ЖаңалықтарРесми

Қайта даярлаудың қайыры көп

Қарағанды облысында жыл басынан бері қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 571 жұмыссыз жіберілді. Олардың көпшілігі жаңа мамандықтарды игеріп, тұрақты жұмыс орындарына ие болды. Мансап орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейтін Саран қаласындағы «A.V.Group» компаниясында осы жоба аясында еңбекке араласқандар саны басым. Кезекті баспасөз турында осы кәсіпорынға бас сұқтық.

«A.V.Group» ЖШС 2013 жылы құрылған болатын. Биыл 10 жылдығын атап өтті. Кәсіпорын тек жеңіл өнеркәсіппен шектеліп қалмай, бірнеше өндірісті дамытып отыр. «A.V.Group» – облыста алғашқылардың бірі болып полиграфиялық өндірістің толық цикл­ын құрған және алдағы уақытта қазақ тілінде Брайль шрифтімен басып шығарумен айналысатын еліміздегі жалғыз кәсіпорын атанбақ. Өйткені оның жобасын жасап қойған. Келесі жылы іске қоспақ ниетте. Сонымен қатар, жол белгілерін жасайтын цех та бар. Компания жиһаз өндірумен де айналысады, арнайы киімдер мен тұтыну тауарларын шығарады. Бүгінгі таңда серіктестік кәсіпорындарында 150 адам жұмыс істейді.

– Кәсіпорындағы 70 адам біздің оқу орталығының базасында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Біз Саран қаласының мансап орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олар бізге жұмыссыздарды жібереді. Біз оларды 3 айдан 6 айға дейін оқытамыз, содан кейін жұмыс орнын ұсынамыз. Біз өзіміз үшін мамандар дайындаймыз, сондықтан олардың біліктілігіне сенімдіміз. Болашақта осы бағдарлама бойынша тағы 200-ге жуық адамды жұмысқа орналастыруға дайынбыз. Сондай-ақ, біз арнайы киімнен алыс­тап, көпшілік тұтынатын киім тігумен айналысқымыз келеді, – дейді «A.V.Group» ЖШС бас директоры Владимир Алескеров.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасының түлектері жаңа мамандықты игеріп, кепілді жұмысқа орналасып қана қоймай, мемлекеттік үлгідегі сертификаттарды да алады. Сонымен қатар, кейбір курстарды онлайн оқуға да болады. Олардың тізімі enbek.kz сайтында көрсетілген.

«A.V.Group» компаниясына жұмыс іздеп келіп, арнайы оқытудан өткен, бүгінде еңбек жолын осында жалғастырып жатқан Саран қаласының тұрғыны Эльмира Волкова көп жыл мектепте жұмыс істеді, информатика пәнінен сабақ бергендігін айтады.

Бір жыл бұрын ол өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдады және қысқа мерзімді курстарда оқуға тіркелген.

– Мен жұмыспен қамту орталығына жүгіндім, маған «A.V. Group» ЖШС Оқу орталығының базасында түптеушіге оқуды ұсынды. Үш ай оқыдым, тәжірибеден де өттім, содан кейін жұмыс істеймін деп шештім. Курстар кезінде стипендия алдым. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы – жаңа мамандықты тез меңгергісі келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені білім толыққанды беріледі. Қазір менің сүйікті ісім бар, блокнот және де басқа да кеңсе өнімдерін жасаймын. Сонымен қатар, жұмыс орным дәл үйімнің жанында, – дейді Эльмира.

Мемлекеттің қолдауының арқасында жұмыс іздегендерге осындай мүмкіндік берілуде. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту арқылы мамандықты да ауыстыруға болады.

– Бүгінгі таңда Қарағанды облысында қысқа мерзімді курс­тарға 571 адам жіберілді, оның 435-і оқуды аяқтап, 317-сі жұмысқа орналастырылды. Оқу кезеңінде олар мемлекеттен 32 685 теңге көлемінде шәкіртақы алады, оларға жол ақысы төленеді. Өңірде кәсіпорындар базасында орналасқан 20 оқу орталығы бар. Олар тігіншілер, аспаздар, кондитерлер сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындайды, – дейді Қарағанды облысының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Дәурен Қошқаралиев.

Қалай болғанда да, қайта даярлаудың қайыры көп.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button