Айтары айшықты жинақ

ҰЗАҚ ЖЫЛДАР КОМСОМОЛ, ПАРТИЯ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН БАТЫРХАН ЖАНАТОВТЫҢ ЖАҚЫНДА «ГЛАСИР» БАСПАХАНАСЫНАН ЖАРЫҚҚА ШЫҚҚАН «САҒЫНЫШ ЕКЕН СОЛ БІР КЕЗ» АТТЫ КІТАБЫ ТУҒАН ЖЕР, ӨСКЕН ӨЛКЕСІНЕ, ТУҒАНЫНА ЖҮЗ ЖЫЛ ТОЛҒАЛЫ ОТЫРҒАН ӘКЕ ӨНЕГЕСІНЕ АРНАЛАДЫ.

Әкесі Жанат Жақайұлы Жаңаарқа өңіріне белгілі азамат болған. Ат жалын тартып мінгеннен жергілікті партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарады. Ауатком төрағасының орынбасары, Ленин атындағы (қазіргі Талдыбұлақ), «Дружба» кеңшарларын, азық-түлік дайындау мекемесін басқарып, аудандық газеттің редакторы, баспахана директоры, кәсіптік-техникалық училищеде оқу-шаруашылық меңгерушісі қызметтерін де атқарады.

Кітапта, әсіресе, әкесінің соғыс жылдарындағы ерен еңбегі естеліктері арқылы әсерлі баяндалады. «Соғыстың зардабы елге ауыр тиген, жұрттың дені аш-жалаңаш дерлік уақытта бір жағынан мемлекеттік тапсырманы қайткенде орындау, екінші жағынан еңбекке жағдай туғызу өте-мөте қиын соқты. Жесір әйелдерді, бала-шағаны, қарттарды таңертеңнен кешке дейін жұмысқа жегу жанымызға бататын. Содан қажытпау, ертеңгі күнге үмітті жасытпау үшін әупірімдеп табылған табысымыздың бір бөлігін үнемдеп, мұқтаждарын өтеуге жұмсайтынбыз. Соқыр тиынға шейін бақылаулы, есептеулі болса да, алдымен жұрт қамын ескеруді жерде қалдырмайтынбыз. Соның ішінде жекеменшік мал ұстауға мүмкіндік жасау, кірпішті өздері құйып, үй салып алуларына көмектесу ел еңсесін түзетті» деген жерлерін тебіренбей оқу мүмкін емес.

Өмірбаяндық толғаулар тұрғысында жазылған шығармада ұшқан ұясы, қанаты қатайған ортасы, алға жетелеген ағалары, жігер жаныған достарының ықпал-әсерлері барынша жатық баян етіледі. Үш тарауға бөлінген жинақ «Өркен өсірген өріс», «Бедерлі белестер» және «Тағдыр тартқан сый» атауларымен тармақталады, тартымды оқылады. Тағылымдық-танымдық мәні мол.

Кезінде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген жылдары жерлес жастардың істеріне ұйытқы болып, атқарған қызметі торқалы тоқсан жылдығын тойлағалы отырған Жаңаарқа ауданының тарихын зерделеуге қосылған бір үлес болуы тиіс.

Аман ЖАНҒОЖИН.