«Қайраттың» ұпайы түгел
Әлемнің үздік клубтарының бірі испаниялық «Реал Мадридті» Алматыға келеді деп кім ойлаған? Күн сайын теледидардан ойынын тамашалап, әр жетістігіне сүйсініп отыратын футбол алыптарының табаны Қазақстан жеріне тиді. Бұл отандық футбол тарихындағы айтулы сәт. Жанкүйер қауым үшін баға жетпес әсер. Осындай тарихи мүмкіндікті сыйлаған алматылық «Қайрат» клубына алғыстан басқа айтары жоқ. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде шотландиялық «Селтикпен» тең түсіп, пенальти сериясында жолдан тайдырды. Бұл жерде осы кезеңге дейін алып келген қақпашы Темірлан Анарбековтің да үлкен үлесі барын сіз де, біз де жақсы білеміз. Дәл осындай тарихи сәтке жеткізген оған да ел ықыласы ерек. Жалпы, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы кездесу несімен есте қалды? Шолып өтелік…

Қайсібірін айтайық?! Бұл ойында кімнің жеңіп-жеңбейтіні бесенеден белгілі ғой. Алпауыт мадридтік команда дәл осы чемпиондар лигасының 15 мәрте жеңімпазы. Ал, отандастарымыз үшін бұл командамен бір алаңда ойнау – бақыт еді. Тіпті, үш ұйықтаса түске кірмейтін сәт. Дегенмен, ел болып тақым қыстық. Жанкүйер болдық. Ең болмаса қарсылас қақпасынан саңылау тауып, бір гол салармыз деген үміт те болды. Бірақ, карольдік клуб өз алаңымызда 0:5 есебімен ойсырата жеңіп кетті.
Билеттердің номиналды бағасы УЕФА-мен келісілген. 30 000 теңгеден бастап 250 000 теңгеге дейін аралықта сатылған. Туризм басқармасының e-Qonaq жүйесінің деректеріне сүйенсек, ойынды тамашалауға 26-29 қыркүйек аралығында 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келіпті. Одан бөлек, елдің басқа өңірлерінен келген жанкүйерлерді қосқанда, жалпы көрермен саны 10 мыңға жеткен. Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия және ТМД елдерінен келген. Mastercard мәліметінше, Алматыға келген шетелдік турист орта есеппен 1 500 АҚШ долларын жұмсады деседі. Ал, сарапшылар болса мұндай қаржының шағын және орта бизнестің дамуына оң серпін бергенін айтады.
Бұл ойында қақпашы Шерхан Қалмырзаның ерлігі күні бүгінге дейін жанкүйерлердің аузынан түскен емес. Жас та болса, жасындай жарқылдаған Шерхан бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, «Қайрат» қақпасын сақтап қалуға барын салды. Оның жанқиярлық ойыны тек қазақстандық көрерменді ғана емес, Еуропа футбол қауымдастығын да бей-жай қалдырмады. УЕФА Чемпиондар лигасының ресми аккаунты топтық кезеңнің екінші турындағы үздік төрт қақпашыны таңдапты. Солардың қатарынан «Қайраттың» ең жас қақпашысы Шерхан Қалмырза да бар. Аты аңызға айналған Килиан Мбаппенің қатты әрі дәл соққысын қайтара алған сәтін УЕФА мамандары ерекше бағалап, сол сейвті турдағы ең үздік деп таныған. Әрине, бұл – 18 жастағы жас қақпашы үшін үлкен құрмет.
Алғашқы айналымда қарсыластар тек бір гол ғана сала алды. Ал, отандастарымыз сәтті өнер көрсетіп, осы есепті сақтап қалуға барынша тырысты. Дегенмен, карольдік клуб екінші таймда «Қайраттың» әлсіз тұсын тапқандай болды. Ойын аяқталмай тұрып төрт гол соғып үлгерді.
Ойынның 67-ші минутында қарсылас команданың жартылай қорғаушысы Дани Себальос алматылық клубтың жартылай қорғаушысы Валерий Громыконы айып алаңында құлатты. Осы сәтте бас төреші Марко Гуида ойынды тоқтатып, «Қайраттың» пайдасына пенальти белген. Алайда, төреші VAR жүйесіне жүгініп, пенальтиді алып тастады. Бұл сәтте күллі қазақ елі «Қайрат» гол салады-ау деген үмітпен тыныстап қалды. Алайда үмітіміз су сепкендей сөнді.
Осы кездесуде шабуылшы Килиан Мбаппе хет-трик жасап, ойын соңында матчтың үздік ойыншысы атанды. Әлем назарын аударған, көптен күткен тарихи матч осылайша өз мәресіне жетті. Жанкүйерлер үшін бұл тек нәтижемен емес, үлкен тәжірибе мен эмоцияға толы сәттермен есте қалды. Енді отандастарымыз Чемпиондар лигасының үшінші турында Кипрдің «Пафос» клубымен сырт алаңда кездеседі. Бұл да осал қарсылас емес. Дегенмен, «Қайрат» үшін әр ойын – жаңа мүмкіндік.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»