АймақҚарағанды

Қайта даярлаудың қайыры

Аймақта «Jumys Tap» жобасы аясында қысқамерзімді оқыту курстарын жүзеге асырып жатқанына біраз болды. Бүгінде оқуды аяқтап, қолдарына сертификатын алғандар да бар. Олардың сұранысына қарай облыстық еңбек мобильділігі орталығы мамандары оқыған жаңа кәсібі бойынша жұмыс тауып беруге жәрдемдеседі.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстық еңбек мобильділігі орталығы ұсынған дерекке сүйенсек, жоба бастау алған 25 маусымнан 17 тамыз аралығында барлығы 1 872 адам жобаға қызығушылық білдірген. Оның көпшілігі кеңес беру пункттеріне барса, керегін арнайы сall-орталық номеріне хабарласып білгендер де жетерлік. Нәтижесінде қысқамерзімді оқыту курстарына жазылған – 1 210 адам. Оның ішінде, мүгедектігі бар 12 адам оқуға ниет білдіргендер қатарында екенін айта кету керек.

Оқыту Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы жеті колледж базасында жүргізілуде. Бүгінгі таңда оқу мерзімі он күндік, он бес күндік курстарды аяқтап шыққандар да бар.

Мәселен, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде СММ, таргетолог, мобилография сияқты қысқамерзімді курстарды 49 адам оқып шықты. Одан бөлек, графикалық дизайн және флорист кәсібін оқыған 16 адам сертификат алды.

Курс оқығандардың қатарында осы мамандықпен жұмысқа орналасқысы келетіндер де, өздері үшін оқып алғандар да кездеседі. Бұрын оқуға мүмкіндігі болмай жүргендер өз қызығушылығы үшін меңгеруде. Себебі, аталған курстар тегін. Жаңаны білуге деген ынтасы мен оқыту кестесіне сәйкес уақыт тапса болғаны. Олай дейтініміз, бұл курстар тек жұмыссыздарға емес, тұрақты жұмысы бар адамдарға да арналған. Жұмыс арасында уақыт тауып қатысуы маңызды. Мамандар дәл осы себеппен оқытудан бас тартқандардың бар екенін айтып отыр.

Мемлекеттік үлгідегі сертификат иегерлерінің бірі – 22 жастағы Диана Қарашолақова. Ол курс туралы Instagram әлеуметтік желісінен көргенін айтады.

– Желіден көріп, қызығушылығым оянды. Кеңес беру орталықтары арқылы жазылдым. Графикалық дизайн мамандығы бойынша оқып алдым. Кураторымыз 10 күн бойы осы мамандық бойынша негізгі дүниелерді үйретіп, көмегін аямады, – дейді ол.

Ақбота Баржақсынова да осы курсты аяқтағанын айтты. Осындай мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдірді. Екеуі де игерген білімдерін іске асырмақ ниетте.

Осы мамандықты оқып шыққан он адамның біреуі – мүмкіндігі шектеулі жан. Ақжан Нұрмұқанов – екінші топ мүгедегі. Ол денсаулық жағдайы жаңа білім алуға кедергі емес екенін айтып отыр.

– Осындай курсқа қатысқаныма қуаныштымын. Көп нәрсе үйрендім, жаңа таныстар таптым. Көпшілік жағдайда оқу курстарының барлығы ақылы ғой. Мен жұмыс істемеймін. Енді, осы бағытта жұмысқа орналасқым келеді, – дейді Ақжан.

Ақжан секілді тағы 11 адам қазіргі уақытта оқуын жалғастырып жатыр. СММ, бейнемонтаж, сайт жасау бағыттарында екі адамнан, шаштаразға үш адам машықтануда. Одан басқа, флорист, аспаз, тігінші сынды кәсіпті игеріп жатқандары да бар.

Курстың алғашқы түлектері алған дағдыларын жобаларды ілгерілету, өз кәсіптерін ашу, жаңа клиенттер табу және табыстарын арттыру үшін қолдануды жоспарлап отыр.

Қарағанды техникалық-­құрылыс колледжі директорының ІТ бойынша орынбасары Жаңабек Шотаев сайт жасау, бағдарламалау бойынша білім беріп жүр. Ол жүргізетін курстың ұзақтығы – бір ай.

– Мұнда бағдарламалау тілі болғандықтан ол күрделірек, сәйкесінше, ұзақтау болады, – дейді Жаңабек Талғатұлы. – Сабақты аптасына үш рет, арасына күн салмай, қатарынан өткіземін. Жастар да, үлкендер де бар. Әркімнің компьютердегі жұмысты игеру деңгейі әртүрлі. Сондықтан, сабақты жан-жақты өткізуге тырысамын. Топта мүмкіндігі шектеулі екі адам бар. Оларды да назардан тыс қалдырмай, барынша үйрету ниетім бар. Олар да шама-шарқынша тапсырмаларды орындайды.

Мұндай курстардың мүгедектігі бар адамдар үшін айрықта маңызды екені айтпаса да түсінікті. Денсаулығына байланысты қалыпты өмірден шет қалған жандарды әуелі оқытып, кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау міндеті тұр. Кейбірі «білім игеру – жаңа орта тауып, көпшілікпен араласуға жақсы мүмкіндік» деп санайды. Оның үстіне, біздің облыс мүгедектігі бар адамдардың саны жағынан республикада алдыңғы қатардағы үштікке кіреді. Аймақта тұратын 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның 30 мыңға жуығы жұмыс істей алатын жаста. Жұмыспен қамтылғандары 10 мың адамнан сәл асады. Яғни, қалғанын денсаулық жағдайына қарай жұмыспен қамту – негізгі міндеттердің бірі. Оны орындауда осы «Jumys Tap» сияқты жобалардың үлесі зор.

Жобаға қатысу мүмкіндігі әлі де бар. Оған ресми тіркелген жұмыссыздар, тіркелмеген жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ, студенттер мен зейнет­керлік жастағы адамдар да қатыса алады. Сонымен қатар, бұл қосымша кәсіпке ие болғысы келетін немесе жұмыс орнын ауыстырғысы келетін жұмысы бар адамдар үшін таптырмас мүмкіндік. Негізгі жұмысынан шықпай да жаңа кәсіпті меңгере алады.
«Таир», «Ұмай» сауда орталықтарында, Пришахтинскідегі «Ежик» дүкенінде, сонымен бірге, Теміртаудағы кеңес беру орталықтары жұмыс істеп тұр. Облыс халқының 80%-ы Қарағанды ​​және Теміртау қалаларында шоғырланған. Әрі қала құрушы кәсіпорындар мен шағын орта бизнес өкілдері осы аймақтарда. Сондықтан, жеделдетілген курстар ірі кәсіпорындар мен бизнес өкілдерінің еңбек нарығындағы сұранысы бойынша ұйымдастырылып жатқанын да айта кету керек.

Қазіргі таңда білім алып жүргендер баршылық. Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде аспаз және кондитер мамандықтарына 13 адам, Қарағанды ​​технология және сервис колледжінде тігінші және шаштараз мамандықтары бойынша 38 адам, сондай-ақ, Қарағанды ​​техникалық-құрылыс колледжі қабыр­ғасында 17 адам сайт жасаушы және электргаздәнекерлеуші мамандықтары бойынша курстан өтіп жатыр. Бейнемонтаж мамандығы бойынша оқыту осы колледжде бүгіннен басталды. Оған жазылған 22 адам жаңа мамандықтың қыр-сырын үйренетін болады.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button