Тұрсынова бір топта бізден кейіндеу оқыды. Біз ғылымның не екенін білмей, иісі мұрнымызға бармай жүргенде, сол бір қиындығы күрделі, тылсымы мол ғылымға арамызда алғаш үңіле ден қойған Амангелді болыпты.

Сурет автордан

Біздің ортамызда алғашқы боп ғылыми дәреже алды. Өзімен-өзі жүріп, ішкі бар дүниесін жарқыратып үнсіз тындырды. Мен бұрынғы өз арманым мен қиялым әлемінен өзім қашқын болып жүргенімде, Аужекең батырлық жырдан қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Білдей доцент. Оның ғылыми жұмысының арқауы – «Шора батыр» жыры болды.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейін, Шора батыр – аңыз, ертегі үлгісіндегі қаһармандық жыр кейіпкері. Уикипедия ол жөніндегі кеңінен мәлімет береді. Жыр Румыния, Түрік, Қырым, Қазания татарлары, ноғайлар, қарақалпақтар, башқұрттар, чуваштар, қырғыздар арасында да кең тараған. «Шора батыр» Арал маңында да жырланған, өзіміз Аралдыкі болған соң студент кезден назарда ұстайтын едік. «Шора батыр» туралы кезінде П.Фалев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, тағы басқа белгілі ғалымдар қарастырған. Әйтсе де, оның тарихи-көркемдік ерекшелігін Амангелді Мамыт қағазға түсіріп жүйелеген еді. Сонысы үшін құрмет тұттық.

Аужекең ізденуге құмар. Өйткені қазақтың рухани тарихы – сан-қилы қайшылықты замандардағы шынайы уақиғалардың уақыттық тізбегін құрайтын әлеуметтік құбылыс, тағылым. Тарих – халық тағдыры, оның экзистенциясы. Сондықтан болар, тарих түйіндерін тарқату – адамзатты дүниетанымын қоғамды құрайтын адамдардың өмір саласының тарихы. Тарихи даму барысында тек қоғам емес, адам болмысы да өзгеріске түседі, оны рухани көзқарасы да, құндылықтары да, мәдени мұрасы да өзгеріс, даму үстінде болады, бірақ рухани мәдениет үшін ең үлкен қауіп – тарихи жадыны жоғалту. Ал сол жадыны жоғалтпау үшін Амангелді Мамыт сияқты ғалымдар қажет, олардың ізденіс жұмыстары қажет.

Амангелдінің екінші бір қыры – сөзіне беріктігі. Ауылы алыс болса да, Қарағандысын еш ұмытпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялағаны белгілі. Бес жыл кейін де бұл еңбекті де «Абайтану» ғылымына тыңнан қосылған тағылымды дүние қатарына жатқызар едік. Олай айтуымыздың себебі, Ұлы Дала данасының шығармашылығын ғылымда зерттеудің дені бұрын тек философия, тарих, филология бойынша жүргізілсе, ал бұл мақалада Абай шығармашылығы өркениетті, дамыған елдердің қатарына қосылудағы басты ұстаным ретінде жан-жақты талдауға түседі. Сөз жоқ, еліміздің рухани тұрғыдан жаңғырып, жаңару мен жандануда Абай мұрасының тигізер пайдасы ұшан-теңіз, қазақ үшін ол мәңгілік рухани азық болып қалатыны анық. Осы ыңғайда кезінде қаламыздағы «Болашақ» академиясы ақынның ұлы тойына арнап, «Заманауи әлемдегі ғылым мен білім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, оның материалдарын екі том жинақ етіп басып шығарған-ды. «Абай және әлемдік өркениет» аталатын бұл жинақтардағы жарияланымдар денін бүгінгі мәдениеттер тоғысында жаһандану үрдісіне бағыт бұрған замандағы ұлтымыздың рухани өрісін биіктететін ұлы ақынның мұрасына үңіліп, оның тағылымдық мәнін зерделеуге ұмтылған еңбектер құрайды. Бұл еңбекте де филология ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Мамыттың материалы да жарқ етіп көрінген-ді. Әсілі, «Болашақ» академиясының кез келген руханиятқа арналған іс-шарасында Аужекең қалыс қалмайды. Жұмысын алдыға тартып, келмегенін көргеніміз жоқ. Шым қаладан келеді де қатысады. Альма-матері ҚарУ-ға да келуге құмар. Басын сұқпай кетпейді.

Бір тәмсілде былай делінеді:
– Адамға ақыл беретін кімдер? – депті қарт.
– Ана тілі ғой ақыл беретін, – депті немересі.
– Жоқ, балам, ана тілі ойды өсіреді. Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал дос. Адал дос ақылшың, ақылшы дос – жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады, – депті қарт сонда. Дәл сондай Аужекеңнің ақылы көп. Аракідік Қарағандыға келгенінде төгіп-төгіп айтып кетеді.

«Кей адамдар сыртынан қаншалықты мінсіз көрінсе, ішінен соншалықты кемшілігі көп болады» дейді аңдағандар. Ол ондай қатардан емес. Шәкәрім Құдайбердіұлы сөзімен айтқанда «Бәріне қанағат қылған, адал еңбек қылған» адам.

…Әйтеуір әлеуметтік желі деген бар, сонау жастықта бір уақытта, бір ауамен тыныстағандарды ұмыттырмайтын қасиеті көп оның. Әрқайсының жаңаланып тұратын жеке парақшаларына салынған мәліметтер мен суреттер әрбір достың тыныс-тіршілігінен дерек беріп жатады. Шым қаланың теледидарына қарасаң – Амангелді Мамыт, БАҚ-та білікті дүние жазған кім екен деп үңілсең – онда да сол Аужекең. Міне, осындай дүниелеріне қарап, алыс жақта жүрсе де, жақсы үстіне жақсы бола түсіп, бақытты болған үстіне бақытты болып жүргенін көремін. Бүгін ол тал түс жасқа келіп отыр. Бергенінен берері көп жас. Құттықтағым келді. Бүгін тағы сол баяғы жастық кездегі сезімдер лап етіп жүректе жетіп тұрғаны. Бүтін құртты бірге бөліскен, бізді таныстырған да, сыйластырған да бір Жаратқан еді. Алла алқап жүрсін отбасыңызды, ғалымдығыңызды дегім келеді. Ковид кезінде бір қорқытып едің. Аман жүр, Аужеке деймін!

Елеужан СЕРІМОВ,
заң ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Back to top button