АймақБалқашБас тақырып

Қайта түлеген қайырлы мекен

Балқаш алдағы уақытта сәніне салтанат қосып, келбетіне көрік беріп, дамудың даңғыл жолына түседі. Мұнда шаһар үшін де, тұрғындар үшін де, туристер үшін де қолайлы әрі қажетті инфрақұрылымдар құрылысы тоқтаусыз жалғасады. Соның ішінде, тозаң басқан ескі полигонның орнына экологиялық талапқа сай жаңа кешен, су жаңа мектептің есігі балаларға айқара ашылғалы тұр. Бұдан бөлек, әуежайдың әлеуеті артып, теміржолдың жолаушы қабылдайтын қабілеті күшейе түседі. Қала тек жөнделіп жатқан жоқ – қайта түлеп келеді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқашқа жұмыс сапарымен келіп, осы өзгерістердің бел ортасында болды. Қала көркін, келешек тынысын өз көзімен көріп, жаңа жобаларға серпін беріп қайтты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Полигон құрылысы басталды

Биыл Балқашта тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонының құрылысы қолға алынды. Мамандардың мәлімдеуінше, жаңа полигон қоқысты толық сұрыптап, кәдеге жаратуға мүмкіндік туғызады. Экологиялық заңнаманың барлық талаптарына сай. Болашақта қоқыс өңдейтін зауыт та салынуы мүмкін. Жеке инвестицияларға жүзеге асырылатын жоба облыс әкімінің назарына ұсынылды. Қала әкімі Сапар Сатаев жобаның өзектілігін атап өтті.

Ескі полигон әуежайға жа­қын орналасқан. Қаланың бас жос­парына сәйкес, жаңа полигон әуежайдан алыс болады. Жобаны жергілікті кәсіпкер жү­зеге асыруда. Наурыз айында бас­талған жұмыстардың бірінші кезеңі жоспар бойынша жазда аяқ­талуы тисі. Жоба жетекшісі Бахтияр Айнабековтің айтуынша, полигонды одан әрі кеңейту әлеуеті бар.

1 гектар аумақты жайластыру қарастырылған. Полигонды пайдалану мерзімі – 35-40 жыл. Инвестор жеңілдікті несие алуға өтінім беру үшін қоқыс өңдеу зауытын салу үшін бизнес-жоспар әзірлеуде. Ермағанбет Бөлекпаев бұл туристік қаланың экологиясын жақсарту үшін маңызды жоба екенін атап өтіп, мемлекеттік қолдау арқылы жәрдемдесуге уәде берді.

Әуежай әлеуеті артады

Облыс әкімі Балқаш әуежайының жаңартылған инфрақұрылымын да аралап көрді. Ұшу-қону жолағы, рульдеу жолдары мен перрон қайта жөнделіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту қала мен туризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді деп күтілуде. Жоспар бойынша жолаушылар ағыны жылына 13 мыңнан 40 мыңға дейін үш есе өсуі тиіс. Жоба екі негізгі кезеңнен тұрады: рульдік жолдар мен перронды реконструкциялау, сондай-ақ, аэровокзал ғимаратын күрделі жөндеу және арнайы автокөлік қызметі үшін нысан салу.

Бірінші кезеңнің жұмыстары былтыр желтоқсан айында аяқталды. Құрылысшылар бетон жабынының екі қабатын, яғни, шамамен 114 мың шаршы метр төседі, заманауи жарық-сигналдық жабдықтар орнатылды, сонымен қатар, қауіпсіздік жолақтары, дренаж жүйелері мен тазарту құрылыстары жүргізілді. Жұмыстар жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ, әуеайлақ құрылыстарының сипаттамалары мен параметрлерін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ұсынатын стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Теміржол вокзалы жөндеуден тыс қалмайды

Аэро ғана емес, теміржол вокзалын қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Перрон және ішкі үй-жайлар жаңартылады. Балқаш теміржол вокзалының ғимараты толық жаңартылып, инженерлік инфрақұрылымдары ауыстырылып, іргелес аумағы абаттандырылмақ. Атап өтерлігі, жаңғырту жұмыстары барысында вокзалдардың тарихи келбеті өзгермейді.

Инфрақұрылым игілігі артады

Туристер көп келетін Ағыбай батыр көшесінде де жаңарту жүріп жатыр. Ұшақ монументі бар алаңды да абаттандырады. Онда, қиыршық тас төсемдерді ауыстыру мен көгалдандырудан басқа, ыңғайлы кіреберіс пен тұрақ жасалады. Ағыбай батыр көшесіне 110 миллион теңге қаржы бөлінген.

Биыл жағалауды абаттандыру аяқталады. Сондай-ақ, көлдің жағажай жағасы да ретке келтіріліп, қамыстан тазартылады. Жағалау аймағын қайта құрудың бірінші кезеңі бойынша жұмыстардың 85%-ы, екінші кезеңінің 75%-ы аяқталған.

Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап, екі кезеңмен жылу желілерін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Екінші және үшінші кезең бойынша жалпы ұзындығы 97,7 шақырым қалаішілік су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстары жалғасын табуда. Оның ішінде, 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде әртүрлі диаметрлі 42 шақырым сумен жабдықтау желілері ауыстырылды. Бұл желілердегі апаттар санын азайтуға ықпал етті. Биылғы жылға 25 шақырым құбырды ауыстыру жоспарланған. Сапар Сатаев жалпы қала бойынша 18 көшенің жолы жөнделетінін хабарлады. Орталық көшелерде 94 көпқабатты үйдің қасбеті мен шатыры жаңартылады. Тұрғындардың өтініші бойынша 20 аялдама павильоны ауыстырылады. Биыл 23 шақырым магистральды су құбыры желісін және 20 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Оның 14-і – орамішілік.

Жасыл желекті қалаға айналады

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, бұл мәселеде қиындық тудыратыны – суару жүйесін тарту. Қазір суару жүйесі тамшылату әдісімен жүзеге асырылуда. Қала кіреберісін жасыл белдеуге айналдыруға ерекше назар аударылуда. Бұл белдеу жел, қар мен шаңнан қорған болумен қатар, ауаны тазартып, қаланың экожүйесін жақсартады. Бұған дейін қаланың кіреберісінде мұндай жасыл аймақ мүлде болмаған. Себебі, бұл өңірдің табиғи ортасы өте талғампаз. Ағаштардың жерсінуі қиындық тудырады. Соған қарамастан, көгалдандыру жұмыстары басталды. Әуежай бұрылысына дейін екі қатар етіп, 2 мың түп ағаш отырғызылған. Бірінші қатарға қарағаш, екінші қатарға терек егілді. Мамандардың мәлімдеуінше, кәсіби күтім мен заманауи технологиялардың көмегімен бұл ағаштар жерсініп, алдағы уақытта толыққанды жасыл қорғаныс белдеуіне айналуы тиіс. Қазірдің өзінде ағаштар тамыр жайып үлгерді. Биыл қала бойынша 6 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, шамамен 50 мың шаршы метр көгал егу көзделуде. Мұның бәріне суару жұмыстары толығымен ұйымдастырылады. Қаланы көгалдандыру аяқталуға жақын. Мамыр айының соңына қарай ағаш отырғызуды толығымен тәмамдайды.

«Жайлы мектеп» бала қабылдауға әзір

Сонымен қатар, облыс басшысы әлеуметтік нысандарды аралап, Балқаш қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған жаңа оқу орнын көрді. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында болды. №12 жалпы білім беретін мектеп мәртебесін алған жаңа білім беру мекемесінің ауданы – 14 545 шаршы метр. Биылдан бастап, балаларға есігін айқара ашатын білім ордасы толық заманауи жабдықтармен қамтылған. 900 орындық білім ошағы оқушыларды қабылдауға дайын тұр.

Туризм индустриясына – кең тыныс

Жұмыс сапары соңында қала әкімдігінде Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті. Оған жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Кеңес барысында қала мен оның маңайындағы туризмді дамыту аймақ экономикасын нығайтуға, инвестиция тартуға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды бағыттар талқыланды. Статистика бойынша былтыр Балқашқа келіп, демалушылар саны 135 166 адамға өскен. Сәйкесінше, туризмнен түсетін салық түсімдерінің көлемі өскен. Оның ішінде, туристік қызмет субъектілерінен түсетін салықтық түсімдер 475,2 млн теңгені құраған.

– Туристік маусымның ашылуы аясында осы жылы 21-22 маусымда жыл сайынғы «Балқаш Tourfest-2025» өңірлік фестивалі өтеді. Фестиваль үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – аймақтың мәдени және туристік өміріндегі жарқын оқиға. Фестивальдің басты мақсаты – Балқаш қаласының туристік орталық ретінде брендін қалыптастыру және ілгерілету. Барлық өткізілетін іс-шаралар туристік ағынға және қолайлы инвестициялық ахуалға ықпал етеді, – деді Сапар Сатаев.

Кездесуде қала инфрақұрылымының жағдайы, қонақ үй орындарының жетіспеушілігі, сондай-ақ, көліктің қолжетімділігі мен қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер талқыланды. Туристердің Балқаштағы саяхатын жайлы етуге және келушілер ағынын арттыру мақсатында  бұл мәселелер тиімді шешімді қажет етеді. Оның ішінде, «Шұбартүбек», «Тораңғалық» сынды демалыс орындарында интернеттің нашарлығы айтылды. Тораңғалыққа кіреберістегі бұзылған бұрынғы құс фабрикасының, ескі қараусыз қалған үйлердің демалыс аймағының өңін кетіріп, құтын қашырып тұрғандығы да сөз болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер демалыс орындарындағы кәріз құдықтарының дұрыс жұмыс істемейтіндігін алға тартты. Кездесу соңында қатысушылар тұрақты және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды құру үшін мемлекеттік құрылымдар, бизнес және сарапшылар арасындағы ынтымақтастық шеңберін кеңейтуге келісті.

«Бүгін Балқашта болдым. Қала үшін маңызды жобалардың қалай жүріп жатқанын тексердім. Мұнда қоқысты толық сұрыптап, кәдеге жарататын жаңа ҚТҚ полигонының құрылысы басталды. Жоба жеке инвестициялар есебінен іске асырылуда. Сондай-ақ, қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарда бар. Әуежайда ауқымды қайта құру жүріп жатыр. Ұшу жолағы, перрон жаңартылуда. Аэровокзал ғимаратындағы жұмыстар аяқталуда. Іске қосылғаннан кейін әуежай бір уақытта 7 ұшақты қабылдай алады. Сонымен қатар, теміржол вокзалы жөнделуде, Ағыбай батыр көшесі абаттандырылып жатыр. Биылғы жылы 18 көшенің жолы жөнделеді, 94 көпқабатты үйдің қасбеті мен шатырлары ретке келтіріледі. Тұрғындардың өтініші бойынша 20 аялдама ауыстырылады. Қалада көгалдандыру жалғасуда, қазірдің өзінде 6 мыңға жуық ағаш отырғызылып, көгалдар егілуде. Мен барлық жерде автоматты суаруды орнатуды тапсырдым. Коммуналдық жүйелерді жөндеуді жалғастырамыз. Биыл 23 шақырым су құбыры мен 20 шақырым жылу желісін ауыстырамыз. Сапар соңында туризмді дамыту бойынша кеңесті өткіздім. Балқаш тұрғындар мен қонақтар үшін таза, жасыл, жайлы орталыққа айналуы керек» делінген облыс әкімінің жазбасында.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button