Облыста 179 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілуде
Интернет – бүгінгі қоғамдағы негізгі қажеттіліктердің бірі. Әсіресе, ауылдық жерлерде оның қолжетімділігі білім алуға, қашықтан жұмыс істеуге, медициналық қызметке жүгінуге тең мүмкіндік береді. Алайда, шалғайдағы елдімекендер үшін сапалы интернет әлі күнге дейін арман болып келгені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске қосып, ауыл мен қаланың арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға кірісті. Бұл бастама мыңдаған ауыл тұрғынына жаңа мүмкіндіктердің есігін ашпақ.

Цифрлық теңдікке бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Қазақстанның әрбір тұрғынына сапалы интернет қолжетімді болуы тиіс. Бұл – азаматтарымыздың білім алуы, жұмыспен қамтылуы мен медициналық қызметке жүгінуі үшін маңызды», – деген болатын. Осы мақсатта елімізде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді.
Біздің өңірде бұл бағытта нақты жұмыс істеуді қолға алды. Бүгінде өңірдегі 342 ауылдық елдімекеннің 248-і интернетке қосылған. Оның ішінде, 144 ауыл сымды интернетті пайдаланса, 206 ауылда мобильді интернет бар. Дегенмен, әлі 94 ауыл мүлде интернетсіз отыр десек, олардың 20-сы тек 2G желісімен шектелген. Бұл жағдай, әсіресе, шалғай және халық саны аз елдімекендерде жиі кездеседі.
– Ауыл тұрғындарының цифрлық кеңістікке енуі олардың өмір сүру сапасына, білім алуына, жұмыспен қамтылуына және жалпы жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Біз бұл мәселелерді кешенді түрде шешуге кірістік. 2025 жылдың соңына дейін облыстағы 336 ауыл интернетпен қамтылады. Бұл – 204 мың тұрғынның өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал, 2027 жылға дейін тағы 97 ауылға интернет тартылып, қосымша 151 мың тұрғын цифрлық инфрақұрылымға қол жеткізеді, – деді цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Ауылдағы байланыстың ахуалы нешік?
Облыста интернетті дамыту жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатқанымен, бірқатар елдімекендерде байланыс сапасы әлі де өзекті мәселе. Жол желілерінде жүргізілген мониторинг көрсеткендей, «Қарағанды-Балқаш» бағытындағы 400 шақырымнан астам автожолдың 225 шақырымында мобильді байланыс жоқ. Ал, «Қарағанды-Қарқаралы» күрежолының 28 шақырымында ұялы байланыс ұстамайды.
Жыл басынан бері облыс әкімдігіне тұрғындар тарапынан интернет пен мобильді байланыс сапасына қатысты 18-ге жуық шағым түскен. Оның бір бөлігі Телекоммуникациялар комитетіне жолданып, техникалық тексеру жұмыстарына тапсырылса, қалғаны бойынша операторлардан ресми жауап алынған.
Ауылдық елдімекендердегі сапалы интернеттің болмауы білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта пайдалануға айтарлықтай кедергі келтіреді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде өңір бойынша 100-ден астам географиялық нүктеде тұрақты немесе толықтай мобильді байланыс жоқ екені анықталды.
Бұл ретте жергілікті органдардың да мүмкіндіктері шектеулі. Жақында ғана қабылданған заңнамалық өзгерістер арқылы байланыс сапасын бақылау құзыреті аймақтық деңгейге берілді. Дегенмен, операторларға тікелей ықпал ету, жедел шара қолдануға міндеттеу механизмдері әлі толық жетілдірілген жоқ.
Жаңа мүмкіндіктер мен шешімдер
Интернеттің ауылдық аймақтарға жетуі байланысқа, әлеуметтік және экономикалық дамуға да жол ашатын маңызды қадам. Бұл бағытта мемлекет тарапынан түрлі жобалар қарастырылған. Атап айтқанда, байланыс операторларына субсидия беру арқылы шалғай ауылдарға инфрақұрылым тартудағы экономикалық кедергілер еңсеріледі.
Қазіргі таңда облыста 179 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілуде. Оның аясында 109 мектеп, 90 медициналық мекеме және мемлекеттік органдардың 66 ғимараты жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Бұл ауылдық жерлерде білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерін жаңа деңгейге көтеріп, цифрлық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырмақ.
Сонымен қатар, облыс орталығында 5G желісі кезең-кезеңімен енгізілуде. Қарағанды қаласында бүгінде 52 базалық станция орнатылып, жыл соңына дейін тағы 45 станция іске қосылады. Бұл жаңа технология бизнес, білім және цифрлық қызмет көрсету салаларында тың серпін беріп, аймақтың инновациялық әлеуетін арттырады.
Константин Ильницкийдің айтуынша, «Интернет – ауыл тұрғындары үшін өркениетке ашылған терезе. Жаңа технологиялар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді».
Түйін
Ауылдарды интернетпен қамту – технологиялық жетістік, әлеуметтік жаңғырудың кепілі. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы арқылы ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтық қысқарып, барлық азамат үшін тең мүмкіндік қалыптасуда.
Жаңа инфрақұрылым білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға, ауыл кәсіпкерлігін өркендетуге жол ашады. Бұл, әсіресе, шалғай елдімекендердің жастарына үлкен мүмкіндік береді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»